ТӘРТІПТІҢ ТЕТІГІ – ТӘРБИЕ

Бауыр еті баласының жарқын болашағы үшін көп ата-ана тыраштанып жүр. Таңның атысы, түннің батысы жасалған тіршіліктің бәрі – бала қамы үшін. Барлық бала жылылықта, жайлылықта, ата-ананың құшағында алаңсыз өмір сүруге лайық. Алайда біз сол баланың қауіпсіздігін ескеріп жүрміз бе? Жақында Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Тәрбиелі, білімді ұрпақ – жарқын болашақ» атты тақырыппен кеңейтілген мәжіліс отырысы өтті. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің қатысуымен өткен жиында оқу жылының аяқталуы және мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын сақтау мен, бала тәрбиесі және басқа да өзекті мәселелер көтерілді. Оған аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен бітіруші сыныптардың сынып жетекшілері қатысты.
Жиын барысында аудан басшысы жалпы аудандағы білім саласындағы өзекті мәселелер мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.
– Қай қоғамда болмасын, қашанда ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысынан бастап ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, білім беруші мен білім алушыға мүмкіндігінше жағдай жасау, сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру бағытында, жалпы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін түрлі шараларды қабылдауда. Бүгінгі ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – қоғамның басты міндеті. Ал ендігі біздің міндет қоғам болып баланың бойына сапалы біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңірту, балалардың түрлі құқықбұзушылықтармен зиянды әрекеттерге бармауына жол бермеу бағытында бірлесе, жауапкершілікпен жұмыс жасау. Қай заманда, қай қоғамда болсын бала тәрбиесі отбасындағы негізгі құндылық болып саналған. Әрине, баланы ортаға бейімдеу, тәлім-тәрбие беруде мектептің рөлі үлкен. Алайда бүгінгі қоғамда мектеп-бала-ата-ана үштігі үйлесімді, тығыз жұмыс жасап, әр баланың тәрбиесімен тікелей айналысуы керек. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда бала тәрбиесінде ата-ананың да жауапкершілігін күшейту керек, – деді аудан әкімі.
Мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов білім саласында сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев суға түсу маусымындағы атқарылып жатқан жұмыстар және қауіпсіздік шаралары бағытындағы жұмыстар жайында баяндама жасады. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов пен білім беру саласының ардагері, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ұлдай Рашева отбасы құндылықтары, отбасындағы балаға тәрбие берудегі ата-ананың рөлі жайында сөз қозғап, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, суға түсу маусымы кезінде оқушылар мен балалардың қауіпсіздігіне баса назар аудару, барлық қала, кент және ауылдық округтер бойынша жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты ауыл әкімі, мектеп директоры, учаскелік полиция инспекторы, ардагерлер, әйелдер және қоғамдастық мүшелері, белсенді жастар мен жоғарғы сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын қатысуымен арнайы жиын өткізіп, түнгі рейдтік шаралардың жұмысын күшейту, демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап ата-аналармен тығыз байланыста болу және өзге де өзекті мәселелер жөнінде тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Оқу жылы аяқталды. Балалар жазғы демалысқа шығып, асыр салып ойнап жүр. Қолы бос баланың кейбірі үйде емес, далада жүреді. Ата-ана жұмыста. Келеңсіз жайттар бала жалғыз қалғанда не қараусыз жүргенде болады емес пе? Сол үшін ата-ана балаларына бақылау болуы қажет.
Айнұр ӘЛИ