Аудан әкімі сот ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады
24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күніне орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге аудандық сот ұжымымен кездесіп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Кездесу барысында аудан әкімі сот жүйесінің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі судьялар мен сот қызметкерлерінің еңбегіне жоғары екенін жеткізді.
— Сот жүйесі – құқықтық мемлекеттің басты тіректерінің бірі. Сіздердің әділ шешімдеріңіз азаматтардың заңға деген сенімін арттырып, қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің сақталуына зор үлес қосып келеді. Ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Іс-шара барысында аудан әкімі аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Камшат Сәдуақасоваға мерекелік «Құттықтау» хатын табыстап, бірқатар сала қызметкерлерін «Алғыс хатпен» марапаттады.
Өз кезегінде аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Камшат Ашимқызы кәсіби мереке қарсаңында арнайы келіп, ізгі лебізін білдірген аудан әкімі мен құқық қорғау органдарының басшыларына алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.














