Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытын тапқан өнерден

Бақытын тапқан өнерден

Мәдениет – көзге көрінбейтін, бірақ қоғамның тамыр соғысын айқындайтын алып әлем. Ол бірде думанға толы сахна, бірде толғанысқа толы тыныш кеш, енді бірде қайнаған қазан іспетті тынымсыз тіршілік. Сол қазанның ішінде үнсіз қайнап, бар ғұмырын өнерге арнаған жандар бар. Олар атақ іздемейді, алғыс күтпейді, тек халықтың жүрегіне жол табуды мұрат етеді. Осындай мәдени майданның алғы шебінде жүрген жандардың бірі – руханиятқа адал қызмет етіп келе жатқан Асылбек Көшербаев.
Жастарға бағыт беріп, олардың көштің алдында болуына көп көңіл бөлетін Асылбек Кеулімжайұлының өмір жолы да жастарға үлгі боларлықтай. Бір кездері өзі де жалындап тұрған жас болып, ауданның мәдени өмірінде өзіндік орнын тапқан ол бүгін де мәдениет майданының бел ортасында жастармен иық тіресе еңбек етіп жүр. Әйтсе де оның еңбегі көптің назарынан тыс қалып жатады. Осы орайда біз Асылбек ағаның өнер жолындағы өрелі ісін өскелең ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұттық.
Өткенге шегініс жасасақ. Өнерге деген сүйіспеншілік оның жүрегіне жастайынан ұялаған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әнге ғашық болып, сахнаны армандады. Жас таланттың қиялы оны Алматыға жетеледі. Алайда өмір жолы кейде адамды өз дегенінен басқа сүрлеуге бұрып жібереді емес пе?!
1988 жылы ол Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтты «зоотехник» мамандығы бойынша тәмамдады. Дегенмен, жүрек түбіндегі өнерге деген алау сөнген жоқ. Студенттік шақтың өзінде түрлі байқауларға қатысып, топ жарып жүрді.
1989 жылы Алматы қаласында өткен алғашқы Наурыз мерекесінде «Студент көктемі» байқауының жеңімпазы атанып, Наурыз думан», «Кеш жарық» секілді телебағдарламаларға қатысып, көрерменге кеңінен таныла бастады.
Оқу тәмамдалған соң туған жерге оралған жас маман еңбек жолын 1994 жылы Қызылқұм шаруашылығы серіктестігі төрағасының орынбасары ретінде бастайды. Алайда мұндағы қызмет 7 айға жуық уақытқа созылады. Өйткені өнерге ынтық жүрегі оны қайтадан сахнаға жетелеген еді.
Асылбек аға сол кезеңді еске алып:
– Өнерге ғашықтығым мені түбі мәдениетке алып келерін сезгенмін. Бірақ дәл бұлай тез болар деп ойламағанмын. Бірде ауданда өтетін байқауға қатысушы алып келгенімде, Жетіскен мен Насыр ағаларым: «Өзің қатыссаң қалай?» – деп қолқалады. Сол байқауға мен де қатыстым. Кейін Қызылорда қаласында өткен сабан тойда аудандық мәдениет бөлімінің атынан өнер көрсетіп, қырғыз әні «Еламан» әнін айтып көптің қошеметіне бөлендім. Осыдан кейін мәдениет бөлімнен ұсыныс түсті. Солайша 1994 жылдың қарашасынан бастап аудандық мәдениет үйінің әдіскері болып жұмысқа орналастым. Кейін қалалық мәдениет үйінде сүйемелдеуші, іс-жүргізуші, музыкалық жетекші, «Халық» театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқардым, – дейді ол.
Асылбек Кеулімжайұлы осы жылдар бойы өнер жолында елеулі жетістіктерге жетті. Ол облыстық «Тазша бала» байқауының жеңімпазы атанып, Халық театрының белсенді мүшесі болды. Қалтай Мұхаммеджановтың «Осылай да болады» пьесасында Садық кейіпкерін шебер сомдап, көрерменнің жүрегіне жол тапты. Сонымен қатар балаларға арналған ертегілерде ақ қоян образын ерекше шеберлікпен жеткізе білді. Оның еңбекқорлығы мен таланты бірнеше рет облыстық мәдениет басқармасы, аудан мен қала әкімшіліктері, мәдениет бөлімдері тарапынан Алғыс хаттармен бағаланды.
Білімін жетілдіруді де ұмыт қалдырмаған ол 2015 жылы Қызылорда қаласындағы Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын «Мәдени-тынығу жұмысын ұйымдастырушы» мамандығы бойынша бітірді. Бүгінде Қазалы қалалық мәдениет үйінде мәдени ұйымдастырушы қызметін атқарып, өңірдің рухани тынысын кеңейтуге сүбелі үлес қосып келеді. Оның ұйымдастыруымен өткен әрбір кеш – көрермен көңілінен орын тапқан. Әр шараның мазмұны мәнді, көркемдік деңгейі жоғары, көрерменге айтары бар. Сахна безендірілуінен бастап, сценарий желісіне дейінгі әрбір деталь ұқыптылықпен ойластырылып, кештің тұтас бір идеяға құрылуына ерекше мән беріледі. Сондықтан болар, оның қолтаңбасы бар кештерден жұрт ерекше әсер алып, рухани серпіліп қайтады.
***соңы 3-бетте

Қазалылық тыңдарман қауым үшін Асылбек Кеулімжайұлының шығармашылығы ерекше орын алады. 2013 жылы мәдениет саласындағы 20 жылдық еңбегіне арналған «Еркем-ай» шығармашылық кеші ұйымдастырылып, ел есінде қалған ерекше рухани мерекеге айналды. Сол кештің әсері әлі күнге дейін жұрт жадында.
– Несін жасырайын, халықтың қошеметі сол жылдардан бері сейілген емес. Қай шарада болсам да, жерлестерімнің ыстық ықыласын сеземін. Жастар да жылы қабылдап, ізгі лебізін білдіріп жатады, – дейді ол ризашылықпен.
Жайдарлы мінезімен жан-жағына жылуын төгіп жүретін жан өз ортасында да өте сыйлы. Әріптестері де оның кәсібилігі мен жастарға деген қамқорлығына дән риза.
– Асылбек аға өз ісін сүйетін жан. Ауданның мәдени өмірінде ойып алар орны бар. Кішіге ізетті, жастарға білгенін үйретуден жалықпайды. Білмегенімізді айтып, бағыт-бағдар береді. Кейінгі буын оны ұстаз деп санайды. Оның жинаған тәжірибесі біздерге айтарлық азық, – дейді жас әріптестері.
Кейіпкеріміз – сахна адамы ғана емес, өнегелі әке, ардақты жар. Жұбайы Лаура Жеңсікбаева «Өрімтал» балабақшасында аспазшы болып еңбек етеді. Төрт перзент тәрбиелеп отырған отбасы – берекенің үлгісі. Балаларының бірі өнерді таңдап, актерлық қырын дамытып жүрсе, екінші ұлы әкесінің бастап, бірақ жалғаспаған жұмысын жалғастырып, қазіргі таңда ветеринария саласында білім алуда.
– Өмірдің осындай ғажап үйлесіміне қарап, тағдырдың әр бұрылысы бекер емес екенін түсінесің. Бірақ дәл бұлай боларын кім білген?! Өмір ағыны бәрін өзі реттейді екен ғой. Әкем мен шешем мені өздері қалаған мамандықта көргісі келді, бірақ маған мәдениет саласында «нан жеу» бақыты бұйырды. Қызығы, қазір әке-шешемнің сол арманы балам арқылы орындалуда, бұл мені ерекше қуантады», – дейді ол ағынан жарыла.
Көпшілікке жүзі мен даусы жақсы таныс, бір кездері көптің көрермен көзайымына айналған кейіпкеріміздің өңір мәдениетіне қосқан еңбегі орасан. Тіпті бүгінгі күнде де ол қала, қала берді аудан мәдениетінің тынысын кеңейту үшін бар күшін салып келеді.
Қош, мәдениет майданының көрінбейтін қаһармандары аз емес. Алайда солардың арасынан ел есінде сақталып, халық жүрегінен орын алу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Асылбек Көшербаев – дәл сондай руханият сарбазы.
Арман ешқашан алдамайды, ал бақ кейде сен мүлде күтпеген сәтте қонады. Мұны біз кейіпкерімізбен болған әңгімеден аңғарғандаймыз. Ең бастысы, арманды аласартпау керек. Оған соңына дейін сеніп, үмітті үзбей ұмтылу қажет. Асылбек аға да осыны айтады. Расында, оның жолы болып, бағы жанған жан десек артық емес. Дегенмен ол мұнымен мақтанып, көкірек кермейді. Себебі ол маңдайына бұйырған қасиетті бақтың қадірін түсініп, соның бағасын білуді өмірлік мұрат санайды.
« Өнерді шексіз, нақ сүйген,
Шынайы бақыт табады» демекші, өмірін өнермен байланыстырған жанның дара жолы – кейінгі жастарға даңғыл бағыт болары анық. Мәдениет саласына әлі де берері мол ағамызға еңбегіңіз жемісті болып, шығармашылығыңыз әрдайым шарықтай берсін демекпіз.

Арайлым ЖҮСІПОВА
14 наурыз 2026 ж. 24 0

Бақытын тапқан өнерден

14 наурыз 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031