Сенат қазақ-қырғыз шекарасында сауда-логистикалық кешен құруды көздейтін заңды мақұлдады
Кешеннің жалпы ауданы 7,6 шаршы км болады деген жоспар бар.
Фото: World of NAN
Сенат қазақ-қырғыз шекарасында сауда-логистикалық кешен құруды көздейтін заңды мақұлдадыФото: World of NAN
Сенат Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы "Қарасу" және "Ақ-Тілек" автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңын мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенат Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы "Қарасу" және "Ақ-Тілек" автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңын мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келісімнің мақсаты - Қазақстан тарапынан "Қарасу" және Қырғыз тарапынан "Ақ-тілек" автожол өткізу пункттері ауданында шекара маңындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен құру. Тиісті кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы Үкіметаралық келісімге 2023 жылғы 9 маусымда Астана қаласында қол қойылды.
Келісімде кешеннің жалпы ауданы 7,6 шаршы км деп белгіленеді, оның ішінде Қазақстан бөлігінің ауданы - 3,6 шаршы км, Қырғызстан бөлігінің ауданы - 4 шаршы км.
"Көрші елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту отандық экономиканы дамытудың маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Қазақстанның Қырғызстанмен өзара саудасы қарқынды дамып келеді. 2020 жылдан бастап екі ел арасындағы тауар айналымы 2 есеге өсіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,6 млрд долларға жетті. Бұл ретте, қазақстандық тауарлардың Қырғызстанға экспорты көрсеткіші өткен жылғы Қырғызстандық импорттан 2 есе асып, 1,1 млрд долларды құрады. Бүгінгі таңда Қырғызстанның сыртқы сауда айналымында Қазақстан ерекше рөл атқарады және Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші ірі сауда серіктесі болып табылады", - деді сенатор Бауыржан Қаниев.
Айтуынша, екі ел басшылары 2030 жылға дейін тауар айналымын екі есеге ұлғайту және оны 3 млрд долларға жеткізу бойынша тапсырма қойып отыр.
"Осыған байланысты, "Қарасу" және "Ақ-Тілек" автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру екіжақты ынтымақтастықты жандандыру және өзара тауар айналымын ұлғайту ғана емес, сонымен қатар үшінші елдермен сауданы кеңейту және халықаралық тауар өндіруші жүйелерге тиімді ықпалдасу үшін қажетті қадам болып табылады", - деді Сенат депутаты.