Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жастар үніне айналған басылым

Жастар үніне айналған басылым

Биыл аймақ жастарына арналған басылым – облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің жарыққа шыққанына 5 жыл толды. Қысқа ғана мерзім ішінде көпшіліктің көңілінен шығып, өз оқырманын тапқан басылым жас буынның мінберіне айналды.
«Арыстандай айбатты, жолбарыс­тай қайратты, қырандай күшті қанаты, мен жастарға сенемін!» деген Мағжан атамыздың сөзі қанша заман ауысса да мәні мен маңызын еш жойған емес. Әр дәуірде жастарға сенім артылып, ел оларға үлкен үмітпен қарап келеді. Тәуелсіз елімізді өркениеттің көшінен қалдырмайтын, ұлтты ұшпаққа шығарар кейінгі толқынға қамқорлық жасалып жатыр. Соның бір дәлелі – бесінші белеске көтерілген осы басылым.
Облыс әкімдігінің қолдауы­ның арқасында 2013 жылы облыстық «Ақмешіт жастары» басылымы өмірге келіп, өңір жас­тарының жаңа бір тынысы ашылды.
– Биыл газетімізге 5 жыл толып отыр. Осы  уақыт ара­лығында мазмұнды мақа­ла­лар жарияланып, түрлі ай­­дарлар ашылып, өз оқыр­ман­дарының сүйікті басылымына айнала білді. Жас­тар шығармашылығын да­мы­туға, талантты жастарды жарыққа шы­ғаруға және қоғамдағы мә­се­­лелерді көтеруге және шеші­­луіне өз үлесін қосып келеді. Әр жылды артқа тастап, оқырман санының өсіп келе жатқаны да газет мазмұнының артқанын білдірсе керек. Сонымен бірге, газет сайты мен басылым беттерінде түрлі шығармашылық байқаулар ұйым­­­дастырылуда, – деді басы­лым­ның бас редакторы Айжан Жұмабекқызы.
Жастардың сырласына ай­налып үлгірген газетте бі­лім, еңбек, жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктер, кәсіп­тік, рухани және дене тәрбие­сіне жасалған жағдайлар, таланттарды қолдау, шыңдау, олар­ды замандастарына үлгі ету, әлеуметтік көмек көрсету тақырыбы қозғалып, балалар мен жастар бірлестіктерінің жұмысы насихатталады.
– Ал, «Ақмешіт жастары» 32 салалық тақырыптан тұрады. Олардың әрқайсысы «Айна» (ел жаңалықтары), «Жаршы» (жас­тар өміріндегі жаңалықтар), «Тұғыр» (нөмірдің басты кейіп­керімен сұхбат), «Қамшы» (актуалды мәселелер), «Бағдар» (жас кәсіпкерлер беті), «Дода» (спорт беті), «Демалыс» (соңғы бет) деген 7 беттен басқасы ауысып айына бір рет оқырманға ұсынылып келеді. Тақырыптық қайталаулардың алдын алу үшін және мазмұны ұқсас материалдарды топтастыру мақсатында жұмыс осылай жүйеленген. Ен­ді осы беттердің қатарына  күзде оқырмандар сұранысына орай айына бір рет «Қаржы» бетін қосамыз. Газетте бас-аяғы 150-ге жуық айдар бар. Біздің кейіпкерлеріміздің дені 14 пен 29 жас аралығындағылар, – деді басылым жетекшісі.
Басылымның бас редакторы Айжан Абдуллаеваның мәлімдеуінше, мұнда өз зама­нымыздың көшбасшы, іскер, ұйымдастырушы, өз ісіне жауап­­­кершілікпен қарайтын кәсі­би білікті маман – білімпаз, ең­беккер, кәсіпкер, табысты жастары үнемі насихатталады, олар­мен сыр-сұхбат ұсынылады. Жұмыссыз, әлдебір себеппен жо­лын таба алмай жүрген, заманауи тілмен айтқанда, маргинал жастар да тілшілер назарынан сырт қалған емес. Олардың мәселелері үнемі әрі дер уақытында басылым бетінде жарияланып келеді.
– Облыс жастарының сенім­ді сырласына айналған бұл газеттің бүгінде таралымы 10000-ға жуықтады. Мектеп оқу­­шыларынан бастап, жастар өміріне бей-жай қарамайтын барлық жастағы белсенді оқыр­мандар пошта, электронды пошта арқылы хат жолдап, ұдайы мақалалар жазып тұрады. «Өзін-өзі мақтаған еліммен тең» ғой, осы уақыт ішінде не жаздық, не жазбадық, не жазуға болады, осы туралы оқырман пікірін тыңдайық деп Ә.Тәжібаев атындағы орта­лық кітапхананың коворкинг орталығында оқырман-жастармен, көшбасшылармен, студенттермен кездестік. «5 жылдыққа – 5 шара» деген лозунгпен өткізетін шарамыздың басы осы, – деді А.Абдуллаева.
Жастармен өткен басқосуда «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, облыстық жастар саясаты мәсе­лелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес сөз сөйлеп, ыстық ықыластарын білдірді. Ал, республикалық «Ұстаз мәртебесі» газетінің редакторы Нұрлан Көбегенұлы аталған басылымның жас тілшілерге таптырмас мектеп екенін жеткізді. Сонымен қатар, бес жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен қызықты есте­ліктер айтылып, жастарды бірлесе жұмыс жасауға шақыр­ды. Мерейтойлық басқо­суда облыстың жастар саясаты мәсе­лелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің құттықтау хатын және естелік сыйлығын табыстады.
Одан бөлек, жексенбі күні басылым ұйымдастырған акция аясында «Мұз айдынында» қала жастары тегін коньки тепті. Сондай-ақ, жыл аяғына қарай газетте бес жыл ішінде жарық көрген таңдамалы мақа­лалардың топтамасын шығару жоспарлануда.
Редакция ұжымының дені – жастар. Еңбек жолын «Ақмешіт жастарынан» бастаған мамандар бүгінде республиканың, облыстың маңдайалды басылымдарында, телеарналарында табысты еңбек етіп жүр. Жас мамандардың шеберханасы сынды осынау ұжымның идеясы мен креативті бастамалары оқырманын алдағы уақытта да тәнті етеді деген сенімдеміз.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
11 қыркүйек 2018 ж. 1 393 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 45

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 60

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031