Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаһандық жылыну һәм адамзат алдындағы басты қауіп

Жаһандық жылыну һәм адамзат алдындағы басты қауіп

Жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі — бүгінгі таңдағы ең ауқымды экологиялық, экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлерінің бірегейі.
Жаһандық жылыну деген не? Температурадағы теңсіздік салдары неге апарады? Оған қарсы іс-қимылдар бар ма? Сараптадық.

Планета қызуы неге артуда?

Климаттың өзгеруі туралы ашық деректер мен ғылыми талдаулар ұсынатын, «Berkeley Earth» ұйымы дерегінше, соңғы жүз жылда Жердің орташа беткі температурасы пре-индустриялық деңгейден шамамен 1,4–1,5 градусқа көтерілген. Мұндағы мамандар 2025 жылы бұл көрсеткіш әртүрлі деректер бойынша 1,44 градус десе, Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамы орталығы – Copernicus ERA 51,47 градус дейді. Бұлар 2023–2025 жылдардың үш жылдық орташа мәнінде алғаш рет 1,5 градустан асып түскенін ұғындыруда.
Жаһандық жылыну – жер ғаламшарындағы орта температураның артумен түсіндірілетін үрдіс. Ол қай кезде айқын өзгерісін көрсетті деген сұраққа нақты жауап жоқ. Десе де құрғақ ауа мен ылғал ауа температурасы XX ғасырдың басында орта есеппен 0,8 градусқа артқаны белгілі. Ғалымдардың пайымдауынша, XXI ғасырдың соңына таман температура 2 градусқа артуы ықтимал. Ал «Температура арасындағы өзгеріс үлкен емес. Неге ол қауіпті?» деген сұрақ көпті мазалайтыны белгілі. Себебі климатта орын алып жатқан барлық өзгеріс жаһандық жылыну үрдісімен тікелей байланысты өрбиді.
Жаһандық жылынудың негізгі белгісі – жердің орташа температурасының көтерілуінен туындауда. Салдарынан суық күндер азайып, ыстық аптап жиілеуде. Соңғы онжылдықта әлемдегі ең ыстық жылдардың көбі XXI ғасырда тіркелгендігі анықталып отыр. Бұл климаттың жылынуы жалғасып жатқанын көрсетеді.
Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, соңғы жүз жыл шамасында әлемдік мұхит деңгейі шамамен 14 сантиметрге көтерілуіне мұздықтар мен полярлық мұздардың еруі, мұхит суының жылынған кезде кеңеюі әсер еткен. Нәтижесінде кейбір жағалаудағы аймақтар су басу қаупіне ұшырауда.
Температура артқан сайын атмосферада су буы молаяды. Дауылдар мен қатты табиғи құбылыстардың көбеюі ылғал ауа райы қатты дауылдардың, нөсер жаңбырлардың және циклондардың күш алуына себеп болады.
Жаһандық жылыну барлық жерде бірдей әсер етпейді. Кейбірінде жауын-шашын ұзақ әрі жиі болады. Кейбір өңірлерде керісінше жауын-шашынды азайтып, құрғақшылықты күшейеді.
Жаһандық жылыну – тек температураның көтерілуі ғана емес, ауа райының өзгеруі, табиғи апаттардың көбеюі, теңіз деңгейінің көтерілуі, құрғақшылық пен су тасқындарының артуына әкелетін үлкен экологиялық мәселе.

Үнсіз дабыл үдесе...

Атмосфераға тараған парникті газдардың метан, көмірқышқыл газының көп мөлшері әсері күштірек. Олар, инфрақызыл сәулелерді өздеріне жұтып, әсерінен жердегі парникті құбылысты түзеді. Жаһандық жылынудың негізгі себепшісі – өнеркәсіптің қарқынды дамуы.
www.internetTV.kz арнасына берген сұхбатында «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов бұл туралы тереңінен тоқталған.
Елдегі ең танымал эколог материалда жаһандық жылынудың басты себебі ретінде өндіріс орындарынан шығатын газдарды және адамзаттың табиғатқа аяусыз қарауын келтірген. Оның пікірінше, климаттың өзгеруі экологиялық қана емес, экономикалық және саяси тоқырауларға әкеледі.
«Қазір әлемде су тасқыны болып, жанартаулар атқылап жатыр. Әлемдік иммиграция басталады, күшті иммиграция. Адамдар жайлы өмір сүретін мекен іздейді», – дейді.
Температураның артуы адамдарға да ауыртаплығын салуда. Ылғалды ауа әсерінен аурулардан айығу қиынға соғып, әрі вирустың көбеюі мен таралуы жеңілдейтінін айтады мамандар.
Эколог-сарапшы Айдар Сарсенбаев: «Жаһандық жылыну — табиғи апаттардан бөлек, инфекциялық аурулардың таралуына, құрғақшылыққа және теңіз деңгейінің көтерілуіне әкелетін күрделі мәселе. Ғалымдар тропикалық циклондардың күшеюі мен жауын-шашын режимінің өзгеруі, сондай-ақ ауыл шаруашылығына кері әсері мен жануарлардың мекен ауыстыруы қаупін ескертеді. Бұл үрдіс әсіресе Азия мен Африкадағы ауру қаупін арттырады», – дейді.

Мұздықтар мен мұз қабаттарының еруі

2020 жылғы Германиядағы Потсдам ауа-райын бақылау институтының зерттеушілері еріп жатқан Гренландия, Батыс Антарктида және Арктика мұздарының климатқа әсері туралы болжамында Гренландия, Антарктида және тау мұздықтары тез еріп жатқанына дабыл қақты. Арктика теңіз мұзы аумағы әр онжылдықта едәуір азайып, жазғы мұзсыз кезеңдер жақындап келетіні туралы нақты деректер келтірген.
Бұрынғы болжамдар 2060 жылдарды көрсетсе, қазір одан ертерек болуы ықтимал.
Зерттеу жұмысында адам және өндірістік кәсіпорындар ауаның қалыпты градустан 1,5 градусқа артуына әсер етіп жатқандығы, мұздың еруі жаһандық климатты қалыптыдан 0,43 градусқа дейін жылытатыны айтылған. Сондай-ақ еріп жатқан мұздықтардың бестен бір бөлігі Арктика мұзы ғасырдың ортасына қарай жойылып кетуі мүмкіндігі көрсетілген. Мұздық – күн сәулесін шағылыстырып, ғарышқа қайтару арқылы ғаламшарды ысып кетуден сақтайтын әлемдегі экожүйенің маңызды бөлігі.
Зерттеу көрсеткендей, қазіргі таңда Гренландия мен Батыс Антарктидада мұз қабаттары да қайта қалпына келмейтін дәрежеде еріген. Егер жедел шара қолға алынбаса, жақын он жылдықта бұл апаттың алдын алу мүмкін болмай қалуы бек мүмкін. Бұл орайда адамдардың теңізге ағатын қалдықтарды азайтуы, мұздықтардың қалғанын сақтап қалуға болады деп санайды.
Теңіз деңгейінің көтеріліп, мұздардың еруі, мұхиттың жылынуынан судың кеңеюі жағалау аймақтары бар аралда орналасқан Мальдивтер, Кариб аралдары мемлекеттері мен Нидерланд, Бангладеш, Вьетнам сияқты елдер үшін қауіпті.

Халықаралық әрекеттер мен келісімдер

Жоғарыда аталған табиғи өзгерістен көптеген түрлердің таралу аймағы полярға қарай жылжып, кейбірі жойылуда. Мәселен, маржан рифтері қазірдің өзінде 50 процентке жуығынан айырылған. Өрттер жиілеу әсерінен ормандар аясы тарылып, ақ аю, пингвиндер сияқты түрлер қауіп төніп тұр.
Құрғақшылық, ыстық, зиянкестер азық түлік тапшылығын тудырып, қымбатшылықты үдетеді. Сондай-ақ ауыз су аздығы, климаттық босқындардың денсаулық проблемалары, табиғи апаттардан туындайтын экономикалық шығындарды арттырады.
Бұл туралы Халықаралық әрекеттер мен келісімдер қолға алынған.
1997 жылы қабылданған Киото хаттамасында дамыған елдерге эмиссияны қысқарту міндеттемесі жүктелген. Қазақстан 2009 жылы ратификациялап, инвестиция тарту, энергия тиімділігін арттыру және жаңа технологияларға жол ашты.
2015 жылы жүзеге асқан Париж келісімі – температураның өсуін 2 градустан төмен, идеалды 1,5 градус шегінде ұстауды мақсат тұтқан. Климаттың өзгеруі: ыстық, су тасқыны елдердің төтеп беруін, дайын болуын қамтамасыз етуге, қаржыны лас өндіріске емес, экологиялық таза,төмен көміртекті, жобаларға жұмсауға шақырады.
Табиғатты қорғап, жердің ысуын тоқтатуда климат өзгеруіне қарсы жаһандық күрестің негізгі құжаты бойынша көптеген елдер ұлттық үлес қосулар – NDC міндеттемелерін жаңартуда. Келісім жаһандық жылынудың қаупін азайтып және климат өзгеруінің салдарларына бейімделу мақсатын көздейді. Қазір шығарындылар әлі де өсуде. 1,5 градус шегіне жету үшін 2030 жылға дейін эмиссияны 40–60 процентке қысқарту көзделуде. Жаһандық шығарындылар мүмкіндігінше тежелмесе, 2050 жылға қарай антропогендік шығарындылар мен сіңірілімдер теңгерімге келуі тиіс. Бұл бағытта әр ел парниктік газдар шығарындыларын қысқарту мақсатын ұсынуда.
Климаттың өзгеруімен күресу үшін беретін қаржылық көмегінің жаңа жоспары «New Collective Quantified Goal» арқылы 2020 жылдан бастап, дамыған елдер дамушы елдерге жыл сайын 100 доллар миллиард климаттық қаржы бөлуі міндеттелген. Барлық елдер шығарындар, нәтижелер және қаржылық қолдау туралы есеп береді. Әр 5 жыл сайын жаһандық инвентаризация (Global Stocktake) жүргізіледі.
Ескерерлігі, 1,5 градус шегіне жету үшін шығарындылар 2030 жылға қарай 43 процентке қысқаруы керек.

Қазақстандық қадам

Қазақстан – энергия секторы: мұнай, газ, көмір қоры мол яғни парниктік газдардың шығарылуы басым ел қатарында. Еліміз үшін киото тетіктері: құқықтар саудасы, бірлескен жобалар арқылы инвестиция тарту мүмкіндігі әлі де маңызды.
Климат өзгеруі мәселесін шешуге арналған әлемдік деңгейдегі ең маңызды халықаралық шартқа Қазақстан 2016 жылы қол қойып, ратификациялады және белсенді қатысушы болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климат мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп келеді. Оның айтуынша, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуі тиіс көмірге тәуелділікті азайту керек. «Жасыл экономикаға» көшу – халықаралық ұйымдар тарапынан да қолдау табуда.
Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да ұйымдар Қазақстанды климат өзгерісіне осал елдердің қатарына жатқызады. Тұжырымға Қазақстанда шөлейттену күшейгені, мұздықтар ерігені, су тапшылығы қаупі өсуі факторлары елдің экологиялық қауіпсіздігіне әсер ететіні негіз.
Қазақстандық ғалымдар мен экологтар жаһандық жылыну – болашақ емес, бүгінгі мәселе екендігін айтады.
Қазақстанның Ұлттық айқындалған үлесі – Париж келісімі аясындағы климат өзгеруіне қарсы күресте еліміздің ерікті міндеттемесі NDC 3.0-ді 2025 жылдың қарашасында ұсынған. Жаһандық жылынуға қарсы күресте белсенді саясат жүргізіп келеді. Елдің басты бағыттары – жаңартылатын энергия, көміртек бейтараптығы және табиғатты қорғау.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлімдеуінше, еліміздің ұстанымында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2035 жылға қарай жоғарылату, мұнай-газ секторындағы ағып кетуді анықтау және жөндеу, ілеспе газды пайдалану, полигон газын ұстау, қалдықтарды басқаруды жақсарту, ұлттық метан базасын құру, ұлттық бейімделу жоспарын әзірлеу бар. Бұл орайда жасыл облигациялар, қаржылық құралдар, ормандарды қалпына келтіру, энергия тиімділігі бағдарламаларын түзу, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыстар құру, әлеуметтік қорғау, мүмкіндіктерді дамыту да маңызды. Энергия тиімділігін арттыру — GDP энергия сыйымдылығын төмендету, ескі инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары бастау алған.
Қазақстан күн, жел және су энергиясын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Жүздеген жел және күн станциялары жұмыс істейді. 2013 жылы энергия тиімділігін арттыру, суды үнемдеу, экологиялық таза өндіріс енгізу сияқты мақсаттарды көздеген «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасын қабылданды.
Климаттың өзгеруіне қарсы табиғи шаралар да қолдануда. Мәселен, 2025 жылға дейін 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу жоспары бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кеңейтілуде. Бұл көмірқышқыл газын сіңіруге көмектеседі.
«Бұл жолда қиындықтар мен кедергілер де жоқ емес. Қазір энергия секторы әлі де көмірге тәуелді. ЖЭК өсімі қарқынды қолға алынғанымен, тапшылық әсіресе қысқы маусымда байқалады. Сондықтан жаңа қуаттарды тез іске қосу қажет. Жел қуатының жетіспеуі, тариф реформасының кешігуі, инвестиция тартуда да кедергілер бар. Мәселені толық шешуде тек мемлекет емес, әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігі де маңызды», – дейді экобелсенді Саят Кешубай.
Казгидромет деректеріне жүгінсек, Қазақстанда орташа температура соңғы онжылдықтарда айтарлықтай көтерілген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы «Қазақстан Республикасы халқының климаттың өзгеруі туралы хабардарлығы» атты әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ұсынған. Зерттеуге Қазақстанның барлық өңірлерінен 2168 адам қамтылған. Қорытынды респонденттердің 72,2 проценті адамдар мен адам қызметінің климаттың өзгеруіне қатты теріс әсер ететініне сенетінін ұғындырған. Қатысушылардың 61,15 проценті климаттың өзгеруі салдарымен күресу үшін қажетті бейімделу шаралары туралы қоғамның хабардарлығы төменге санайды.
«Sputnik Қазақстан» ақпарат агенттігінің ашық алаңында «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығы өкілі Қазақстанда ауа температурасы әлемдік көрсеткіштерден екі есе жылдам көтеріліп жатқанын жетікізген. Бұл құбылыс әсіресе республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде тән. Ұзақ мерзімді болжамдар бойынша бұл үрдіс жалғасады және қазақстандықтар «құбылмалы» климатта өмір сүруге дағдылануы керектігін мәлімдеген.
Владислав Воднев қазіргі күз, көктемгі жауын-шашынның аздығынан, топырақ жеткілікті түрде ылғалданбайтынын атап өткен. Синоптик өзен деңгейінің төмендеуі алдағы жылдары оңтүстік тұрғындарының шамамен 20 процентін солтүстікке көшуге мәжбүр болатынымен бөліскен.

Әрбір апат – үлкен сын

NASA, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым –WMO, БҰҰ және сарапшылардың мәліметтеріне негізделген әлемдегі апаттық оқиғалардың әрбірінен сабақ алуға болады.
2019 жылы Австралиядағы «Қаралы жаз» оқиғасы көптің есінде. Ауа температурасы 48-50 градусқа жетіп, жел мен найзағайдың әсерінен үлкен өрт тұтанып, 18 миллион гектар жер өртеніп, коала, кенгуру, түкті кускус, ехидна және вомбат сияқты жануарлардың 3 миллиардқа жуығы қырылып, 34 адам ажал құшты. Сол жылы Ресейде 1,7 миллион гектар, Сібірде 3 миллион гектар жер өртенді. Жағдай Қазақстанға да сызын тигізді. 2020 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында 1,7 миллион гектар, 2023 жылы Канадада 18,5 миллион гектар жер күл болды.
NASA мәліметтері бойынша, 2024 жылы жердің орташа температурасы 2015 жылмен салыстырғанда 0,4 градусқа жоғарылаған.
Қазақстандағы Арал теңізінің құрғауы – экологиялық апаттың айқын көрінісі. Су тапшылығы, тұзды тозаңның денсаулыққа зияндғын тұрғындар сезінуде.
ҚР ЭТРМ Климаттық саясат департаменті Қазақстанда 2060 жылға дейін көміртексіз болу стратегиясы барын, бұл бағытта 18 жол картасы жасалғандығы, экономика секторлары декарбонизацияланатынымен бөліскен.
Мэлс Елеусізов Қазақстанда парник газдарының 90 проценті қуат станцияларынан шығатынын, географиялық орналасуы жылынуды күшейтіп, салдары: су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтқан.
«Мұздықтар еріп, аюлардың 44 проценті жоғалды. Жастарды тартып, табиғатты қорғайық», – дейді ол мәлімдемесінде.
Париж келісімі бойынша, Еуроодақ 2030 жылы газды 55 процентке, АҚШ 50 процентке азайтады. Қытай 2060 жылы, Үндістан 2070 жылы көміртексіз болмақ.
Жаһандық жылынуды толық тоқтатудың мүмкіндігі болмаса да, орнықты даму және халықаралық ынтымақтастыққа негізделген шұғыл, ауқымды әрекет, жасыл технологияларға көшу – жағдайдың одан әрі ушықпауы, шығарындыларды азайтудың негізгі жолы саналып отыр.
«Не ексең, соны орасың» деген нақыл сөз бар. Ғаламдық жылыну — соның айқын дәлелі. Ол табиғи емес, адам әрекетінен туындаған процесс. Қоршаған ортаны қорғап, ресурстарды ұқыпты пайдалану – болашақ ұрпақ үшін таза әрі қауіпсіз орта қалдырудың алғышарты. Ал немқұрайлылық экологиялық дағдарыстарды күшейтеді. Ортақ үйіміз — Жердегі әр градус маңызды. 1,5 градус пен 2 градус арасындағы айырмашылық миллиондаған адамның өміріне, биоалуантүрлілікке және экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Бұл орайда «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» деген аксиоманы әр уақыт кредоға айналдыру қажеттігін ешкім ұмытпағаны абзал.

Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Коллаж: автордікі
14 наурыз 2026 ж. 26 0

Бақытын тапқан өнерден

14 наурыз 2026 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031