2027 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болуы мүмкін
Алдағы 5 жыл Жер тарихындағы ең ыстық кезеңдердің бірі болуы мүмкін.
Фото: Жасанды интеллект
Фото: Жасанды интеллектАлдағы 5 жылда әлем жаңа климаттық рекордтарға куә болуы мүмкін. БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) жаңа баяндамасына сәйкес, 2026-2030 жылдар аралығында жаһандық температура рекордтық деңгейде сақталып, кей жылдары бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер тіркелуі мүмкін.
2027 жылы рекорд болуы мүмкін
2027 жылы рекорд болуы мүмкін
ДМҰ болжамынша, 2026-2030 жылдар аралығындағы жылдардың бірі бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін. Бұл ықтималдық 86 пайызға бағаланған.
Мамандардың болжамынша, жаңа рекорд 2027 жылы тіркелуі мүмкін. Бұған Тынық мұхитындағы Эль-Ниньо климаттық құбылысының күшеюі әсер етуі ықтимал.
Баяндаманың жетекші авторларының бірі Леон Хермансонның айтуынша, 2026 жылдың соңына қарай Эль-Ниньо қалыптасуы мүмкін, бұл 2027 жылдың температуралық рекорд орнату ықтималдығын арттырады.
Температура қауіпті межеден аса ма?
Ғалымдардың есебіне сәйкес, 2026-2030 жылдары Жердегі орташа температура 1850-1900 жылдардағы деңгейден 1,3–1,9 градусқа жоғары болуы мүмкін.
Сонымен қатар, алдағы бес жылда кемінде бір жылдың орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңнен 1,5 градусқа жоғары болу ықтималдығы 91 пайызға жеткен.
Бұл көрсеткіш Париж климаттық келісімінде белгіленген негізгі шектердің бірі саналады. Алайда сарапшылар бір реттік рекордтар ұзақмерзімді мақсаттардың толық орындалмай қалғанын білдірмейтінін айтады.
Арктикада жылыну күшейеді
Баяндамада Арктикадағы температура өсімі әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болатыны айтылған.
Ғалымдар алдағы жылдары Арктикадағы температура аномалиялары күшейіп, мұздықтардың еруі мен климаттық өзгерістердің жылдамдауына әсер етуі мүмкін деп болжайды.
Климаттық өзгерістер жиілей ме?
ДМҰ баяндамасы 13 халықаралық ғылыми институттың болжамдары негізінде дайындалған. Ұйым өкілдері бұл болжамдардың сенімділігі жоғары екенін айтады, себебі алдыңғы модельдер температура өзгерістерін дәл болжай алған.
Сарапшылардың айтуынша, климаттық рекордтар енді сирек құбылыс емес, керісінше жиілейтін жаңа үрдіске айналып барады.
Еске салайық, бұған дейін Қазгидромет мамандары биылғы жаз ерекше ыстық болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Мамандардың сөзінше, биыл 1983 жылы тіркелген тарихи температура рекорды да жаңаруы мүмкін.












