Кітапхана: интеллектуалды ұлттың бастауы
Кітапхана – ғасырлар бойы қалыптасып, дамып келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің ордасы. Жанға жайлы мекен ғана емес, оқырман мен білім әлемі арасындағы алтын көпір. Өркениетті қоғамда кітапхананың рөлі тек кітап берумен шектелмей, өзінің ұлттың интеллектуалды капиталы жинақталған стратегиялық орталық екендігін ұғындырып отыр. Бүгінде елімізде кітапхана ісін дамыту мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың біріне айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде кітап оқу мәдениетін көтеру мен кітапханаларды жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді.
Газет тілшілері жақында руханият ошағы, мәдениет мәйегі – аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жұмысына терең бойлады.
Газет тілшілері жақында руханият ошағы, мәдениет мәйегі – аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жұмысына терең бойлады.
Мемлекеттік маңыз
«Кітапхана – жай ғана кітап қоймасы емес, бұл – білім мен мәдениеттің, руханияттың мәйегі. Біз оқырман ұлтқа айналуымыз керек», – деген Президент бастамасы кітапханалардың жаңа тынысын ашты. Қазіргі таңда еліміздегі кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нығайып, олар заманауи коворкинг орталықтарына айналуда. Бұл – цифрлық дәуірде де кітаптың құны жойылмайтынының айқын дәлелі.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдердің қай-қайсысы болсын, алдымен кітапхана мәдениетін қалыптастырған. Өркениетті елдерде кітапхана – қоғамдық ой-пікір мен шығармашылықтың ошағы. Ол жерде тек студенттер мен ғалымдар ғана емес, бүкіл қауымдастық бас қосады.
Кітапхананың негізгі функциялары қандай міндеттерді қамитыны жөнінде Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назаровадан сұрап-білдік.
«Қазіргідей білім мен ғылым, өркениетке деген ұмтылыс артқан шақта кітапхананың маңызы одан әрі арта түсті. Қазіргі кітапхана ісі – ақпараттық хаб. Яғни әлемдік, ұлттық және әмбебап ақпарат көздерін жинақтап, оқырманға қолжетімді ету мақсатына күш жұмылдырады.
Екіншіден, рухани тәрбие ошағы. Төл құндылықтар мен тарихты жас ұрпақтың санасына сіңіру бағыты – басты жұмыстарымыздың бірі.
Үшіншіден, интеллектуалды алаң. Жаңа идеялар мен ғылыми жаңалықтардың талқыланатын орны», – дейді мекем басшысы.
Сырдағы басты білім шырағы
Тарих парақтарын парақтасақ, әр өлкенің өз киесі, өз мақтанышы болады. Сыр бойы үшін сондай қасиетті мекеннің бірі осыдан 120 жылдан астам уақыт бұрын іргесі қаланған, аймақтағы ең алғашқы білім ордасы – Қазалы кітапханасы екенін бірі білсе, бірі білмейді.
Ағаш сандықта – алтын қорға дейін үздіксіз үдеріске ілесіп жұмыс істеп келе жатқан орынның халық үшін бағасы биік, құны жоғары, орны қастерлі.
Бізге жеткен деректерге үңілсек, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ даласы үшін ояну кезеңі болды. 1900 жылдың 2 желтоқсаны күні ескі Қазалы қаласында алғашқы кітапхана есігін айқара ашты. Бар болғаны 437 дана кітаппен және 113 тұрақты оқырманмен жұмысын бастаған қарашаңырақ кейіннен үлкен рухани империяға айналарын білді ме екен?..
Игі істің басында Ресейден жер аударылып келген зиялылар мен қазақ жастарының бірлігі тұрды. Жастардың қойған қойылымдарынан түскен тиын-тебен жиналып, кітап қорына айналды. Бұл – білімге деген құштарлықтың нақты үлгісі еді.
Кітапхана қызметкерлері аудандық кітапхананы «Ұлылар ізі қалған мекен» деп ерекше мақтанышпен атайды. Мұнда атбасын бұрған қандай парасат иелері, кітапсүйер қауым болса да, тарихи мекеменің алғашқы беталысы кім-кімді де ойлантпай, сүйсінтпей қоймайды.
1827–1914 жылдары өмір сүрген, атақты орыс саяхатшысы, географ, қоғам қайраткері және жаратылыстанушы, Пётр Петрович Семёнов-Тянь-Шанский есімі әлемдік ғылым тарихында, әсіресе Орта Азия мен Қазақстанның табиғатын зерттеуде ерекше орын алады. Тянь-Шань биік таулы жүйесін ғылыми тұрғыдан жүйелеген алғашқы еуропалық ғалым, Хан Тәңірі шыңын алғашқылардың бірі болып сипаттап, таудың геологиялық құрылымын, мұздықтары мен өсімдік жамылғысын зерттеген, ғылымда қалыптасқан «Тянь-Шаньда жанартаулар бар» деген қате тұжырымды теріске шығарып, Сырдария, Шу және Іле өзендерінің бассейндерін зерттеп, картаға түсіргені көпке мәлім.
Қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановты қолдап, оған Қашқарияға сапар шегуге және орыс географиялық қоғамына мүше болуға қолдау көрсеткен жақын досы әрі ұстазы болған азамат тек саяхатшы ғана емес, ағартушылыққа жаны құштар болған.
Қазалы қаласындағы Сыр бойындағы алғашқы кітапхананың ашылуына ақыл-кеңес беріп, өзінің жеке қорынан 200-ге жуық кітап сыйға тартуы – оның қазақ даласындағы білім мен мәдениеттің дамуына қосқан нақты үлесінің айғағы. Оның қолтаңбасы қойылған сол кітаптардың бір бөлігі әлі күнге дейін «Алтын қорда» сақтаулы.
Лев Семенович Берг – әлемге әйгілі энциклопедист-ғалым, географ, биолог және ихтиолог. КСРО Ғылым академиясының академигі, КСРО География қоғамының президенті болған оның есімі Қазалы өңірімен және Арал теңізімен тығыз байланысты.
Орта Азия мен Қазақстанның климатын, көлдерін зерттеуде соны соқпақ салған. Жер бедерінің зоналық табиғаты туралы ілімді негіздеген.
Л.С.Берг 1900–1902 жылдары Ресей географиялық қоғамының тапсырмасымен Арал теңізіне зерттеу жүргізуге жіберілгенде, теңізге шығатын негізгі қақпа – Қазалы қаласы арқылы өтіп, Аралдың гидрологиялық режимін, су деңгейінің өзгеруін және балықтарын зерттеді.
Қазалы сол кездегі ірі әкімшілік және сауда орталығы болғандықтан, ғалымдар осында тоқтап, экспедицияға дайындалатын. Берг те осы жерде аялдап, Сырдарияның төменгі ағысы мен Аралдың байланысын зерттеген. Оның осы сапарларының нәтижесінде 1908 жылы әлемдік маңызы бар «Арал теңізі» атты іргелі еңбегі жарық көрген.
Л.С.Берг те Қазалының рухани өміріне назар аударған. Экспедиция мүшелері ретінде олар жергілікті халықтың білімге құштарлығын қолдап, Қазалыдағы алғашқы ағартушылық орындардың қалыптасуына куә болған немесе ғылыми ортада соған қолдау білдіреді. Л.С.Бергтің Қазалыға сапары Аралды әлемдік картаға ғылыми тұрғыдан енгізді және Қазалыны ірі ғылыми экспедициялардың транзиттік нүктесі ретінде тарихта қалдырды.
Академиктің қолтаңбасы қалған 78 құнды жәдігер кітапхана жанындағы «Алтын қор» мұражайының өткен күннен жеткен жанды аманаты.
1905-1907 жылдардың аласапыранында бұл жер жай ғана кітап оқу орны емес, азаттық аңсаған зиялылардың құпия мекеніне айналған. Мұнда жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаев бастаған біртуар азамат білім нәрін ішіп, ұлт болашағын талқыланады.
Кітапхананың қалыптасып, жүйеленуіне алғашқы кітапханашы Надежда Шалаева, жарты ғасырға жуық басқарған, кітапхана ісінің майталманы Уәли Адамовтың есімі ел жадында. Одан кейінгі кезеңдегі Сейілхан Төлегенов, Жәкеш Төлепова, Жәрмедет Хайруллаев, Ұлбике Үсенова мен Маржан Қарабалаевалар кітапхана мәртебесін биіктете түскен.
Бүгінде Қазалы аудандық кітапханасы – ұлттың тарихы, бабалардың аңсары мен ұрпақтың арманы тоғысқан.
Жаңару мен жаңғыру: Руханият сақшыларының жаңа дәуірі
Кез келген қоғамдық өзгеріс, мейлі ол экономикалық немесе саяси болсын, алдымен мәдениеттен бастау алады. Ал мәдениеттің алтын діңгегі – кітапхана. Бүгінгі Қазалы кітапханалары – жай ғана кітап сөрелері емес, ұлттық идеологияның темірқазығы және цифрлық әлемнің білім хабы.
Жүйелілік қашан да жеңіс кепілі. 1980 жылы басталған орталықтандыру процесі кітапхана ісіне соны серпін береді. Бүгінде аудан көлеміндегі 26 көпшілік кітапхана – біртұтас рухани ағза іспетті. Ұзақ жыл Мамық Үржанбекова тер төккен жұмысты жалғастырып, 2015 жылдан бері заманауи басқару жүйесін енгізген Индира Әбілқасымқызы жан-жақты ізденістерін жетілдіріп келеді.
Қазіргі құрылым – идеологиялық жұмыстың нағыз тетігі. Аудандық, кенттік, қалалық және 21 ауылдық кітапхана филиалдары әрбір ауылдың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп отырған мәдениет ошақтары болып табылады.
Кітапхана – ескіліктің қалдығы емес, инновацияның алаңы. 2005 жылдан басталған РАБИС бағдарламасының енгізілуі және 2015 жылдан бері оның 5 модуль бойынша толыққанды жұмыс істеуі – Қазалы кітапханаларының заман көшінен қалмағанының айғағы. Интернет жүйесімен қамтылған бұл орталықтар бүгінде ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көтерілгенінің айғағы.
Сапалы маманға сұраныс жоғары
Кітапхана – өткен мен болашақтың арасындағы үзілмейтін алтын тін. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, оқырман мен қазына арасын жалғастырушы тұлға – кітапханашы. Бұл мамандық иелері бүгінде тек библиограф қана емес, сонымен қатар медиа-менеджер, кеңесші және рухани бағыт-бағдар беруші болып табылады. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында ұлттық мұрамыз сақталып, келешекке аманат етілуде.Аудандық орталықтандырған кітапханада болған бір күн кадрлық әлеуеттің маңыздылығын ұғындырды. Топшылауымыз бойынша, сапалы кітапханашы бес негізгі сипатқа ие болуы керек. Олар жаңа технологиялар цифрлық қор, QR-кодтарты меңгерген инноватор, оқырманмен тіл табыса алатын ашық тұлға – коммуникатор, сұранысты алдын ала болжай алатын аналитик, мәдени-рухани шаралардың сценарийін жазып, өткізе алатын креатор-ұйымдастырушы, ұлттық құндылықтар мен тарихты дәріптеуші – патриот болуы міндетті.
Сапалы кітапханашы – бұл жай ғана кітап беруші маман емес, ақпарат айдынындағы навигатор, руханият шырақшысы және қоғамның интеллектуалды дамуын бағыттап отыратын заманауи идеолог. Бүгінгі цифрлық дәуірде кітапханашы мамандығы түбегейлі трансформациядан өткен. Бұрын кітапханашының негізгі міндеті кітаптарды сақтау мен беру болса, қазіргі заманауи кітапханашы – жан-жақты білім иесі, ақпараттық технологиялардың шебері және оқырманның жан дүниесін түсінетін психолог.
Кітапханашы ең алдымен ақпараттық сауаттылығымен ерекшеленеді. Ол мыңдаған басылымдардың арасынан қажетті деректі қас-қағым сәтте тауып, оқырманға ұсына біледі. РАБИС сияқты заманауи бағдарламаларды меңгеріп, цифрлық каталогтармен жұмыс істеу, электронды ресурстарды жүйелеу – оның күнделікті кәсіби дағдысы. Цифрлық бағдарламаның 5 модулін толық меңгеру, электронды ресурстарды жүйелеу және «Оқитын ұлт» жобасы аясындағы ақпараттық хабтар құру – бұл бөлімнің стратегиялық жетістігі. Аудан кітапханашылары кітап қорын жай ғана қабылдап қоймай, оны зерделеп, оқырман сұранысына сай сапалы сұрыптайды.
Заманауи маман – нағыз идеолог әрі креатор. Ол кітапхана ішінде өлі тыныштық емес, жанды қозғалыс орнатады. Кітап инсталляцияларын жасау, «Kitap Fest» секілді ауқымды фестивальдер ұйымдастыру, коворкинг орталықтарында зиялы қауыммен кездесулер өткізу – жауапкершіл маманның қолтаңбасы. Ол кітапты жай ғана насихаттамайды, «Бір ел – бір кітап», «Оқитын ұлт» сынды қызықты жобалар арқылы қоғамдық трендке айналдырады.
Сапалы кітапханашының басты қаруы — оның мәдениеттілігі мен сабырлылығы. Ол әрбір оқырманға, мейлі ол мектеп оқушысы болсын немесе еңбек ардагері болсын, ерекше ілтипатпен қарайды. Оқырманның талғамын зерттеп, оған бағыт-бағдар беретін кеңесші бола біледі. Оның бойындағы адалдық пен өз ісіне деген сүйіспеншілік кітапхананың берекесін кіргізіп, оны рухани ордаға айналдырады.
Мұндағы әрбір маман қоғам алдындағы жауапкершілігін ешқашан естен шығармайды. Жасанды интеллект дәуірінде де адам мен кітап арасындағы алтын көпірді бұзбай ұстап тұрады.
Бұл күні кітапхананың ішкі «асханасы» мен идеологиялық бағытын ұстап тұрған нағыз кәсіби мамандар шоғыры қалыптасқанын білдік.
З.Мұстафаева, М.Сүйегенова, А.Әбілтаева әдістемелік бөлімде инновациялық қызметті басты бағыт етіп, ауылдық филиалдарға бағыт-бағдар береді.
Қорды толықтыру – қазына негізі екенін П.Ниязымбетова, А.Жұбан, З.Әшірбекова және М.Ағыбергеновалар ісі арқылы білеміз. Олар жыл сайын жаңа әдебиеттерді сұрыптап, 26 кітапханаға білім нәрін таратады.
А.Орынбай бастаған А.Назарова, М.Төлеу жұмыс істейтін ақпараттық-библиографиялық бөлім атаулы күндер мен библиографиялық көрсеткіштер арқылы тарихи жадымызды жаңғыртады.
А.Айтжанова жетекшілік ететін қызмет көрсету бөліміндегі С.Бекмамбетова, Г.Махамашовалар жаңа кітаптың тұсаукесері мен тағылымдық кездесулер осы мамандардың арқасында жанды дүниеге айналуда.
Балалар кітапханасының жұмысы да күрделі. Ж.Көмекбаева, Г.Балабиева сынды балалар кітапханашылары ертеңгі оқырман ұлтты қалыптастырудың іргетасы. Кішкентай бүлдіршіндердің қолөнері мен суреттерінен құралған көрмелер ұйымдастырып, эстетикалық тәрбиенің үздік үлгісісін көрсетеді.
Кітапханалардың бүгінгі жетістігі – тек цифрлар емес, ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жойып, ұлттық құндылықтарды цифрлық дәуірге бейімдеген нағыз мамандардың ізденісі. Сондай-ақ, қалалық және ауылдық филиалдарда тер төгіп жүрген Ж.Сейталиева, Т.Мырзалиева, Г.Өтеп, Г.Іззатова секілді мамандардың еңбегі – елдің рухани тұтастығының кепілі.
Қазалы руханиятының жаңа белесі
Ізденіске толы жылдар мен оң өзгерістер бағыты – Қазалы руханиятының сара жолы.
Уақыт керуені алға жылжыған сайын, кітапханалардың қоғамдағы рөлі тек білім ошағы ретінде емес, заманауи интеллектуалды орталық ретінде де биіктей түсуде. Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі үшін 2025 жыл – тарихи бетбұрыстар мен жаңа мүмкіндіктер жылы болды.
2025 жылдың 9 мамыры аудан тарихында айрықша аталып өтті. Дәл осы күні бой көтерген еңселі «Руханият» орталығы аудандық орталық және балалар кітапханасына өз есігін ашты. Бұл жай ғана ғимарат емес, Президент айтқан «Оқитын ұлт» концепциясының нақты іске асуының көрінісі еді.
Жаңа ғимаратпен бірге статистикалық көрсеткіштер де көңіл қуантты. 580 879 дана кітап қоры бар кітапханалардың 28 727 оқырманы бар. Жылдық келушілер қатары – 261 685 адамды құраса, 1 565 ауқымды шаралар өткізілуі шығармашылық инсталляция – білім мен өнердің ұштасуын ұғындырады.
Биылғы Наурыз мерекесінде Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай жасалған «Сыр-Ана» монументінің кітап инсталляциясы жұртшылықты таңдай қақтырған. Бұл – кітапханашылардың тек кітап сақтаушы емес, нағыз креативті идеолог екенін дәлелдеді. Кітаптардан құралған киіз үй мен библиокруиз форматындағы көрмелер адам мен кітап арасындағы философиялық байланысты тереңдете түсті.
2025 жыл – танымал тұлғалардың мерейтойларымен мазмұнды. Қазақтың бас ақыны, философ, ағартушы, композитор және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың 180 жылдығы, Жеңістің 80 жылдығы, композитор, дирижер, домбырашы, Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы, композитор, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы секілді атаулы даталар аясында өткен шаралар жас ұрпақтың санасына патриоттық рух ұялатты.
Әсіресе, Сыр сүлейі Ерімбет Көлдейбекұлының 175 жылдығы, ақын Сейіл Боранбаевтың 95 жылдығы мен мәдениет саласының майталманы Әбдірасул Ахметовтің 70 жылдығына арналған кештер өлкетану жұмысының жанданып жатқанын көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты тапсырмаларына сәйкес, аудан кітапханалары цифрлық трансформация жолына түсті. «Оқитын ұлт», «Адал адам», «Әділ қоғам» жобалары аясындағы жұмыстар қоғамда жаңа құндылықтардың қалыптасуына қызмет етіп келеді.
«Kitap Fest-2025» фестивалі – авторлық құқық пен кітап мәдениетін насихаттаудың биік белесіне айналды.
Ұлттық кітап және кітапханашылар күні «Түнгі кітапхана қалашығына саяхат» атты мерекелік кеш дәстүрлі форматтан шығып, ашық аспан астындағы тылсым әлемге жол ашты.
Оқырмандар Шерхан Мұртазаның асқақ рухты «Ай мен Айша» шығармасынан үзінді көрсетіп, Роза Мұқанованың терең драмалық «Мәңгілік бала бейне» туындысын сахналады.
Мереке аясында кітапхананың жаңа ізденісі – «Отбасы және кітап» жобасының тұсауы кесілді. Бұл бастама әрбір шаңырақта кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды және ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуды көздейді.
Ал білімге құштар қауым үшін ұйымдастырылған «Қызық екен, кітаппен...» интеллектуалдық ойыны нағыз тартысқа толы болды. Қатысушылар тек білім деңгейін ғана емес, тапқырлығы мен зеректігін де сынап, кітаптың сарқылмас білім көзі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Түнгі қалашықтың ажарын ашқан «Сезімнің сырлы әлемі» атты жас ақындармен кездесу бөлімінде Сыр бойының жас дарындары өз туындыларын оқып, сөз бен сезімнің үйлесімін тапқан тағылымды басқосу ұйымдастырылды. Түнгі аспан астында оқылған жыр жолдары қатысушылардың жан дүниесін ерекше күйге бөледі.
Қазалы аудандық кітапханалар жүйесі – өткеннің мұрасын сақтай отырып, болашақтың технологиясын игерген, ұлттық мүддені ту еткен киелі шаңырақ. «Руханият» орталығының босағасынан аттаған әрбір оқырман — еліміздің интеллектуалды болашағының кепілі. Кез келген қоғамдық өзгеріс алдымен мәдениет пен сананың жаңғыруынан құнданатынын ескерсек, бүгінгі аудан кітапханалары – ұлттық идеологияның темірқазығы, заманауи интеллектуалды дамудың драйвері болып отыр. 1980 жылғы орталықтандырудан бастау алған жүйелі жұмыс бүгінде Индира Әбілқасымқызы басшылығымен сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін көзіқарақты оқырман оңай аңғаруда.
Сыр бойындағы алғашқы мәдениет ошағының тарихы – Қазалының рухани болмысының бейнесі. Кітапхана – мемлекеттің мәдени деңгейін көрсететін айна десек, оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырып, білімге сусаған жастардың жолбасшысына айналған бұл киелі ордалар әрқашан биікте. Кітап оқыған қауымның өрісі кең, болашағы жарқын. Кітапханашы еңбегі – елдің интеллектуалды капиталын арттыруға қосылған өлшеусіз үлес.
«Руханият ордасына барар жол ешқашан үзілмесін!» дедік сапар соңында.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














