Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне жер учаскелерін 49 жылға береді
Фото:depositphotos.com
Қазақстан мен Қырғызстан Астана мен Бішкек қалаларынан елшіліктер үшін бір-біріне жер учаскелері мен коттедждер береді. Тиісті заңды Сенат депутаттары мақұлдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жер қандай шарттармен бөлінеді?
Заң жобасында екі елдің өз астаналарында төмендегі нысандарды орналастыру үшін ғимараттар мен жер учаскелерін тегін беретіні айтылған:
- екі мемлекеттің елшіліктері;
- Төтенше және өкілетті елшілердің ресми резиденциялары.
"Заңның негізгі мақсаты - өзара тиімділік пен теңдік қағидаттары негізінде Қазақстан мен Қырғызстанның дипломатиялық өкілдіктерінің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасау", – делінген құжатта.
Тараптар ғимараттар мен жерді 49 жылға береді.
Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Астанада Қырғызстанға елшілік салу үшін алаңы 0,74 гектар учаске және елші резиденциясы үшін ауданы 1267 шаршы метр болатын бөлек коттедж бөледі.
Қырғызстан Бішкекте Қазақстанға елшілік орналастыру үшін алаңы 0,75 гектар учаске және елші резиденциясы үшін ауданы 531 шаршы метр болатын коттедж береді. Әр ғимараттың өз аумағы болады.
"Аталған жылжымайтын мүлік екі мемлекетте алынатын салықтар мен алымдардың барлық түрінен босатылады. Тараптар ғимараттарды салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға, сондай-ақ қабылдаушы мемлекетте қолданылатын тарифтерге сәйкес коммуналдық қызметтерге жұмсалатын барлық шығындарды өздері төлейді", – деп атап өтті Сенат депутаты Андрей Лукин.
Еске сала кетейік: 2025 жылғы наурызда Мәжіліс депутаттары Қазақстанда дипломатиялық нысан салу үшін жер учаскесін беру туралы АҚШ-пен келісімді мақұлдаған болатын. Сөз 49 жылға берілетін, ауданы 70,6 мың шаршы метр учаске туралы болып отыр.
Елдер арасындағы келісімге 2024 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте қол қойылды. Құжатқа сәйкес, АҚШ учаскені жалға алғаны үшін 25,3 миллион долларды келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде бір төлеммен төлеуі тиіс.












