Жасыл экономика – тұрақты даму тетігі
XXI ғасыр адамзат тарихындағы ең үлкен парадокстардың бірін алға тартып отыр. Бір жағынан, ғылыми-техникалық прогресс бұрын-соңды болмаған экономикалық өсім мен материалдық игіліктерді әкелді. Екінші жағынан, осы дамудың өзі табиғи ресурстардың сарқылуына, климаттың өзгеруіне және экожүйелердің әлсіреуіне себеп болды.
Соңғы онжылдықтарда әлемдік қоғамдастық табиғатты қорғау мен экономикалық өсімді қарсы қоюдың тиімсіз екенін түсіне бастады. Қоршаған ортаны сақтай отырып даму – жаңа экономикалық философияның негізіне айналды. Осылайша халықаралық саясат пен экономикалық стратегияда «жасыл экономика» ұғымы кеңінен қолданыла бастады. Бұл ұғым тек экологиялық ұран ғана емес. Ол өндірістің, тұтынудың және ресурстарды пайдаланудың жаңа моделін ұсынады. Жасыл экономика табиғи капиталды сақтай отырып халықтың әл-ауқатын арттыруды, инновацияларды дамытуды және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуді көздейді.
Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер бұл бағытты ұлттық даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналдырды. Қазақстан да осы үрдістен тыс қалған жоқ. Алайда тақырып аясында кей сұрақ көптің талқысында жүр. Расында, жасыл экономика – шынайы экономикалық мүмкіндік пе, әлде адамзаттың табиғат алдындағы жауапкершілігінен туған қажетті таңдау ма? Көпті толғандырған сауал төңірегінде біз де ой тарқатып көрдік.
Соңғы онжылдықтарда әлемдік қоғамдастық табиғатты қорғау мен экономикалық өсімді қарсы қоюдың тиімсіз екенін түсіне бастады. Қоршаған ортаны сақтай отырып даму – жаңа экономикалық философияның негізіне айналды. Осылайша халықаралық саясат пен экономикалық стратегияда «жасыл экономика» ұғымы кеңінен қолданыла бастады. Бұл ұғым тек экологиялық ұран ғана емес. Ол өндірістің, тұтынудың және ресурстарды пайдаланудың жаңа моделін ұсынады. Жасыл экономика табиғи капиталды сақтай отырып халықтың әл-ауқатын арттыруды, инновацияларды дамытуды және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуді көздейді.
Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер бұл бағытты ұлттық даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналдырды. Қазақстан да осы үрдістен тыс қалған жоқ. Алайда тақырып аясында кей сұрақ көптің талқысында жүр. Расында, жасыл экономика – шынайы экономикалық мүмкіндік пе, әлде адамзаттың табиғат алдындағы жауапкершілігінен туған қажетті таңдау ма? Көпті толғандырған сауал төңірегінде біз де ой тарқатып көрдік.
Ұғым қалай қалыптасты?
Жасыл экономика идеясы бір күнде пайда болған жоқ. Оның қалыптасуына ХХ ғасырдың екінші жартысында орын алған экологиялық дағдарыстар әсер етті. Орман алқаптарының азаюы, су ресурстарының тапшылығы, атмосфераның ластануы және климаттық өзгерістер адамзат өркениетінің болашағына қауіп төндірді.
1970-жылдары экологиялық мәселелер халықаралық саясаттың негізгі тақырыптарының біріне айналды. Әсіресе 1973 жылғы мұнай дағдарысы энергия ресурстарының шектеулі екенін айқын көрсетті. Осы кезеңнен бастап мемлекеттер энергияны үнемдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану және жаңа технологияларды дамыту қажеттігін түсіне бастады.
1987 жылы БҰҰ-ның «Біздің ортақ болашағымыз» атты баяндамасында тұрақты даму ұғымы алғаш рет ғылыми тұрғыдан анықталды. Онда тұрақты даму:
«қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, болашақ ұрпақтың мүмкіндіктеріне нұқсан келтірмеу» деп түсіндірілді. Жасыл экономика осы тұжырымдаманың практикалық жалғасы болып саналады.
Табиғи ресурстарға түсіп жатқан қысым
Экологиялық ұйымдардың зерттеулері табиғи жүйелерге түсетін жүктеменің жыл сайын артып келе жатқанын көрсетуде. Мысалы, халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының деректеріне сәйкес, соңғы жарты ғасырда әлемдегі жабайы жануарлар популяциясы айтарлықтай қысқарған. Сонымен қатар адамзаттың экологиялық ізі екі есеге жуық артқан.
Экологиялық із – адамның табиғатқа түсіретін жүктемесін өлшейтін көрсеткіш. Ол адамның тұтынатын ресурстарын өндіру және қалдықтарын сіңіру үшін қаншалықты табиғи аумақ қажет екенін анықтайды. Ғалымдардың болжамынша, қазіргі өмір салты өзгермесе, алдағы онжылдықтарда табиғи ресурстар тапшылығы күшейе түсуі мүмкін.
Сонымен қатар, ресурстарға түсетін қысым тек жануарларға ғана емес, өсімдіктер мен экожүйелерге де кері әсер етеді. Ормандар азайып, жердің эрозияға ұшырауы, су көздерінің ластануы және биоалуантүрліліктің төмендеуі – бұл тенденциялардың нақты көрінісі. Адамзат табиғи ресурстарды үнемсіз пайдалана берсе, су, азық-түлік, энергия тапшылығы мен климаттық өзгерістердің күшеюі қаупі артады.
Экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін жаһандық деңгейде ресурс үнемдеу, қайта өңдеу, тұрақты өндіріс әдістерін енгізу, сонымен қатар халықтың экологиялық санасын арттыру маңызды. Бұл әрекеттер табиғи жүйелердің қалпына келуіне, биологиялық әртүрліліктің сақталуына және адамзат өмірінің ұзақ мерзімді тұрақтылығына ықпал етеді.
Әлемдік тәжірибе: жасыл даму жолы
Оңтүстік Корея – жасыл экономиканы ұлттық даму стратегиясы ретінде алғашқылардың бірі болып енгізген елдердің бірі.
2008 жылы ел президенті Ли Мён Бак «төмен көміртекті жасыл өсім» атты ұзақ мерзімді стратегияны ұсынды. Бұл саясат экономикалық дамуды қоршаған ортаны қорғаумен ұштастыруды мақсат етті. Стратегияның негізгі бағыттарына жаңартылатын энергия көздерін дамыту, экологиялық таза көлік жүйесін қалыптастыру, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттыру, сондай-ақ жасыл технологияларды қолдау және оларды экономикаға кеңінен енгізу жатады. Осы бастамалардың нәтижесінде Оңтүстік Корея экологиялық инновациялар мен энергия тиімділігі саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі уақытта елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 2 пайызы жасыл технологияларды дамытуға бағытталады, бұл мемлекеттің экологиялық тұрақты дамуға ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді.
Ал еуропада жасыл экономика үлгісін табысты енгізгендердің бірі – Финляндия мемлекеті. Бұл ел табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу және энергия тиімділігін арттыру бағытында жүйелі саясат жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі жыл сайын өсіп, энергетикалық жүйенің маңызды бөлігіне айналды. Сонымен қатар елде «нөлдік энергия үйлері» жобалары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Мұндай ғимараттар энергияны барынша үнемдейтін заманауи технологияларды қолданады, жылуды ұзақ сақтайтын арнайы құрылыс материалдары пайдаланылады және кей жағдайларда ғимараттар өзіне қажетті энергияны өзі өндіре алады. Бұл тәжірибе тек энергия шығынын азайтып қана қоймай, экологиялық құрылыс саласының дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және тұрғындардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Австралияда да соңғы жылдары жасыл экономика элементтері, әсіресе күн энергетикасы қарқынды дамып келеді. Елдің табиғи-климаттық жағдайы күн энергиясын кең көлемде пайдалануға қолайлы болғандықтан, бұл сала мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Бүгінде Австралиядағы тұрғын үйлердің шамамен төрттен бірі күн панельдерін пайдаланады, бұл халықтың жаңартылатын энергия көздеріне деген қызығушылығы мен сенімінің артқанын көрсетеді. Сонымен қатар елде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту барысында энергия сақтау технологиялары енгізілуде. Мұндай жүйелер өндірілген электр энергиясын арнайы құрылғыларда жинақтап, оны қажет болған кезде пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде энергиямен қамтамасыз ету тұрақтылығы артып, электр желілеріне түсетін жүктеме азаяды және қоршаған ортаға келетін зиян төмендей түседі.
Жалпы алғанда, Оңтүстік Корея, Финляндия және Австралия тәжірибесі жасыл экономиканы дамыту елдердің тұрақты дамуына, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаңа технологиялық салалардың қалыптасуына үлкен мүмкіндік беретінін көрсетеді. Бұл мемлекеттердің тәжірибесі басқа елдер үшін де үлгі бола алады, себебі жасыл экономика табиғатты қорғаумен қатар экономикалық өсуді де қамтамасыз ететін тиімді даму жолы болып саналады.
Тиімді бастама – тұрақты өзгерістердің кілті
Қазақстан экономикасы ұзақ уақыт бойы табиғи ресурстарға негізделген модельге сүйеніп келді. Мұнай, газ және көмір елдің энергетикалық жүйесінде маңызды орын алады. Алайда жаһандық экономикалық өзгерістер, климаттық өзгерістер және халықаралық нарықтағы құбылыстар ресурстық модельдің ұзақ мерзімді перспективада тұрақты болмайтынын көрсетті.
Сондықтан Қазақстан экономиканы әртараптандыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жасыл экономика қағидаларын енгізуді қолға алды. Жасыл экономика принциптері экономикалық өсуді экологиялық жауапкершілікпен үйлестіруге бағытталған. Бұл бағытта жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру, қалдықтарды басқару және қоршаған ортаны қорғау жобалары басты рөл атқарады.
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуді мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет «Жасыл экономикаға көшу» бағдарламасын, сондай-ақ «Энергетикалық стратегия 2050» және «Климаттық әрекет жоспары» сияқты стратегиялық құжаттарды жүзеге асыруда. Мысалы, 2030 жылға қарай ел энергиясының кем дегенде 50%-ын жаңартылатын энергия көздерінен алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық салаларында көміртегі шығарындыларын азайту бойынша түрлі шаралар қабылдануда.
Ынтымақтастық дамуға ықпал
2025 жылғы 29-30 мамырда Астана қаласында өткен Астана халықаралық форумы (AIF) әлемдік көшбасшылар мен сарапшыларды біріктіріп, жаһандық сын-қатерлерге қарсы көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті. Форум барысында климаттың өзгеруі, ресурстардың шектеулігі және «жасыл» экономикаға көшу мәселелері талқыланды. Экологтар мен бизнес өкілдері табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы экожүйені қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасы Дидар Қарымсақовтың пікірінше, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері секторы қарқынды дамып келеді.
«Қазіргі уақытта ЖЭК үлесі энергетикалық баланста 4,5%-ды құрайды, ал 2030 жылға қарай оны 15%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу міндеті қойылған. Елде ірі жобалар іске асырылуда, мысалы, Жамбыл облысындағы Қордай жел электр стансасы және Алматы облысындағы күн электр стансалары. Сонымен қатар, Қазақстан Еуропалық одақтың көміртегі реттеуіне сәйкес көміртегі салығын енгізуге дайындалып отыр, бұл компанияларды «жасыл» технологияларды енгізуге және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға ынталандыратын маңызды қадам болып саналады. Елде іске асырылып жатқан GCIP-Kazakhstan бағдарламасы – таза технологиялар саласындағы стартаптарды қолдауға бағытталған бірегей бастама, ол 16 мемлекетті қамтитын халықаралық желінің бөлігі болып табылады. Бағдарлама стартаптарға грант беру, халықаралық сараптама алу және жаһандық іс-шараларға қатысуға қолдау көрсету арқылы инновациялық «жасыл» шешімдерді дамытуға мүмкіндік береді. Соңғы екі жылда 200-ден астам өтінім қабылданып, 10 стартап грант алып, бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды; мысалы, Ozen-М стартапы Global Cleantech Days 2024 шарасында 2-орынға ие болды. Бұл тәжірибе стартаптарды халықаралық деңгейде таныстырып, инвесторлармен және серіктестермен байланыс орнатуға тиімді мүмкіндік екенін көрсетеді» дейді Дидар Қарымсақов.
Сарапшылардың сөзінше, «жасыл» технологияларға инвестиция салу экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Стартаптарды қолдау мен инновациялық шешімдерді дамыту арқылы ел жаһандық «жасыл» технологиялар нарығында өз орнын нығайта алады.
Жаңа жобалар жүзеге асуда
Қазақстанда жасыл экономикаға көшуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025-2027 жылдары осы бағытқа шамамен 2,46 миллиард теңге бөлінуі жоспарланған. Бұл қаржы төмен көміртекті өндіріс технологияларын енгізуге, экологиялық стандарттарды әзірлеуге, салалық анықтамалықтарды дайындауға және кәсіпорындарға экологиялық технологияларды енгізуге бағытталады. Министрліктің болжамына сай, 2025 жылға қарай ең озық қолжетімді технологияларды қолдану деңгейі 54%-ға, ал 2027 жылға қарай 75%-ға жетеді. Сонымен қатар Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жету үшін шамамен 610 миллиард доллар инвестиция қажет екені айтылған.
Жаңартылатын энергия саласында Қазақстанда жел және күн энергетикасы бойынша бірнеше маңызды жобалар іске қосылған. Мысалы, Жамбыл облысындағы Burnoye Solar-1 күн электр станциясы – Орталық Азиядағы ірі станциялардың бірі, онда 192 мың күн панелі бар, қуаты 50 мегаватт және жылына 72 миллион кВт/сағат энергия өндіреді. Сондай-ақ Kordai Wind Power Plant жел электр станциясы алғашқы жобалардың бірі ретінде іске қосылған. Аталған жобалар елдің энергетикалық жүйесінде жаңартылатын энергияның үлесін арттыруға мүмкіндік беруде.
Жұмыс орындарына жол ашады
Жасыл экономика тек экологиялық бастама ғана емес, сонымен қатар жаңа экономикалық мүмкіндіктердің айқын көзі болып отыр. Қазіргі жаһандық үрдістер планетамыздың экологиялық тепе-теңдігін сақтау мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі екенін көрсетеді. Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға бай ел үшін жасыл экономика – бұл тек қоршаған ортаны қорғау емес, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу мен экономиканы әртараптандыру мүмкіндігі.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімді құрылыс салу, қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық көлікті енгізу және жасыл технологияларды қолдану сияқты бағыттар тек экологияны жақсартып қана қоймай, экономикалық өсудің жаңа жолдарын ашады.
Сарапшылардың болжамынша, Қазақстанда жасыл экономикаға көшу жүздеген мың жаңа жұмыс орнын туғызуы мүмкін, бұл жаңа мамандықтардың дамуына, инженерлік және ғылыми зерттеулердің кеңеюіне, сондай-ақ экспорттық әлеуеттің артуына жол ашады. Осылайша, жасыл экономика елдің тұрақты дамуына, инновациялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге үлес қосатын стратегиялық бағыт болмақ.
Тобықтай түйін: Жасыл экономика» – бұл тек табиғатты қорғау емес, сонымен бірге тұрақты даму мен болашақ ұрпаққа өмір сыйлайтын жаңа мүмкіндік. Экономикалық өсім мен экологиялық жауапкершілікті үйлестірген қоғам ғана шынайы гүлденуге жете алады. Бүгінгі таңда қабылданатын әр шешіміміз ертеңгі өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр қадамымыз саналы, есепті және жауапкершілікпен жасалуы тиіс. Біз табиғатты, экономиканы және қоғамды біртұтас жүйе ретінде қарастырған кезде ғана тұрақты және гүлденген болашаққа қол жеткізе аламыз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














