Баспанада байыпты бастама бар
«Өз үйім – өлең төсегім» деп бас панасына асыққандарды көрсек, қуанамыз. Уақыт ағынымен қарыштап дамыған заманда, қолжетімсіздік үй алуға талғажау болып тұр. Сонау 2000-шы жылдардан бері жылжымайтын мүлікке қол жеткіземін деп жылжымайтын кезекте телмірген талайын көрдік. Ал елдегі түрлі тұрғын үй бағдарламасын бекітудегі мақсат – халықтың баспаналы болсам деген арманын ақиқатқа айналдыру еді. Нәтиже қандай? Ел сенімі үдеден шықты ма?Баспана – әрбір шаңырақтың тірегі, тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімділігінің кепілі. Аудан халқын, оның ішінде әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда аймақта, ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Gov.kz мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасындағы мәлімет бойынша, 2026 жылы барлығы 11 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 6 нысан 2025 жылдан өтпелі, 5-еуі жаңа нысан. Бұл жобаларды іске асыруға 2026 жылға республикалық бюджеттен 1 481,8 мың теңге, облыстық бюджетен 431,9 миллион теңге, барлығы 1 913,7 миллион теңге қаржы бөлінген.
МІНДЕТ ПЕН МЕЖЕ
Әрине, халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартудың басты көрсеткіші – заманауи инфрақұрылым және қолжетімді баспана. Бұл бағытта аймақта ауқымды жобалар биыл да өзінің жүйелі жалғасын тауып жатыр. Аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен іргелес елді мекендердегі инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жаңа серпінмен басталды.
Тұрғын үй құрылысы – аудан дамуының басты қозғаушы күшінің бірі. 2026 жылға аудан бойынша пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемінің нақты жоспары бекітілген. Жыл соңына дейін ел игілігіне 57 мың шаршы метр баспана табыстау көзделіп отыр. Бұл –жүздеген отбасының өз шаңырағына қол жеткізуіне жол ашатын ауқымды көрсеткіш.
Айта кетерлігі, бұл бағыттағы жұмыстар қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жылдамдық алып үлгерді. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы 3 айының қорытындысы бойынша ауданда 12 485 шаршы метр тұрғын үй көлемі ресми түрде пайдалануға берілді. Осылайша, алғашқы тоқсанда-ақ жоспардың айтарлықтай бөлігі орындалып, ондаған отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді.
Ауданда тек жаңа тұрғын үйлер салып қана қоймай, қолданыстағы баспана қорын сақтау және олардың эстетикалық келбетін жақсарту мәселесі де басты назарға алынған. Тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тартумен қатар, көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу ісі кезең-кезеңімен атқарылуда.
Осы орайда биылғы жоспарға сәйкес, Әйтеке би кентіндегі заман талабына сай жаңартуды қажет ететін көпқабатты 4 тұрғын үйдің қасбеттерін (фасадтарын) ағымдағы жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 16,7 миллион теңге қаржы қаралған. Бұл жұмыстар көпқабатты үйлердің тозуының алдын алып, аудан орталығының сәулеттік ажарын мүлдем жаңа деңгейге көтермек. Қазіргі уақытта аталған жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде атқаратын мердігер мекемелерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу процедуралары қызу жүргізілуде. Аудан басшылығы мен жауапты сала мамандарының қатаң бақылауында болатын бұл жөндеу жұмыстары кент тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың айқын көрінісі болмақ.
Аудандағы құрылыс қарқыны соңғы уақытта жаңа белеске көтерілді. Басталған әрбір жоба өз жемісін беріп, көңіл қуантуда. Мәселен былтыр халықтың әлеуметтік осал топтарын заманауи әрі жайлы баспанамен қамту бағытында үлкен қадам жасалды. Аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арнайы 2 пәтерлі 40 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сапалы әрі тиянақты салынған бұл үйлер ауданымыздағы көптен күткен үлкен қуанышқа септігін тигізді. Жаңа жоба аясында 80 отбасы өз үйінің кілтін алып, баспана қуанышына бөленді. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандарды тәрбиелеп отырған шаңырақтар мен толық емес отбасылар бар. Жайлы да кең, заманауи талаптарға сай салынған бұл үйлер аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түскені сөзсіз.
Айта кеткен жөн, Қызылорда қаласында жақында сол жағалаудағы 10 тұрғын үй кешенінің 600 пәтерін иелеріне табыстау рәсімі өтті. Бүгінде сол жағалауда 169 нысан бар, 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 әлеуметтік және 13 бизнес нысаны жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мұнда 47 құрылыс салынып жатыр. Оның 25-і – көпқабатты тұрғын үй, 20-сы – кәсіпкерлік нысан, бір аурухана және бір емхана.
ҚАДАМ МЕН ҚАМ
Миллионға жуық қазақстандық баспана кезегінде тұр. Олардың тізімін қазір Отбасы банк жүргізіп жатыр. Былтырғы мәлімет бойынша, кезекте тұрған азаматтар саны - 967 мың. Оның 647 мыңы бұрын жергілікті атқарушы органдар арқылы тіркелгендер. Бұрын тізім реттік нөмірлер арқылы жасақталса, қазір өтініш берген күнге қарай қалыптасады. Яғни кім бұрын кезекке тұрса, сол ертерек алады. Бірақ басымдыққа ие азаматтар санаты бар.
Елде заңда белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан мұқтаж азаматтарға төменгі пайызбен тұрғын үй беріледі. Мұндай баспана ҰОС ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары (мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, қандастар т.б.), мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым жұмысшылары, жалғыз тұрғын үйі апатты азаматтарға беріледі. Ал бұл санатқа жатпайтын, бірақ баспанаға мұқтаж азаматтар төменде тізімде көрсетілген бағдарламалар арқылы баспана сатып ала алады. Олар «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер», «Менің үйім», «Көпір несиесі», «5-10-20» Шаңырақ, «Елорда жастары», «Жас отбасы», «9-20-25» және «7-20-25» бағдарламасы. Бұлардың әрқайсысының өз шарты бар. Екінші реттік тұрғын үй үшін ипотека барын да естен шығармаған абзал. Қазір жылжымайтын мүлік нарығында қолжетімді ипотека аз.
«Үй кезегіне» не «жер кезегінде» қашан тұрдың деп сұрасаң, «10 жылдан асты ғой» деп күрсінетіндердің саны аз емес. «Үйсіздер» кезегі аталғанмен, анығында, бұл – мемлекеттен үй алуға дәмелі жандардың, үкімет қолдауынан үмітті азаматтардың тізімі. 90-жылдардың аяғынан – 2000-жылдардың басынан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандар қазір үмітін үзгендей. Ұсынылған баспана бағдарламаларының жәй-жапсарын да көріп отырған боларсыз. Ешқандай санатқа жатпайтын адамдар қажырлы еңбек етіп, жылдар бойы тірнектеуі керек. Сондықтан жеке шаршы метрге иелік етуді көздеген азаматтар баспаналы болу үшін өз бетінше қам жасағаны жөн-ақ. Қош.
Ауданда жыл сайын қоныс той тойлап, баспана кілтін алу рәсімі дәстүрге айналғандай. Үй кезегіне тұрып, уақытымен жайлы үй-жаймен қамтылғандарды көріп ауданда әлеуметтік мәселелердің жүйелі түрде шешіліп жатқанын аңғарасың. Биыл да ауқымды құрылыс пен жаңғырту жұмыстары жалғасын тауып, ауданның баспана әлеуетін одан ары нығайта түспек.
Айнұр ӘЛИ,
Коллаж автордікі













