Тазалық пен тағзым
Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Сол парызды орындау жолында ел болып жұмылып, әр адам акцияға үлес қосуда. Әр апта сайын сенбілікке серпінмен шығатын аудандағы мекеме қызметкерлері біршама тірліктің басын қайыруда. Таза ортаны қалыптастыруда ел бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы тұрақты жүзеге асуда. Сенбіде акция аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар салаларға тоқталып өткен болатын. Соның ішінде Президент өзінің тікелей бастамасымен іске асып жатқан – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің мән-маңызына ерекше тоқталып өткен еді. Таза Қазақстан – ластанған аумақтарды қалдықтардан тазартуға, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізуге және тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция. Аз уақыттың ішінде экологиялық акция еліміздің түкпір-түкпірінде кең етек жайды. Қазір республикалық акция еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде ауданда жастармен қатар, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің де экологиялық акцияға қатысу белсенділігі күн санап артып, өздеріне тиісті аймақтарды қоқыс қалдығынан тазартуда.
Үлкенді сыйлау, мәдени мұра нысандары мен инфрақұрылымға ұқыпты қарау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамыту жаңа тәрбие беру парадигмасының құрамдас бөлігіне айналуы керек. Бүгіннің өзінде осы бағытта түрлі акциялар, таза ауада жаппай сауықтыру жаттығулары, дөңгелек үстелдер, флешмобтар мен басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр. Солардың бірегейі сенбіде өтті. Акцияның негізгі шарасы Жанқожа баба кесенесінде бастау алды. Шараның ашылуында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, экологиялық мәдениет пен тарихи сананың сабақтастығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының маңызы зор екенін, әсіресе киелі орындарды күтіп ұстау — келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
– Еліміздің барлық өңірлерінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес киелі орындарға тазалық шараларын жүргізу мақсатында ерекше шаралар ұйымдастырылуда. Қазалылықтарда «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясына өз үлестерін қоспақ. Қазыналы Қазалы ауданы тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар көптеп орналасқан өңірлердің қатарына жатады. Бүгін барша жерлестеріміз жалпыхалықтық акция аясында аудан аумағында орналасқан киелі Жанкент қалашығы, Жанқожа батыр кесенесі, Жалаңтөс баһадүр алаңы, Әйтеке би ескерткіші, Қазалы мәдени-демалыс кешенірдегі «Тағзым» алаңы, Қызылқұм ауылдық округіндегі Сараман-Қоса мұнарасы және аудан аумағындағы өзге де киелі орындар мен зираттар аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, игі іске атсалысуда. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» тазалық акциясы аясында аудан орталығы мен елді мекендерде 30-дан астам кең ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстары барысында жол бойындағы бордюрлерді, бағаналарды, қоршауларды әктеу, сырлау, аяқ су арықтарын тазарту, көшелер бойын көгалдандыру, ағаш егу, ретсіз өскен шөптерді шабу жұмыстары жүргізілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан орталығы Әйтеке би кентінде 100 дана қоқыс жәшігі сатып алынса, аудан орталығындағы көше атауы берілген азаматтардың ұрпақтарының демеушілігімен 80 дана қоқыс жәшігі алынып, тұрғын үйлерге орналастырылды. Жүргізілген тазалық жұмыстары нәтижесінде жыл басынан бері 5600 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Ал тазалық шаралары аясында аудан бойынша биыл барлық елді мекендер бойынша 3000-ға жуық ағаш көшеттері егіліп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Аудан халқын қоршаған ортаның тазалығына шақыру мақсатындағы бұл жұмыстар одан әрі жалғаса беретін болады, – деді аудан басшысы.
Жанқожа баба кесенесіндегі шара баба рухына арнап Құран бағыштап, құрбандық шалудан басталды. Бұдан соң қатысушылар кешенді тазалық жұмыстарына кірісті. Кесене аумағы толықтай қоқыстан тазартылып, ағаштардың түбі мен жол бойындағы бордюрлер әктелді. Кесененің іші-сырты жуылып, аяқ су арықтары тазартылып, су жіберілді. Аудан әкімі мен ел ағалары, зиялы қауым өкілдері кесене аумағына жас көшеттер отырғызып, жасыл желек қорын толықтырды. Бұл жұмыстар тек бір нысанмен шектелген жоқ. Акция аясында Өркендеу ауылдық округіндегі көне Жанкент қалашығы, аудан орталығындағы Жалаңтөс баһадүр алаңы, Әйтеке би ескерткіші, Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі «Тағзым» алаңы, Қызылқұм ауылдық округіндегі Сараман-Қоса мұнарасы және Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерде, Әйтеке би ескерткіші аумағында және аудан көлеміндегі басқа да киелі орындар мен зираттарда ұйымдастырылды.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 30-дан астам кең көлемде сенбілік өткен. Атқарылған жұмыстардың ауқымы көңіл қуантады. Жыл басынан бері барлығы 5600 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылған. Әйтеке би кентінде бюджет есебінен 100 дана қоқыс жәшігі алынса, көше атаулары берілген тұлғалардың ұрпақтары демеушілік көрсетіп, тағы 80 жәшікті тұрғын үйлер аумағына орнатты. Биылдың өзінде аудан бойынша 3000-ға жуық ағаш көшеті егіліп, күтіп-баптау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Тазалық акциясына аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен ерікті жастар белсене қатысты. Жол бойындағы бағаналар мен қоршауларды сырлау, ретсіз өскен шөптерді шабу, көшелерді абаттандыру жұмыстары жалпыхалықтық сипат алды.
Табиғи ресурстарға бай Қазақстан ауқымды экологиялық өзгерістермен жанданып келеді. «Таза Қазақстан» бастамасы бұл үдерісте үкіметтің, бизнестің және азаматтық қоғамның таза әрі тұрақты ортаны құру үшін күш-жігерін біріктіре отырып, шешуші рөл атқаруда. Әрине, акция – бұл жай ұран емес. Ол елдің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Экологиялық бірегей жоба. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды. Мұның барлығы не үшін керек дерсіз. Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Таза қалалар мен табиғи ландшафттар туристерді тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі.
Аудан халқын қоршаған ортаның тазалығына шақыру және экологиялық тәрбиені қалыптастыру мақсатындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да тоқтамай, тұрақты түрде жалғасын таппақ. Өз өлкесінің тарихын қастерлеп, тазалығын сақтау – әрбір қазалылықтың басты мұратына алуы қажет.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ














