Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бастамаларға – басымдық

Бастамаларға – басымдық

Қоғамның ең қозғаушы күші де, ертеңгі күннің кепілі де – жастар. Олардың әлеуетін арттыру, бастамаларына қолдау көрсету және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл жолда елдегі Жастар ресурстық орталықтарының атқарып жатқан рөлі басым. Орталық – бұл тек мемлекеттік мекеме емес, бұл жас буын мен билік, жас маман мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір. Мақсат – жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасап, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу. Аудан жастары бұл үдеден шыға алып жүр ме? Орталық мамандарымен байланыстық.

«Жастар – мемлекеттің басты капиталы. Біздің мақсатымыз – әрбір жастың бойындағы талантын ашуға, оны дұрыс арнаға бағыттауға жағдай жасау» дейді мамандар. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауданда 23 552 жас, бұл аудан халқының 29,7 пайызын құраса, оның ішінде ауыл жастары – 21 435 (91%), қала жастары – 2 117 (9%). 2025 жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында аудандық бюджеттен 65 миллион 729 мың теңге бөлінген. Әкімшілік аппаратқа – 58 миллион 357 мың теңге, іс-шараларды өткізуге – 7 миллион 372 мың теңге бағытталыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан. Жыл басынан бері жастардың қатысуымен 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оларға 6500-ге жуық жас қатыстырылған. Атап айтқанда, 80-нен астам мәдени шара, 64 спорттық сайыс, 40 мемлекеттік бағдарламалар аясында кеңес беру акциясы, NEET санатындағы жастардың қатысуымен 28 іс-шара, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 64-тен астам рейдтік шара ұйымдастырылған. Ағымдағы жылы жастардың сапалы білім алуына, мәдени және шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандар салынып, пайдалануға берілді. Соның ішінде Қазалы мәдени-демалыс кешені мен «Руханият» орталығының ашылуы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруына, спорт және мәдениет саласында қабілеттерін дамытуына, сондай-ақ түрлі шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуына кең мүмкіндік берді.
Жастар орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа дәуір-Жаңа Қазақстан» ғылыми жобалар байқауы (Жасанды Интеллект-Болашақ кілті) биыл төртінші жыл қатарынан жалғасын табуда. Осы жылдар ішінде өзіндік ерекше жобаларымен көзге түсіп, жеңімпаз атанған бірқатар талантты жастар білім жолындағы үлкен мүмкіндіктерге ие болды. Олар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің мемлекеттік грантын жеңіп, жоғары білім алуына жол ашып келеді. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, шығармашылық және тұлғалық дамуын арттыру мақсатында ауылдық округтерде дәстүрге айналған «Жастар керуені» жобасы да ұйымдастырылды. Осы жобаның тиімділігі өңірден тыс жерде жоғары бағаланып, кеше ғана Ақтау қаласында өткен Халықаралық жастар форумында республика бойынша Қазалы ауданының «Жастар керуені» үздік 10 жоба қатарына енді.
Ауданда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы кең көлемде жүргізілуде. Игі бастамаға аудан жастары ерекше белсенділікпен атсалысып, туған жердің тазалығына, табиғаттың сақталуына өз үлесін қосуда. Биылғы жылы жастардың қатысуы жоғары болып, олар ауданның көркеюіне, көшелердің, саябақтардың маңдарының тазарып, абаттандырылуына үлкен еңбек сіңірді. Әсіресе, темір жол вокзалы маңы, оқушылар үйінің алаңы және жастар көп жиналатын өзге де қоғамдық орындарда ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына жас еріктілер белсенді қатысып, үлгі боларлық іс көрсетті.
Аудан жастары, оның ішінде колледж студенттері түрлі сайысқа қатысып топ жарып жүр. Мәселен, Worldskills чемпионатының республикалық кезеңінде «Локомотивті басқару» құзіреттілігі бойынша студенттер «Шеберлігі үшін» медальонын жеңіп алды.
Аудан жастарына көрсетіліп жатқан қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – мемлекеттік гранттар мен жұмыспен қамту бағдарламалары. Ауданда 5350 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, соның 1200-і жас кәсіпкерлер (22,5 пайызы). Кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастардың жобаларына 80,2 миллион теңге қаржы бөлініп, 51 жас кәсіпкер мемлекеттік грант иегері атанды. Аймақ жастарының баспаналы болуын қолдау бағытында жүейлі жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауының нәтижесінде Сыр өңірінен биыл 100 жас отбасы баспаналы болды. Сол көрсеткіштің ішінде ауданнан 3 жас отбасы тұрғын үйге ие болып, қоныс тойын тойлады.
2025 жылы Қазалы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына 35 жасқа дейінгі 4001 жас жүгінген. Олардың ішінде 76 жас – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алса, 15 жас – әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. 242 жас – жастар тәжірибесі бағдарламасына қатысып, алғашқы еңбек жолын бастапты. 288 жас – ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 178 жас – тұрақты жұмыс орындарына орналасып, еңбек нарығында өз орнын тапты.
Аудан бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында бюджеттен 2025 жылға 65 миллион 729 000 теңге, ал әкімшілік аппаратына 58 357 000 теңге бөлінсе, іс шараға 7 372 000 теңге бөлінген. Жастар ұйымдары мен қозғалыстары, волонтерлер – ауданның негізгі жастар ұйымы, жергілікті мемлекеттік мекеме, жастардың дамуын қолдап, түрлі жобалар мен іс-шараларды ұйымдастырады. Ауданда жастардың қоғамдық белсенділігі жанданып келеді – жастар ресурстық орталығы ірі ұйымдастырушы болса, “Біз біргеміз” және “Жас бастау” сияқты волонтер топтары әлеуметтік және қайырымдылық бағыттарда белсенді жұмыс істейді. Жастар Рухы – республикалық жастар ұйымы, көптеген өңірлік бөлімі бар, оның ішінде Қызылорда облыстық және мүмкін аудандық бөлімдері де қатысады. Басты бағыттары – жастардың саясатқа, қоғамдық өмірге белсенді қатысуын қолдау.
Аудан бойынша «Отбасылық цифрлық карта» базасындағы деректерге сәйкес, «NEET» санатындағы жастар саны 196 жасты құрайды. Оның ішінде, студент – 30 жас, тіркелген жерінде тұрмайтындар – 31 жас, әскер қатарында – 1 жас, тұрақты жұмыс – 12 жас, бала күтімі – 13 жас, бейресми жалдамалы жұмысшылар – 109 жас, «Д» санатындағы жастар – 172, және «Е» санатындағы жастар – 24 адам. Қызылорда облысы әкімінің бекіткен жол картасына сәйкес, ауданда NEET және маргинал жастармен жұмыс жүргізу мақсатында жұмысшы топ құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген. NEET және маргинал жастарды әлеуметтендіру мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, қайта оқыту, кәсіпкерлікке баулу, мотивациялық семинарлар, тренингтер, психологиялық қолдау және кәсіби бағдар беру жұмыстары жүзеге асырылған. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, маргинал топтарды бақылауға және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған «Киберволонтер» тобы құрылған. Сонымен қатар, идеологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында түнгі рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Пробация есебіндегі жастармен бірлескен іс-шаралар өткізілуде. Олардың қатысуымен «Ерлік – басты құндылық» атты отбасылық эстафеталық жарыс, мұражайға экскурсиялар және өзге де тәрбиелік бағыттағы шаралар ұйымдастырылған. Әскер жасындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша үй аралау, түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мүгедектігі бар, бірақ жұмысқа қабілетті жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жастарға тең мүмкіндік» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шара барысында қатысушыларға мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кеңес беріліп, бірқатары тиісті бағдарламаларға тіркелді.
Аудан бойынша тіркелген 1 658 маргинал жастың қазіргі уақытта 1587-ы өзектендірілген. NEET (оқу орындарынан шығып, жұмыссыз) – 418 жас, ауылда тұрмайтын жастар – 196 жас, студенттер – 173 жас, мүмкіндігі шектеулі жастар – 98 жас, бала күтімінде отырғандар – 167 жас, шетелде жұмыс істеп жүргендер – 33 жас, тұрақты жұмыстағылар – жас, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар – 181 жас, қоғамдық жұмыста – 113 жас. Маргинал жастар Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және ауылдық округтер бойынша бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудан бойынша жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі бағыттағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша пробация есебінде тіркеуде тұрған жастармен адрестік жұмыстар мен түрлі тәрбиелік, әлеуметтік бейімдеу іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. 2024 жылы пробация есебінде 34 жас тіркелген болса, 2025 жылғы көрсеткіш бойынша 30 жас есепте тұр. Олардың ішінде ерлер – 26, әйелдер – 4. Пробация қызметі мен жастар ресурстық орталығының бірлескен іс-шаралары нәтижесінде тіркеудегі жастарды қоғамға бейімдеу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тұрақты жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.
Аудан бойынша құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Аудандық полиция бөлімі, білім беру ұйымдары мен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты болдырмауға бағытталған түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мектептерде «Заң және қоғам» тақырыбындағы ашық пікір алаңы, түнгі рейдтік шаралары, «Тәртіпті өзіңнен баста» акциясы, «Қызға қырық үйден қамқорлық» жастар мен жасөспірімдер арасында «Ерте жүкітіліктің алдын алу», «Зорлық-зомбылықты болдырмау» еркін тақырыпта қыз бала тәрбиесіне арналған кездесулер мен дәрістер өткізілді. Сондай- ақ, темекі өнімдерінің зияны, кәмелетке толмағандарға сатылмайтыны жөнінде ескертіліп, 28 сауда нысандарында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, соңғы жылдары жиіліп кеткен интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары туралы тұрғындарға, әсіресе жастарға үнпарақтар таратылып, түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілді. Маргинал жастарды қоғамға бейімдеу мақсатында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында футбол, волейбол, баскетболдан түрлі турнирлер өткізіліп, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасалды.
Жастар арасындағы бірлікті, жауапкершілікті арттыруға бағытталған тағы бір маңызды мысал – ағымдағы жылы Майдакөл ауылында жоғалған жасөспірімді іздеу жұмыстары болды. Бұл игі іске аудан еріктілері, жастар ұйымдары жұмыла қатысып, іздестіру шараларына белсене атсалысты. Бұл аудан жастарының тек спорт пен мәдениетте ғана емес, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті қажет ететін кез келген жағдайда да белсенділік танытатынын көрсетеді. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамға пайдалы істерге араласуына барлық жағдайды жасамақ. Алдағы жоспарлар мен маңызды міндеттердің легі көп. Жастар арасында құқықтық сауаттылыққа арналған семинарлар, спорттық спартакиада ұйымдастыру, волонтерлік қозғалысты күшейту, сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік шаралар жалғасын табады.
Әскери есепте тұрған жастар саны – 3500 жасты құрайды. Әскери шақыру комиссиясына шақырылғандар – 400-ге жуық жас, шақыру комиссиясына уақытылы келгені 40-қа жуық жас, әскер қатарына жолданған жастар саны – 52 жас, іздеуде жүрген жастар саны – 165, ал әскерге жарамсыз жастар – 46 жасты құрап отыр.
Жастар тек білім мен жобаларда ғана емес, спорт саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Аудан бойынша 14-35 жас аралығында шұғылданатын спортшылар саны – 27266 жас. Соңғы жылдары халықаралық және республикалық ареналарда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген жерлес спортшыларымыздың толағай табыстары жетерлік. Атап айтар болсақ, ауданымыздың мақтанышы, грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанып, Қазақ елінің туын көкке көтерген Айдос Сұлтанғали Қазалының ғана емес, елдің мерейін үстем еткен спортшы. Оның жеңісі – аудан жастарының рухын көтерген баға жетпес жетістік. 2025 жылы Қазалы ауданының спортшылары Азия Чемпионаттарында 1 алтын, 3 күміс, 1 қола иеленді. Халықаралық турнирлерде аудан спортшылары 3 алтын, 7 күміс, 9 қола медальдарын иеленсе, әр спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 19 алтын, 28 күміс, 33 қола медаль иеленді. Сондай –ақ, Азия чемпионы Ержан Гүлсая, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген Абылайхан Жұбаназар, Зарина Толыбай сынды талантты спортшылармыз да аудан намысын асқақтатып, еліміздің атын әлемдік аренада лайықты дәрежеде танытып келеді. Әрқайсысының жеңісі – қажырлы еңбектің, жаттықтырушылардың маңдай тері мен аудан жастарының қайсар рухының айқын дәлелі.
Шығармашылық және мәдениет саласында аудан жастарының биік шыңдарды бағындырып жүргенін еркекше атап өткен жөн. Қазақ эстарадасында өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміз – Марат Сүгірбай, Ақжол Түменбай, Жарасхан Төлебай, Мақсатбаев Рақымжан мен Өмірзақ Жанболаттың, Ү.Түктібаевтан Махамбет Нұргелді, Жалаңтөс ауылынан Нұрман Бекжан, Бекарыстан би Қанат Сырлыбай, Досбол Нұрылла, Айдын Сәндібай, «Дарын» сыйлығының иегері Бейбарыс Сәукенұлы, сондай-ақ, әнші-сазгер Алтынбек Әбілда, Нұртуған Жаңабай сынды таланттар өз өнерімен ел сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақ эстарадасына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар.
Орталық мамандарының айтуынша, 2026 жылдан бастап жастардың қызығушылығына және еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес мобилография курсы өз жұмысын бастайды. Алдағы уақытта осы бағытта қабілетін дамытқысы келетін жастарды республикалық деңгейдегі курстарда оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, жастар ресурстық орталығының 2026 жылға арналған жоспарына сәйкес, жастардың шығармашылық қабілетін дамыту және көңілді, позитивті орта құру мақсатында «Көңілді жастар» жайдарман КВН кеші, облыстық деңгейде «JASS CONGRESMAN» пікірсайысшылар клубының турнирын ұйымдастыру, «Жастар дауысы – 2026» өнер байқауы, «Жаңа Дәуір – Жаңа Қазақстан» жастар фестивалі, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мәдени демалысты қамтамасыз ету мақсатында «Көңілді жаз – YOUTH FEST» жастар фестивалі өтеді.
Иә, жастық шақ – бұл мүмкіндіктер кезеңі. Ал Жастар ресурстық орталығы – сол мүмкіндіктердің кілті. Тың идеясы бар жасқа, өзін дамытқысы келген жасқа немесе мәселемен тығырыққа тірелген жастарға орталық есігі әрдайым ашық.

Айнұр ӘЛИ
21 сәуір 2026 ж. 37 0

Тазалық пен тағзым

21 сәуір 2026 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930