Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылым мен талғам тоғысқан

Тағылым мен талғам тоғысқан

Адам жаны кейде көктемгі жауынға зәру аспандай мүлгіп, рухани нәр іздеп тұратыны бар. Осындай сәттерде жүрекке жылу, көңілге медет сыйлайтын бір ғана құдіретті мекен бар десек, ол – театр. Себебі театр – тірі өнердің тамыры. Ол адам жанының терең қатпарларын қозғап, өмір шындығын боямасыз бейнелейтін, сезім мен санаға қатар әсер ететін руханият ордасы.
Осы киелі өнердің мәні мен тәрбиелік тағылымын көпшілікке кеңінен насихаттау мақсатында Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі режиссер әрі талантты сценарист Насыр Баекеевтің 80 жылдығына арналған «Театр – өмір айнасы» атты аймақтық халық театрлары байқауы өтті. Таңнан кешке дейін жалғасқан бұл тағылымды шара өнер мен шабыттың, руханият пен шығармашылықтың үлкен мерекесіне айналғандай.
Кенттік мәдениет үйінің байқауға жан-жақты дайындалғанын бірден аңғаруға болады. Бағдарламаның мазмұны да соны айқын көрсетті. Алдымен олар арнайы келген қонақтарды ерекше ілтипатпен қарсы алып, қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетті. Өнер додасына қатысу үшін келген Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының театр ұжымдары қызыл кілеммен жүріп өтіп, салтанатты шараның сәнін келтірді. Кенттік мәдениет үйінің қызметкері Мөлдір Малдыбаева келген қонақтар мен әріптестерге ыстық ықыласын білдіріп, шығармашылық додаға сәттілік тіледі.
Мұнан соң Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы мәдени ақпараттандыру бөлімінің меңгерушісі, театр сыншысы, Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі Ұлболсын Мұхамбетқызы халық театрларының режиссерлері мен драма үйірмесі жетекшілеріне арнап «Режиссер мен актер: бірлескен шығармашылық» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді.
Шеберлік сағаты барысында театр өнерінің терең қырлары, режиссер мен актер арасындағы шығармашылық үндестік, сахналық образды ашудың жолдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, театр ұжымдары мен үйірме мүшелері кәсіби бағыт-бағдар алды. Сонымен қатар қатысушылар сахна мәдениеті мен актерлік шеберлікті шыңдау төңірегінде құнды пікірлер айтылып, тағылымды ойларын ортаға салды.
Байқаудың келесі кезеңі Насыр Баекеевтің ұзақ жылдар еңбек еткен қасиетті шаңырағында жалғасты. Мұнда арнайы құран бағышталып, отбасы атынан келген қонақтарға қонақасы берілді. Құран оқылып, дұға жасалған тағылымды басқосуда жиналған қауым оның өнегелі өмір жолы мен өнердегі биік болмысын ерекше ықыласпен еске алды. Өркендеу ауылдық клубының басшысы Болатбек Рсалы өзін Насыр ағамыздың кейінгі буын шәкірттерінің бірі екенін айтып, ұстазының тәлімге толы ғибратты сөздері мен естеліктерін бөлісті. Ол Насыр Баекеевтің қайратты да білімді, өнерге адал жан болғанын тебіреніспен әңгімеледі. Сонымен бірге Насыр Баекеевтің аға-інілері сөз сөйлеп, осындай тағылымды шараны ұйымдастырған мекеме басшылығы мен ұжымына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Тағылымды кездесу Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі әрі режиссер Бақытбек Макеевтің бастамасымен ұйымдастырылған пресс-конференцияға ұласты. Басқосу барысында театр саласын дамыту мәселелері, байқауға ұсынылған спектакльдердің дайындық жұмыстары, актерлік құрамды іріктеу және оларды кәсіби сахнаға бейімдеу жолдары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар халықтың театр өнеріне деген қызығушылығын арттыру, көрерменнің рухани дүниесін байыту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар мен жаңа шығармашылық идеялар талқыланды.
Кездесуге Арал аудандық мәдениет орталығының режиссері Диана Кеңес, Қармақшы аудандық мәдениет орталығы жанындағы халық театрының режиссері Мадияр Махамбет және Қазалы қалалық мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері Бақыткелді Надиров қатысып, театр өнерінің бүгіні мен болашағы жайлы мазмұнды пікір алмасты.
Шара аясында арнайы көрме де ұйымдастырылып, онда Насыр Баекеевтің шығармашылық ғұмыры мен өнегелі өмір жолын танытатын құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге режиссердің жеке тұтынған заттары, баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары, жұмыс үстелі мен орындықтары, компьютерлері, сценарий жинақтары және тарихи фотосуреттері қойылып, келушілерге кеңінен таныстырылды.
Одан кейін «Театр – өмір айнасы» атты аймақтық халық театрлары байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға арнайы қатысқан «Amanat» партиясы филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Әліш Ғазиз Насыр Баекеевтің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, оның қазақ мәдениеті мен театр өнеріне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Насыр Баекеев – бар саналы ғұмырын мәдениет саласына арнап, театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Оның сахналаған қойылымдары мен жазған шығармалары көрермен жүрегінен орын алып, уақыт өткен сайын рухани құндылық ретінде жаңғырып келеді. Бұл байқау – майталман маманның мол мұрасын жас ұрпаққа насихаттап, театр өнеріне деген құрмет пен жауапкершілікті арттыруға, сондай-ақ халық театрлары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға ықпал ететін маңызды шара. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Әліш Ғазиз.
Сонымен бірге Ғазиз Әлмәмбетұлы аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлының атынан Арал аудандық мәдениет орталығы жанындағы халық театры ұжымына, Шамшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрына, Қазалы қалалық мәдениет үйі жанындағы халық театрының шығармашылық ұжымына және облыстан келген қонақтарға ыстық лебізін жеткізді.
Байқау барысында Насыр Баекеевтің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар Насыр Баекеевтің сөзіне жазылған әндерді Кәмшат Кубекова мен немересі Жансая Баеке орындап, кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Кейін әр ауданнан келген театр ұжымдары көрермен назарына өз қойылымдарын ұсынды. Театрлар арасындағы тартысты додаға Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы мәдени ақпараттандыру бөлімінің меңгерушісі, театр сыншысы, Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі Ұлболсын Мұхамбетқызы, мәдениет саласының ардагері, театр ойыншысы Бижан Құрманбай және аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы, ақын Есет Табынбаев қазылық етті.
Байқау аясында Арал аудандық мәдениет орталығы жанындағы халық театры Сая Қасымбектің «Лифт» спектаклін, Ш.Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» спектаклін, ал Қазалы қалалық мәдениет үйі жанындағы халық театры Мұрат Қолғанаттың «Мұғалім» спектаклін сахналады.
Байқауға қатысқан театр ұжымдары кәсіби шеберлігімен, сахна мәдениетімен және көркем қойылымдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Қазалы қалалық мәдениет Үйі жанындағы халық театры ұжымына бұйырса, екінші орынды Арал аудандық мәдениет орталығы жанындағы халық театры иеленді. Ал Қармақшы ауданындағы Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы халық театры үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. Қазалылық Аралхан Ғасырбек «Үздік актер» атанса, қармақшылық Гүлфариза Шахарова «Үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болды. Ал аралдық Дана Жоламанова «Үздік суретші», Диана Кеңес «Үздік режиссер» аталымдарының жеңімпазы деп танылды.
Байқау соңында мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Орақ Баубеков ақ батасын беріп, ізгі тілегін арнады. Сонымен бірге Насыр Баекеевтің отбасы мүшелері сөз сөйлеп, әділқазы алқасына және қолдау білдірген кәсіпорын басшыларына шынайы алғыстарын жеткізіп, сый-сияпат табыстады.
Осылайша таң сәріден кешке дейін жалғасқан мазмұнды байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Аудан әкімдігінің қолдауымен және Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен өткен, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, режиссер әрі сценарист Насыр Баекеевтің 80 жылдығына арналған «Театр – өмір айнасы» атты аймақтық байқау халық театрлары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып қана қоймай, театр өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын дәлелдеді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
19 мамыр 2026 ж. 22 0

Жаяуға да жол керек

19 мамыр 2026 ж. 44

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031