Қазалы » Жаңалықтар » Қазақстанда қай өңірдің тұрғындары шетелге көбірек көшіп жатыр?
Қазақстанда қай өңірдің тұрғындары шетелге көбірек көшіп жатыр?
Өткен жылы Қазақстанға тұрақты тұруға 23 761 адам келсе, 7 608 адам көшіп кеткен.Фото: freepik.com
Елімізде үшінші жыл қатарынан көші-қонның оң сальдосы байқалып отыр, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Бюро мәліметінше, 2024 жылмен салыстырғанда Қазақстаннан кеткендер саны 40,2%, елге келгендер саны 18,9% азайған.
«Негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүрген. Достастық елдеріне барлық келушінің 81,8% және кеткендердің 71,8% тиесілі. Басқа елдердің ішінде Қытайдан, Моңғолиядан және Германиядан келгендердің саны көп болса, кеткен елдер арасында азаматтар Германия, Польша және АҚШ-қа көбірек көшкен», – делінген ресми ақпаратта.
Келгендердің басым бөлігі тұрақты тұру үшін еліміздің өңірлері арасында Алматы облысын – 5 754 адам, Алматы қаласын – 4 068 адам және Маңғыстау облысын – 3 562 адам таңдаған.
Елден кеткендердің көбі Қарағанды облысынан – 1 451 адам, Алматы қаласынан – 757 адам және Шығыс Қазақстан облысынан – 685 адам көшіп кеткен.
«Шетелден келгендер мен кетіп жатқандардың негізгі үлесі – 35-39 жас аралығындағы азаматтар. Елден кеткендер және келгендер арасында техникалық және экономикалық білімі бар адамдар саны басым», – дейді мамандар.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылымен салыстырғанда ел ішіндегі көші-қон 13,6% өскен. Соның ішінде Астанаға көшіп жатқандар саны басым – 87 459 адам. Астанадан бөлек халық көші-қонының оң айырмасы Алматыда (33 126 адам), Шымкентте (15 130 адам) және Алматы облысында (12 110 адам) тіркелген.