Сананы серпілткен сапар
«Журналист пен қасқырды аяғы асырайды» деген тәмсілді ұстанып жолға шыққанбыз. Бағытымыз – Сарыарқада салтанат құрған Астана шаһары, мақсатымыз – еліміздегі бүгінгі ақпарат айдынының көшін бастап жүрген бәсі биік басылымдардың озық жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасу.
Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Динара Бисембинаның ұйымдастыруымен өрбіген семинарға «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев бастап, «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елеш, «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Дастанбек Садық, шиелілік «Өскен өңір» газеті бас редакторның орынбасары Елдос Жүсіп, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Ердос Беркінбаев, «Жаңақорған тынысы» газетінің жауапты хатшысы Самат Әбдіш, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Ерасыл Шәрібек қатысқан болатын.
Ұлы Жібек жолының бойында қаздай тізілген аудандардан жасақталған қаламы жүйрік жігіттермен даңқы мен дақпырты көп қалаға біз де тартып кеткенбіз. Осы орайда, Тұңғыш Президенттің қолтаңбасы саналатын шырайлы шаһардың бүгінгі келбеті көрген жанның көзін тойдыратынын айтпай кетпеске болмас. Патша көңілді оқырманға сұлулығы көздің жауын алатын қалада болған сапарымыз туралы сыр ақтарғанды жөн санадық.
Ұлы Жібек жолының бойында қаздай тізілген аудандардан жасақталған қаламы жүйрік жігіттермен даңқы мен дақпырты көп қалаға біз де тартып кеткенбіз. Осы орайда, Тұңғыш Президенттің қолтаңбасы саналатын шырайлы шаһардың бүгінгі келбеті көрген жанның көзін тойдыратынын айтпай кетпеске болмас. Патша көңілді оқырманға сұлулығы көздің жауын алатын қалада болған сапарымыз туралы сыр ақтарғанды жөн санадық.
Елдің айнасы – «Егемен»
Астанаға жасаған сапарымыз алдымен еліміздегі аға басылым саналатын «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясымен танысудан басталды. Бір кездері қазақтың қарымды қаламгерлері тізгінін ұстаған ұжымның бүгінгі жағдайы туралы бізге басылымның басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор Айбын Шағалақ кеңінен мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің ерен газеті алдағы уақытта Ресейдің шеткі аймақтарындағы қандастарымызға да жеткізілмек екен. Сонымен қатар, «Егеменге» әлемге әйгілі, Американың атақты «The New York Timеs» газетінің бір беті қосымша ретінде тіркелмекші.
Кездесу барысында сайт жұмысын ілгерілетуге қатысты аға газеттің сайт ісінің басшысы Құрманəлі Қалмахан оқырман тарту, əлеуметтік желі, «YouTube» арқылы қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде кеңінен сөз қозғады. Сонымен қатар, кездесу барысында газет бетінде шығатын мақалалардың мазмұнын арттыру, оқырманға қызықты дүниелер беру, төрт аяғын тең басқан тақырыптар қою төңірегінде пікірлер алмасылды.
Бір қызығы, ғасырға жуық тарихы бар басылымда өткен жылдан бастап журналистерге, студенттерге арналған «Егемен академиясы» өз қызметін бастапты. Тіпті, онда танымал журналистермен қатар, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың өзі дәріс оқыған. Академияда ақпарат айдынына қызығатын жастар өз білімдерін жетілдіріп, түрлі семинарлар мен лекцияларға қатысуға мүмкіндік алған.
Кейінгі жылдары «Егемен Қазақстан» газеті оқырманға жақын болу мақсатында сайтта мақалалармен қоса арнайы видео жобалар жариялай бастапты. Осы орайда Youtube-тан арнайы «Egemen TV» арнасы ашылған. Онда «Өрнек», «Стадион», «Сарапшы пікірі» секілді түрлі жобалар жарық көріпті. Сырбойылық журналистерді дәл осындай мультимедиялық бағытта ақпарат тарату ісі қызықтырғанын айтпай кетпеске болмас. «Егемендегі» елеулі істерден кейін біздің де замана көшінен қалмауымыз керек екендігін ұқтық.
Осы тұста «Сыр медиа» басшысы Аманжол Оңғарбаев: «Еліміздегі алдыңғы көшті бастап келе жатқан газеттен қай басылымның да үйренері көп. Бүгінгі семинарда шешімін таба алмай жүрген сұрақтардың жауабын тапқандай болып отырмыз. Бас басылымның жұмыс істеу саясатының өзгеріп жатқанына өте риза болдық. Әсіресе, интернет жүйесімен жаңаша қадам бастап жатқаны ұнады», – деген ойын жеткізді.
Қазақ журналистикасында «Шерағаңның шекпенінен шыққан» деген тіркес бар. Кезінде бұл қанатты сөз белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның елдің бірінші газетін басқарып тұрғанда айтылса керек. Бұл сапарымызда «Егеменнің» бүгінгі бет-бейнесі де сол Шерхандар салған абыройлы жолдан ауытқымайтынына, тың серпілістің әлі көп болатынына көзімізді жеткізгендей болды.
Бұдан кейінгі сапарымыз дүйім жұртшылыққа белгілі «Казахстанская Правда» газетінде, еліміздегі телеарналардың басын біріктірген «КазМедиа» орталығындағы «Хабар», «Евразия», «Балапан» секілді телеарналарда, көпшілікке танымал «Түнгі студия» бағдарламасында жалғасты.
«Басқалар айтпағанды біз айтамыз»
Иә, бұл – еліміздегі екі жарым мыңнан астам сайттың көш басында тұрған халықаралық «Sputniknews.kz» cайтының басты ұстанымы. Екі тілде жүргізілетін сайттың біздің жұрттан бөлек, әлемнің көптеген қаласында филиалдары орын тепкен. Замана бағытын дөп басып, оқырман назарын өзіне аудара білген ұжымның баспасөз хатшысы Айгүл Сұлтанова бізге өздерінің мол тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын барысында сайтта жасалынып жатқан соңғы үлгідегі тың өзгерістер, бейнематериалдар, мақалалардың дәл уақытында берілуі, журналистерінің асқан ізденімпаздығы осы салада маңдай терін төгіп жүрген көптеген жастарды таңырқатпай қоймайтынын түсіндік. Ал, қызметкерлерінің барлығы дерлік 3-4 тілді білетіндігі, кез келген бағытта еркін аударма жасай алатындығы, бүгінгі өркениет керуені білімге қарай толық бет алғанын ұқтырғандай.
«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» дегендей, кез келген жаңалықты кірпік қаққанша жариялайтын интернет ресурсының өзгелерден айырмашылығы сараптамалық зерттеулерінің көп болып, сайт парақшаларына тікелей эфир құрылғысын қондырып, әлсін-әлсін мониторингтер жүргізіп отырулары көңілді көншітті. Мұнымен қоса, «Тelegram», «Twitter», «Instagram», «Facebook» cекілді желілерді өз мүдделеріне тиімді пайдалана білетіні ұнады.
Осы орайда, «Заман білімді жастардікі!» деген қанатты сөздің текке айтылмағанының куәсі болдық.
Кездесу барысында «Sputniknews.kz» сайты мен «Сыр Медиа» ЖШС-нің арасында іскерлік байланыс орнатылу сөз болып, әралуан пікірлер айтылды. Ал, сырбойылық тілшілер өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар ала білді.
Бәсі биік білім ордасы
Астанаға жасаған сапарымызда тағы бір бас сұққан жеріміз – тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімін иеленген университет. Басты ғимарат аумағының өзі ат шаптырым болатын оқу ордасының келіскен сәулеті кім-кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Бұдан бөлек, еліміздің ең таңдаулы студенттері ғана оқитын, ең мықты халықаралық зертеушілер, ғалымдар дәріс беретінін айта кеткен абзал. Ал, мұнда Нобель сыйлығының иегерлері дәріс оқып, атақты профессорлар сабақ беретінін білдік. Сондай-ақ, оларға шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында бар мүмкіндікті жасап қойғаны айтпаса да түсінікті болды.
2010 жылы Елбасының бастамасымен ашылған білім ошағы шет тілін шебер меңгерген зияткер жастар мен зиялы қауымның құтханасы десек, артық айтқандық болмас.
«Шет тілін шебер меңгерген» дейтін себебіміз, бұл университеттің дәрістерінің түгелге жуығы ағылшын тілінде өткізіледі. Ғимарат ішінде жүргенде де кез келген қазақ жастарының өзара ағылшын тілінде еркін сөйлесіп жүргені жанымызға жақты.
Жалпы, бұл ең беделді университетте математика, физика және химия, компьютер ғылымдары, роботтық техника мен механотроника секілді салаларға басым көңіл бөлінген.
Университеттің баспасөз хатшысынан білгеніміз, аталмыш оқу ордасын бітірген жастардың елу пайызынан көбі шет елдерге шығып, өздерінің білімдерін толықтырып отыратын көрінеді.
Назарбаев атындағы білім сарайына қарасты: студенттер жатақханасы, бизнес мектебі, арнайы спорт кешені, мұғалімдерге арналған котедждер, арнайы ғылыми зертханалар, соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған кітапхана, асхана, түрлі дүкендер салынған. Бұл оқу орнында тек мемлекет тарапынан тағайындалған грант иегерлері оқитындықтан, негізінен жатын орын мен тамақтану тегін.
Білім ғимаратында жүргенімізде қазақ баласы біліммен қаруланған уақытта жер-жаһанның алдына шығып, озық елдердің қатарына кіретініміз айқын екенін түсіндік.
Астанаға жасаған сапарымыз сыртқы пішіні көз жанар іспеттес салынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталықтың жұмысымен танысумен тәмамдалды.
Сөз соңы: Біз табалдырығынан аттап, тәжірибесіне құлақ түрген ақпарат құралдары заман көшіне ілесіп, кескін-келбеті күннен-күнге түрленуде. Содан да болар, олардың оқырмандары қалың. Ал тілшілерінің кәсіби машық-дағдыларының сырына үңілу арқылы журналистік шеберлігімізді шыңдауға шабыт алдық. Яғни, Астана сапары көңіл көзімізді ашып, тәжірибемізді ұштап, қиялымызға қанат бітірді деуге болады. Осы ретте, жас журналистердің жігерін қайрап, демеу болып жүрген ат арқасындағы ағаларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Есет ТАБЫНБАЕВ,
Астана қаласы