Шағын өнеркәсіпті дамыту – аймақ экономикасының маңызды бағыты
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сол жағалаудағы шағын өнеркәсіп нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты.Алдымен өткен жылы ашылған «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағына барды. Мұнда ет, сүт, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар өндіретін 7 өндірістік цех жұмыс істейді. Шығарылатын өнімдер жергілікті тұрғындардың сұранысына, азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай.
«Syr Darya» коммуналдық базары қаладағы сауда инфрақұрылымын дамыту мақсатында ашылған. Базарда сапалы азық-түлік өнімдерін сатуға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне қолайлы жағдай жасалған. Аумағында азық-түлік, киім-кешек дүкендері мен тұрмыстық техника сататын сауда орындары бар. Қазіргі уақытта көтерме сауда орындарын орналастыру үшін ғимарат қайта жаңғыртылып бейімделуде.
Келесі нысан – өткен жылы іске қосылған «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-нің шағын өнеркәсіп аймағы. Мұнда тәулігіне 15 сантехникалық бұйым өндіретін, темір тор шығаратын өндірістік цехтар бар.
Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне шағын өнеркәсіпті, ондағы өндіріс ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі













