Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Саңлақтарды шыңдаған шеберхана

Саңлақтарды шыңдаған шеберхана

Салауатты өмір салты – ұлт саулығының темірқазығы. Әрбір азаматтың спортпен шұғылдануы тек жеке денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғамда сергек әрі белсенді өмір салтының қалыптасуына да ықпал ететіні анық. Ал осы игі үрдістің алдыңғы шебінде кәсіби спортшылар тұратыны даусыз. Ауданда кәсіби спортшылар тәрбиелеудің ұстаханасы, әрі әлемді дүбірлеткен түрлі додаларда еліміздің көк туын көкте желбіреткен спорт саңлақтарының білім ұясы – №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі екені бәрімізге мәлім.
Бұл оқу орны – талай таланттың тұсауын кесіп, ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғаған саңлақтарды түлеткен қасиетті қарашаңырақ. Тамыры тереңге тартқан білім ордасы 1968 жылы іргетасын қалап, содан бері талай буын спортшыларды қанаттандырып келеді.
Осыдан он бір жыл бұрын спорт мектебі заман талабына үн қатып, жаңғыру жолында тың серпін алды. Сол кезеңде оқу орны жаңа ғимаратқа қоныс аударып, жұмысын заманауи талаптарға сай жалғастырды. Яғни, 2014-2015 жылдары Әйтеке би кентінде 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп, бұл игілікті іске республикалық бюджеттен 333,9 миллион теңге бөлінді. Қысқа мерзімде сапалы түрде салынған нысан ел игілігіне табысталып, аудан спортына жаңа тыныс әкелген еді. Бүгінде бұл кешен – жас спортшылардың қарым-қабілетін шыңдап, шеберлігін ұштайтын заманауи орталыққа айналды.
Алпыс жылға жуық тарихы бар білім ордасының абыройын асқақ деңгейде сақтау – үлкен жауапкершілік жүгін арқалатуымен құнды. Соған қарамастан, мұндағы білікті мамандар табанды еңбек пен жүйелі жұмысты басты ұстаным етіп, сенім үдесінен шығып келеді. Бұған дейінгі жетістіктер легі – соның айқын дәлелі болса керек.
«Шынында да, чемпион тәрбиелеу жолында атқарылған жұмыстар аз емес. Керісінше, уақыт өткен сайын еселеніп, толыға түсуде. Қазіргі таңда мектепте 12 спорт түрі бойынша 118 топта 1660 оқушы жүйелі түрде жаттығуда. Атап айтқанда, ауыр атлетика, бокс, баскетбол, волейбол, гандбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, таеквондо, үстел теннисі, футбол және қазақ күресі бөлімшелері тұрақты жұмыс істеп келеді. Әр бағыт қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық база талапқа сай қалыптасқан», – дейді №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Нұрболат Әбиев.
Мектептің бәсекеге қабілетті болып, жоғары деңгейден көрінуі ең алдымен білікті мамандардың еңбегіне байланысты. Ал сапалы дайындық пен үздік нәтижелер тәжірибелі жаттықтырушылардың жүйелі әрі ұқыпты жұмысының арқасында жүзеге асады.
Қазіргі таңда оқу орнында 47 жаттықтырушы қызмет етеді. Олардың 43-і жоғары білімді мамандар болса, 4-еуі арнайы орта білімге ие. Кәсіби деңгейіне келсек, 7 жаттықтырушы – жоғары санатты, 5-еуі – бірінші санатты, 8-і – екінші санатты. Сонымен қатар ұжым құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие 1 маман, халықаралық дәрежедегі спорт шебері 1 жаттықтырушы және Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған 5 маман еңбек етуде. Осындай тәжірибелі де білікті бапкерлер жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қоймай, үлкен спорт жолына нық қадам басуына берік негіз қалыптастыруда.
«Өткен жыл мектеп спортшылары үшін табысты да толайым жетістіктерге толы кезең болды» деген мектеп басшысы Нұрболат Әбиев 2025 жылы қол жеткізген жетістіктерді жіпке тізді.
– Былтыр расымен де, мектеп үшін жемісті жыл болды. Шәкірттерімізден бастап, түлектеріміз бен ардагерлерімізге дейін дүбірлі додалар да бақ сынап, қоржынымызды біршама жүлдемен қомпайтты.
Мысалы, Өскемен төрінде өткен 2013-2014 жылы туған жасөспірім ұлдар арасындағы волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында Мирам Әлішер Қызылорда облысының құрамасы сапында өнер көрсетіп, қола жүлдені қанжығасына байлады.
Ал Шымкент қаласында ұйымдастырылған 2011–2012 жылғы жасөспірім қыздар арасындағы гандбол чемпионатында Сабырбек Нұрбақыт «Қайсар» құрамасымен бірге күміс жүлдеге қол жеткізіп, жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетті.
Қостанай қаласында өткен грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ауыл спортшылары арасындағы республикалық додада мектеп шәкірттері де олжалы болды. Ермұхаммед Іскендір 45 келіде қарсылас шақ келтірмей, І орынға ие болса, 51 келіде Айбол Кешубай мен 92 келіде Әлижан Сейіт жүлделі ІІІ орындарды еншіледі.
Қызылорда қаласында өткен футболдан ел чемпионатында 2013 жылғы жасөспірімдер құрамалары арасында облыс командасы күміс жүлдегер атанды. Осы жетістікке №17 спорт мектебінің өрендері Ерасыл Балтабек, Айдын Алтай, Дүзелбай, Нұрасыл Нұрислам Нұркендер де өз үлестерін қосты.
Жезқазған қаласында ауыр атлетикадан өткен ел біріншілігінде Арман Тәңірбергенов 71 келі салмақ дәрежесінде қоссайыс қорытындысы бойынша 246 келіні еңсеріп, чемпион атанды. Оның жұлқи көтерудегі 106 келі және серпе көтерудегі 140 келілік нәтижесі – табандылықтың нақты көрінісі.
Қызылордада өткен, спорт қайраткері Аманбек Досмайыловты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирінде Бегарыс Туманбаев 50 келіде ІІІ орынға тұрақтады.
Ақтөбе қаласындағы 2012–2013 жылғы жасөспірім қыздар арасындағы гандбол чемпионатында Жалғасбек Кәусар мен Едіге Нұрияда «Қайсар» сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдені иеленді.
Халықаралық деңгейде де жетістіктер жалғасын тапты. Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болып, сапында өнер көрсеткен Бану Көпжан ел намысын абыроймен қорғады.
Орал қаласында өткен волейболдан ел чемпионатында тағы да Мирам Әлішер облыс құрамасымен бірге күміс жүлдегер атанып, тұрақты нәтижесін дәлелдеді.
Ресейдің Тюмень қаласында грек-рим күресінен өткен халықаралық деңгейдегі біріншілікте Мұхтарұлы Асылхан 32 келіде жеңімпаз атанып, көк туымызды биікте желбіретті. Ал Бішкекте өткен «MANAS» халықаралық турнирінде Еркебұлан Үржанов 55 келіде күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жыл соңындағы жарыстар да жеміссіз болған жоқ. Қарағанды қаласында өткен дзюдодан ардагерлер арасындағы Азия кубогында жаттықтырушылар Самат Оспан мен Айболат Абенов 60 келіде күміс жүлдегер атанды. Бұдан ұстаздардың өздері де спорттық бабын жоғалтпағанын бағамдауға болады.
Орал қаласында өткен «Cempiondar ligalary» республикалық турнирінде Нұрдаулет Серікбай 59 келіде күміс жүлдеге ие болып, жыл қорытындысын жарқын нәтижемен түйіндеді, – дейді мектеп басшысы.
«Қуанарлығы, жаңа жылмен бірге келген жаңа мүмкіндіктер спортшыларымыз үшін жеңісті сәттерді сыйлауда. Жыл басынан-ақ олар түрлі додаларда топ жарып, ел мерейін асырып, қоржынға жүлде үстіне жүлде салуда», – дейді Нұрболат Әбиев.
Расымен де, жаңа жылдың алғашқы айларынан-ақ спортшыларымыздың қарқыны қайтпағанын, қайта шыңдала түскенін аңғардық. Оған дәлел – төмендегі мына тізбек.
Қаңтардың 6-8 күндері аралығында Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында өткен, КСРО спорт шебері әрі Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.А. Тороқуловты еске алуға арналған U-17 жас кадеттер арасындағы грек-рим күресінен халықаралық турнирде Қасиет Рсалиев 48 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.
Ал 15-22 қаңтар күндері Шымкент қаласында ұйымдастырылған 2011-2012 жылы туған жасөспірім қыздар арасындағы гандболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында «Қайсар» командасы сапында өнер көрсеткен Нұрилада Ерболсын күміс жүлдеге қол жеткізіп, командасының табысына зор үлес қосты.
Ақпан айында Түркістан қаласында өткен жастар арасындағы таеквондодан ел чемпионатында Гүлфайруз Құрманай 68 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені иеленіп, өз шеберлігін дәлелдеді.
Мектеп түлектері де халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келеді. Соның айқын мысалы – Олжас Сырлыбай. Ол Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен «Zagreb Open – 2026» әлемдік рейтингтік турнирінде 130 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, үшінші орын үшін тартысты белдесуде грузиялық қарсыласын 6:1 есебімен жеңіп, қола жүлдені ел қоржынына салды.
Астана қаласында өткен грек-рим күресінен U-17 және U-20 жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатында Ерасыл Талғат 45 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанып, тұрақты нәтижесін көрсетті.
Наурыз айының 4-11 күндері аралығында Шымкент қаласында өткен гандболдан ХХХIV Қазақстан Республикасы чемпионатының бірінші лига ойындарында Қызылорда облысының құрамасы жеңімпаз атанды. Команда сапындағы Нұрилада Ерболсын бұл жеңіске өз үлесін қосып, алаңда бар күш-жігерін жұмсады.
20-27 наурыз күндері Орал қаласында өткен Қазақстан Республикасының көктемгі чемпионатында Қызылорда облысының волейбол құрамасы қола жүлдеге ие болды. Команда сапында өнер көрсеткен Аслан Ермахан мен Ғазиз Досқожа да осы жетістікке өз үлестерін қосты.
Сәуір айының 6-10 күндері Түркістан қаласында өткен дзюдо және қазақ күресінен шеберлер арасындағы ел чемпионатында мектеп жаттықтырушылары да боз кілемде бақ сынады. Нәтижесінде Айболат Әбенов (60 келі) пен Самат Оспан (66 келі, қазақ күресі) қола жүлдені еншілеп, өз тәжірибелері мен шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
11-12 сәуір күндері Ресейдің Петухово қаласында Кеңес Одағының Батыры И.Е. Еськованы еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі турнирде мектеп спортшылары тамаша нәтиже көрсетті. Асылхан Мұхтарұлы (35 келі), Нұрислам Зулхайыр (48 келі) және Аслан Шайхислам (62 келі) қарсыластарының бәрін басып озып, І орын иегерлері атанды.
Дәл осы күндері Тюмень қаласында өткен А.К. Попрушко жүлдесіне арналған өңіраралық турнирде Абдуллах Кешубай 44 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, жеңіс жалауын желбіретті.
Қызылорда қаласында 10-12 сәуір күндері өткен Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған ересектер арасындағы ІІ халықаралық турнирде әлемнің 20-дан астам елінен келген 200-ге жуық палуан бақ сынады. Осы беделді додада мектеп түлектері Айдос Сүлеймен (77 келі) мен Олжас Сырлыбай (130 келі) күміс жүлдеге ие болып, жоғары деңгейдегі шеберліктерін паш етті.
Сәуірдің 12-15 күндері Түркияның Анталия қаласында өткен грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгілер арасындағы 28-ші халықаралық Жеңіс кубогы мен 20 жасқа дейінгі чемпиондар турнирінде Ерасыл Талғат 45 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанып, ел мерейін үстем етті.
– Білікті спортшыларды тәрбиелеу – біздің басты мұратымыз. Сондықтан мектеп қабырғасында оқу-жаттығу үдерісі жүйелі түрде жүргізіліп, әр шәкірттің шеберлігін шыңдауға айрықша мән беріледі. Облыстық және республикалық құрама сапына қосылып, болашақта Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын саңлақтарды тәрбиелеу бағытындағы жұмысымыз бір сәтке де тоқтамақ емес. Керісінше, айқын мақсаттан айнымай, алға қарай нық қадам баса береміз, – деді мектеп басшысы Нұрболат Әбиев.
Мақаламызда мектеп жетістіктерін мүмкіндігінше кеңінен қамтып, жүйелеп көрсетуге тырыстық. Дегенмен боз кілемде білектің күші мен жүректің қайраты арқылы дараланып, шаршы алаңда қарсыласқа дес бермей, тіпті әлемдік деңгейде топ жарып жүрген жас спортшылардың бүгінгі жетістіктері – бағындырған белестерінің бір бөлігі ғана. Алда оларды әлі талай сындар мен асулар күтіп тұр. Сәтін салса, сол жолдағы табыстарды да тізбектеп айтатын күн алыс емес. Тіпті жуырда-ақ қуанышты жаңалықпен бөлісіп қалармыз.
Қош. Салауатты өмір салтын серік еткен, мақсат пен табандылықты ту еткен спортшыларымыздың алдағы уақытта да талай асуды бағындырып, жеңіс туын желбірететініне сенім мол.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
21 сәуір 2026 ж. 31 0

Тазалық пен тағзым

21 сәуір 2026 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930