Қазалыда тарихи танымдық ресми конференция өтті
Қазалы аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Ел бірлігін сақтаған Өтебас би» атты тарихи танымдық ресми конференция өтті.
Конференцияда алғы сөз сөйлеген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев:
«Киелі Сыр жұрты қашаннан қандай қаталдық пен қатігездік болса да қаймықпай, қасқайып қарсы тұратын қайсар қасиетке ие. Тәуелсіздігін тәңір сыйы ғана емес, табанды күрес жеткізген биік бақыт деп бағамдайтын осындай құнарлы топырақтан алты алашқа аты мәшһүр айтулы азаматтар шыққан. Оның бірі – қолына найза алып, кеудесін отқа тосқан жау жүрек батырлар болса, бірі от ауызды, орақ тілді, сөзіне дүйім жұртты тоқтата білген билер. Сол билердің бірі – Әйтеке би баласы Өтебас би. Халық даналары «Елге бай құт емес би құт» деген. Сондықтан ұланғайыр даланың ұлтарақтай жерін жау уысына түсірмей, сөз құдіретін біліп, теңдік үшін жаны мен арын пида етіп, бүгінгідей ұрпаққа аманаттаған бидің ерлігі біздің жадымыздан ешқашан өшпек емес. Осындай бабаларымыздың тарихтағы лайықты тұғырына көтеріп, ұлттық өредегі мақтанышқа балап, азаттыққа ұмтылған жолда ұлттық тұтастыққа кепіл болатын тетікке айналдыру – ұрпақ алдындағы басты парыз, – деген аудан басшысы тарихи танымдық шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандарды аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Сонымен қатар баба рухына тағзым етіп, Қазалы ауданында бас қосып жатқан қонақтарға алғысын жеткізді.
Мұнан соң сахна төріне Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы Нәжмәдин Мұсабаев көтеріліп, Әйтеке биді ұлықтаудағы ұлы істер туралы баяндады. Сол секілді тарихшы, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабаев Әйтеке бидің тарихи тұлғасын зерттеудегі деректері жайлы сөз етті. Бұдан бөлек, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіт Өтебас бидің қызметі мен өмірі жайлы айтып өтсе, зейнеткер, Өтебас бидің тікелей ұрпағы Сұлтангерей Шекеев Қазалы ауданындағы ұрпақтарына қатысты жер-су аттарын қозғады.
Мәдениет үйіндегі басқосу мұнан әрі жыршы-жыраулардың мүшәйрасына жалғасты. Жырларына Әйтеке би мен оның ұлы Өтебас биді қосқан олар қонақтардың құлақ құрышын қандырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Тағылымы мол шара аясында «Бабалар рухына тағзым» атты кітаптың тұсауы кесілді. Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы Нәжмәдин Түрікбенұлы жырауларды Жалаңтөс Баһадүр атындағы Құрмет грамотасымен марапаттап, арнайы қаржылай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, алыс-жақын аумақтардан келген баба ұрпақтарына тұсауы кесілген кітаптар таратылды.