25 тонна алтын қайда кетіп жатыр? Қазақстандағы «қара кеншілердің» құпиясы

Фото:AI көмегімен жасалды
Абай облысында бағалы металдарды заңсыз өндіргендердің қызметі тоқтатылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірігіп Жарма ауданында заңсыз алтын өндірумен айналысқан топтың әрекетін әшкереледі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында барлау және заңсыз өндіру жүргізілген үш учаске анықталған.
Тексеру кезінде алтын түстес металл, кенді байытуға арналған жуу жабдықтары, арнайы техника мен автокөліктер тәркіленді. Қазіргі уақытта заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі мен мемлекетке келтірілген шығын анықталып жатыр, – деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Алайда бұл оқиға тек заң бұзушылық мәселесі ғана емес. Заңсыз кен өндіру экологияға да ауыр зардап әкеледі.
Заңсыз алтын өндірудің ең үлкен зияны қандай?
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар кезінде жердің құнарлы қабаты сыдырылып, табиғи ландшафт бұзылады. Соның салдарынан топырақ эрозиясы күшейіп, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасы жойылады.
Экологтардың пікірінше, заңсыз өндірушілердің көбі қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтамайды. Кей жағдайда алтынды бөліп алу үшін химиялық заттар қолданылып, олар жер асты сулары мен өзен-көлдерге таралуы мүмкін. Бұл адамдардың денсаулығына да, ауыл шаруашылығына да қауіп төндіреді.
Әлемдік нарықта алтын бағасының жоғары болуы заңсыз өндірушілердің көбеюіне әсер етеді. Олар лицензия алмай, салық төлемей және экологиялық талаптарды орындамай жұмыс істейді. Нәтижесінде мемлекетке экономикалық шығын келіп қана қоймай, табиғатқа орны толмас зиян тиеді.
«Жылына 25 тонна алтын заңсыз қазып алынады»
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда соңғы 4 жылда заңсыз алтын өндіру мен ұрлаудан келген шығын 1,5 млрд теңгеден асып кеткен. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновке бұған дейін Сенат депутаты Андрей Лукин мәлімдеген болатын.
Сенатордың айтуынша, кейінгі 1 жылда 25 тоннаға жуық алтын заңсыз өндірілген. Соңғы төрт жылда Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымымен байланысты 133 қылмыстық құқық бұзу тіркелген.
Қазіргі кезде Қазақстан аумағында алтын өндіретін 42 кәсіпорын тіркелген. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, 2020-2023 жылдар аралығында заңсыз алтын айналымына қатысты 7 іс тергелген. Олардан келген шығын 1,5 млрд теңгеден асқан, – деді депутат.
Сенатордың айтуынша, алтынды заңсыз өндіретін кеншілердің ісіне тоқтау болмай тұр. Заңды түрде өндірілген 3 тонна алтынға 1 тонна заңсыз өндірілген асыл темір келеді екен. Яғни жылына 25 тоннасы заңсыз қазып алынады. Депутат 50-100 адамнан құралған заңсыз кеншілер шахталарға шабуыл жасап, инфрақұрылымды құрататынын айтады.
Сенатор бұл мәселені алтын кен орындарындағы бақылауды күшейту арқылы шешуге болады деп отыр.











