Жаңғырған сайлау жүйесі жаңашылдыққа жетелейді
2005 жылы Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен ақпан айының алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде бекітілді. Бұл бастама БҰҰ тарапынан қолдау тауып, кәсіби мереке ретінде ресми деңгейде танылды.Азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етуге арналған Дүниежүзілік сайлау күнінің маңыздылығын ескере отырып, біз Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбаймен хабарласып, әлемдік мерекенің мақсат-міндетін сөз етіп, саяси жүйедегі жаңашылдықтар және осы күннің аясында аудандық деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы сұрауды жөн көрдік.
– Бұл күнді атап өту дәстүрі 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлау ұйымдастырушыларының бастамасымен енгізілген. Дүниежүзілік сайлау күні әр жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде өткізіледі. Себебі Халықаралық сайлау туралы келісімдер дәл осы айдың басында қабылданған.
Дүниежүзілік сайлау күні азаматтардың сайлау құқығын қорғау мен сайлау жүйесін жетілдіру мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында ұйымдастырылады. Бұл мереке демократияның қоғамда орнықты екенін көрсетуге, халықты сайлау процесінің нәтижелерімен таныстыруға және жас сайлаушыларда демократиялық құндылықтарға деген қызығушылықты оятуға бағытталған, – дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбай.
Қазақстан аталған қауымдастыққа толыққанды мүше болып табылады. Еліміз беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанып келеді. Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстен Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген. Конституцияның және осы Заңның ережелеріне сәйкесҚазақстен Республикасының Президентін, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын, сондай-ақ аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізіледі.
Президент пәрменімен 2019 жылдан бастап аумақтық сайлау комиссияларының 2 мүшесі, ал 2023 жылдың басынан облыстық сайлау комиссияларының толық 7 мүшесі және аудандық сайлау комиссияларының 3 мүшесі кәсіби негізде тұрақты жұмыс жасауға көшті. Бұл өз кезегінде әрбір саяси науқанды өткізетін комиссия мүшелері үшін үлкен жауапкершілік жүктеді. Сонымен қатар, аралас сайлау жүйесін енгізу өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік тудырды. Ал өзін-өзі ұсыну тетігінің енгізілуі де депутат, әкім болуға ынтасы бар азаматтарға үлкен жол ашты.
Аудандағы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бірнеше уақыттан бері жергілікті билікпен біте қайнасып, табысты қызмет етіп, өңірдің саяси өміріне елеулі үлес қосып келе жатқандығы белгілі. Өткен жылы Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы жанында Жас сайлаушылар клубы құрылды. Клубтың арнайы ережесі бекітілген. Құрамында 7 адам бар. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, бұл клубты құрудағы басты мақсат – жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру.
Қазіргі таңда, клуб өз жұмысын жандандыруда. Клуб жұмысы бастау алған кезде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.М. Әбдіров 2025 жылғы 23 қыркүйекте Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен, сондай-ақ аудан жастарының қатысуымен кездесулер өткізді. Ол учаскелік сайлау комиссияларының аудан әкімінің сайлауына дайындығын көріп, атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
Әңгіме барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасынан сайлау жүйесіне енген өзгешеліктер аясындағы жұмыстар барысы қалай жүріп жатқанын сұрауды да ұмытпадық.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси реформа аясында 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Содан бергі уақыт аралығында еліміздің көптеген елді мекенінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Әлі де бұл демократиялық үрдіс өз жалғасын тауып келеді. 2025 жылы 28 қыркүйекте Қазалыда аудан әкімінің сайлауы өтті. Сонымен қатар 3 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтіп, атап айтқанда Ғ.Мұратбаев, Қарашеңгел және Арықбалық ауылдық округтерінің әкімдері сайланды. Өткізілген барлық деңгейдегі сайлаулар заң аясында және ашықтық қағидаты негізінде ұйымдастырылып, ешқандай тәртіп бұзушылықтар орын алған жоқ. Биыл алдымыздааудан бойынша өкілеттік мерзімі аяқталатын 5 ауылдық округ – Өркендеу, Бозкөл, Аранды, Құмжиек және Ақжона ауылдық округтерінің әкімдерін сайлауын абыроймен өткізу міндеті тұр, – дейді аудандық комиссия төрағасы.
Несін жасырайық, қазіргі таңда сайлау жүйесі демократия талаптарына сәйкес жұмыс істеп жатқанын көреген көз көріп отыр. Жұртшылық қалыптасқан ескі түсініктен арылып, еліміздің жарқын болашағына апарар жол – ол әділ, ашық сайлаудан басталатынын түсінді. Науқанға қатысу – өз өміріне, елдің келешегіне бейжай қарамау екенін шындап ұғынды. Өйткені қазіргі сәтте кез келген сайлауда сайлаушылардың құқығын сақтау, дауыс беру мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Тіпіті ауыл әкімі болуға кандидаттардың өзін өзі ұсынуы сайлау жүйесінің жаңарғанын, елдің қалауына болысқанын аңғартып тұр.
– Биыл саяси жүйеде тағы бір маңызды оқиға орын алмақ. Қызылорда қаласында өткен бесінші Ұлттық Құрылтайда Парламенттік реформаларға сәйкес ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Құрылтай» атауының тарихи мәні мен халқымызға жақындығын атап өтіп, жаңа бірпалаталы Парламентке осы атауды беру ұсынысын жасады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Парламенттің құрылымы мен құрамына қатысты жұмыс тобының негізгі ұсыныстарымен бөлісті. Президенттің айтуынша, депутат санын көбейтуге қажеттілік жоқ, мәселе сапада болып отыр. Ең маңыздысы, Парламентте нағыз патриоттар мен кәсіби мамандар болуы тиіс. Жұмыс тобы азаматтардан түскен ұсыныстарды талқылап, ақырында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген қорытындыға келді. Сонымен қатар жаңа Парламенттің ішкі құрылымына қатысты ұсыныстар да айтылды. Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитеттер саны 8-ден аспауы тиіс. Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жаңа Парламентте қарастырылмайды. Депутаттар бес жылға сайланады және сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтеді. Бұл әдіс саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырары анық, – дейді Нұрлан Аманбай.
Қош. Мемлекет басшысы басымдық берген жүйелі реформалардың арқасында сайлау жүйесінде тың серпін қалыптасары сөзсіз. Ал аудандық аумақтық сайлау комиссиясы саяси жүйедегі жаңашылдықтарды жандандырып, жүйелі жұмыс жүргізуді одан әрі жалғастыра бермек.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














