Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға қойылған тыйымды ұзартуды жоспарлап отыр
Энергетика министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Шектеулер ішкі нарықты тұрақты жанармаймен қамтамасыз етуге бағытталған

Фото: © istockphoto.com

Фото: © istockphoto.com
Қазақстан мұнай өнімдерін экспорттауға қойылған шектеуді ұзартуы мүмкін. Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін бензинді, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен ел аумағынан шығаруға тыйым салу ұсынылып отыр.
Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге жөнелтілетін жеткізілімдерге де қатысты болады.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға тыйым енгізу жоспарланған.
Ұсынылып отырған шектеулер алты айға есептелген.
Сонымен бірге бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Тыйым гуманитарлық көмек ретінде жөнелтілетін жүктерге және Қазақстан Үкіметінің шешімімен жүзеге асырылатын экспортқа қолданылмайды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтуға бағытталған.











