Өркендеудегі өнегелі кездесу
Өркендеу ауылдық округінде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» жобасы аясында Әкелер күніне орай «Менің тату отбасым» атты тағылымды кездесу кеші өтті.Шараны Өркендеу ауылдық округі әкімі аппараты жанындағы «Жанкент жастары» ұйымы мен Жанкент ауылдық мәдениет үйі және ауылдық кітапхана бірлесіп ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – қоғамдағы әкелердің орны мен рөлін ұлықтап, отбасылық құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау.
Кештің құрметті қонағы – еңбек адамы, өнегелі отағасы Мейрамбек Нұрыллаұлы болды. Іс-шараны «Жанкент жастары» ұйымының төрағасы, мәдениет үйінің әдіскері Талап Алтынбекұлы жүргізіп, ауыл әкімі аппараты атынан Мейрамбек Әуезовке Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, мәдениет үйінің ұжымы мен ауыл жастары атынан ізгі ниет білдіріліп, сый-сияпат жасалды.
Мәдени-танымдық кеш барысында Жанкент ауылдық кітапханашысы НазеркеНәдірова Әуезовтер отбасына «Салт-дәстүр құндылықтары» атты кітапты сыйға тартты.Шараға атсалысқан кәсіпорын басшысы Болатбек Рсалы, сондай-ақ Айткүл Жеткербаева, Наргүл Амангелдіқызы және Нұргүл Қасқырбайқызы кештің мазмұнын байыта түсті. Өнерпаз қызметкерлер Мұхтар Шахановтың «Әке туралы жырын» нақышына келтіре орындап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.Кездесу соңында Әуезовтер әулетінің ардақты анасы, еңбек ардагері Оңдаш Бегалы жастарға ақ батасын беріп, өсиетін айтты.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ














