Баланың бас ұстазы – ата-ана
Жуырда аудандық білім бөлімі мен аудандық білім саласы ардагерлер ұйымының қолдауымен "Ата-ананың бала тәрбиесіне ықпалының педагогикалық шарттары" тақырыбында тренинг өтті.
Аудандық оқушылар үйінің мәжіліс залында өткен жиында "Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі", "Қазалы ауданының құрметті азаматы", ғалым-ұстаз – Шарафадин Алтынбайұлы, белді кәсіпкер –Медеу Бердібайұлы мен ардагер ұстаз – Серік Қуанышбаевтар қатысты.
Жалпы қай уақытта болмасын, бала тәрбиесі мәселесі назардан тыс қалмаған. Өйткені ол – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі. Кездесуде ата-аналар мен мұғалімдер бала тәрбиесіне қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
– Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесін ерекше дамытушы да, ілгері апарушы да-балалар, яғни бүгінгі ұрпақ-ертеңгі елдің болашағы. Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата-ана мен ұстаз. Болашақ десек те, келешек десе де бала – ұрпақ деген мағынаны білдіреді. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлау, адам етіп тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» – демеп пе еді. Осыған орай бүкіл ата-ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата-аналар іс-жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат. Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, – деді ардагер ұстаз С.Қуанышбаев.
Мұнан соң "Агро-Өркен" ЖШС құрылтайшысы Медеу Есқожаев өз қаржысына ұрпақ тәрбиесіне арналып шыққан "Тәрбие басы – тал бесік немесе бір өкініш, бір үміт" атты кітаптың 200 данасын баспадан қайта бастырып, тренингке қатысқан 200 ата-анаға Республикалық "Кітап сыйла" қозғалысы аясында тегін таратып берді. Жиын қатысушы ата-аналар сұрақ-жауабымен қорытындыланды.
С.ӘЛИҰЛЫ