Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ​Еңбектен қуат алатын қыз

​Еңбектен қуат алатын қыз

Ақсуаттық ару Ләззат Сәулебаеваның қолынан шыққан, көзді жаулайтын қолөнер бұйымдары кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. Туындылар авторын іздеу барысында, бізді ол жанның жан-жақтылығы таң қалдырды.
Ізденіс – өмір салты. Бұл біз еткелі отырған кейіпкердің өмірлік кредосы.
Майлыбас ауылдық округі орталығында тұратын Ләззат Шәкиқызы, ауылдастарының айтуынша, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы арқылы үлгі. Бала кезден бойына дарыған қабілетін кәсіпке айналдыра білген көп қырлы жан. Өмір жолы – табандылық, шығармашылық, үздіксіз ізденістің жарқын үлгісіндей болған ол: «Сүйікті ісімді кәсіпке айналдырамын деген ой менде болмапты. Бастапқы қадамым, үлкен тәжірибем өзім еңбек ете жүріп әріптестерді қолдаумен қалыптасты», – деп бастады әңгімесін.
Небәрі бес жасында күрделі суреттер салып, айналысындағыларға таңданыс тудырған түлек орта мектепті бітірген соң ұстаздық жолды таңдап, жоғары білім алады.
«Мамандығыма деген сүйіспеншілік отбасылық тәрбиеден бастау алады. Мектепті жақсы оқыдым, қоғамдық жұмыстарда да белсенді болдым. Атам ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болып қызмет атқарған, сондай-ақ Қазалыдағы балалар үйін басқарған, білім беру ісіне мол еңбегі сіңген азамат. Біз бұл саласының жауапкершілігі мен қадірлілігін бала кезден сезініп өстік. Сондықтан мұғалімдік мамандық жаныма жақын болды», – дейді Ләззат.
Ширек ғасыр ағарту саласына тер төккен Ләззат ұстаз өз ісінде де озаттар сапынан көрінеді. Бастауыш сынып мұғалімі бола жүріп, мектептегі шараларға атсалысады, түрлі бұйымдар жасап, жақындарына сыйға тартуды әдетке айналдырады. Шығармашыл мұғалімнің зерттеу, ізденіске толы еңбегі еленіп, түрлі марапаттар алады. «Құрмет» медаліне ие болып, есімі «Қазақстанның 100 есімі» атты энциклопедияға енеді.
Өмірде еш нәрсе кездейсоқ болмайды. Бір кезде тұрақты жұмысын тоқтатып, өзін басқа салада сынап көруге мүмкіндік берген жағдай оның көптеген қырын ашуға септеседі.
2018 жылы Алматы қаласында үш ай бизнес курстан өтіп, кәсіпкерлік әліппесін меңгереді. Бизес бейімділік пен жедел ойлау, шешім қабылдау, тәуекел етуді талап етеді. Тәжірибелі ұстаз көп ойланбай, қадамды балаларға білім беру бағытынан бастайды.
Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Алғаш «Жылдам оқыту» курсын оқып, бастауыш сынып балаларын оқытса, ұзамай ментальді арифметиканы да меңгереді. Ләззат Сәулебаеваның «Lider bala» аталатын оқу орталығында ашылғаннан бүгінге дейін бірнеше оқушы тәрбиеленіп, биіктерді бағындырған.
Ментальді арифметика – есепті ойша тез әрі дәл шығаруға үйрететін арнайы жаттығу жүйесі. Басты артықшылығы – баланың миының екі жартышарын бірдей дамытуында. Сол жақ ми жартышары логикалық ойлау мен математикалық есептеулерге жауап берсе, оң жақ жартышары қиял мен шығармашылық қабілеттерді басқарады. Ментальді арифметикамен айналысқан кезде оқушы осы екі бөлікті қатар қолданады. Нәтижесінде ойлау жылдамдығы артып, шығармашылық қабілеті де дамиды. Сонымен қатар бұл әдіс есте сақтау қабілетін айтарлықтай жақсартады. Бұл бағытта он жылға жуық тәжірибесі бар тренердің шәкірттері Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларындағы, Өзбекстан, Түркияның бірнеше қаласында өткен республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған. Бұл – әлемдік деңгейдегі табыс. Қосымша Әйтеке би кенті мен Байқоңыр қаласы балаларына аптасына екі рет ментальді есептеу курстарын үйретеді.
Ләззат өсімдіктерді баптау, жартылай дайын тағамдар, тәттілер дайындау, көрнекіліктер әзірлеумен, араб тілін үйретумен де шұғылданады. Қандай іспен айналысса да, «Қолөнер – менің жанымның қуанышы» дейтін ол өзінің сүйікті хоббиіне қашан да уақыт табады.
Заманына қарай амалы. Ол түрлі материалдарды пайдаланып, жаңа бағыттарды меңгеруден жалықпайды. Бүгінде оның қолынан шыққан бұйымдардың түрі көп. Моншақтан тоқылған сөмкелер, зергерлік әшекейлер, иілімді сымнан жасалған сәндік бұйымдар, этностильдегі брошьтар, гипсті кәдесыйлар, органзадан жасалған үлкен ойыншықтар, тұтынуға, сәндікке арналған бұйымдар мен декоративті заттардың әрқайсысы өзінше әдемі. Сонымен қатар қазақтың дәстүріне сай сыйлар әзірлеп, қуаныш, қызықтарда ұлттық өнеді ұлықтауға үлес қосып келеді. Шебердің бұйымдарына сұраныс жоғары. Тек ауыл, аудан ішінен ғана емес, Қарағанды, Астана, Көкшетау сияқты қалалардан тұрақты тұтынушысын тапқан.
Қазақ халқы ежелден қолөнерді жоғары бағалап, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Қолөнер – тек әсемдік үшін жасалатын бұйым ғана емес, ол халықтың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің айнасы. Осындай өнерді өрістетіп келе жатқан қолөнерші бұйымдардың әрқайсысы ерекше сәнімен және ұқыптылығымен көз тартады. Жіптен әдіптеп тоқыған заттары тұрмыста тұтынылады, жылы әрі сәнді. Ал моншақтан өрілген әшекейлер нәзіктігімен және әсемдігімен ерекшеленеді.Оның әрбір туындысында еңбекқорлық, шығармашылық және ұлттық дәстүрге деген құрмет байқалады.
Сонымен қатар ойыншықтар тікенде, оның әдемі ғана емес, қауіпсіз болуына баса назар аударатынын білдік. Жұмсақ матадан жасалып, түрлі түсті жіптермен безендірілетін туындылар кішкентайлардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, қиялын дамытуға көмектеседі.
«Қолдан шыққан бұйым қашан да құнды. Бір нәрсені жасап, оны әдемілеп қораптасаң, адамдардың көңілін көтеретін ерекше сыйлыққа айналады», – дейді.
Әр жұмысына тыңғылықты қарайтын, үнемі жаңалыққа ұмтылатын адам үшін әралуан бағыттарда білім алып, өзін дамыту, сол арқылы қоғамға пайда әкелу – бас мақсат. Соның арқасында кез келген істі сауда құралына айналдыруға болады деген түсінік қалыптастырған. Ләззат Шәкиқызы жастардың еңбекке, кәсіпке қызығушылық танытып жүргенін көргенде қуанады. Ал ақыл сұрап келгендерге өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жөн-жосық көрсетіп отырады.
«Мен үшін бір сәт бос қалу – тоқыраумен тең. Үйнемі ой үстінде жүремін. Ауырып жатсам да, жұмыс істей беремін» деген сөзі оның мінезіне тән. Отбасы оның басты тірегі. Барлық бастамасына қолдау көрсетіп, жаңа істеріне дем беретін жолдасы екеуі екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр.
Л.Сәулебаева қазіргі таңда әкімдік тарапынан түскен ұсыныс – мемлекеттік грант алуға дайындық үстінде. Мемлекеттік мүмкіндікке ие болса, қолөнер мен білім беру бағытындағы ісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Уақыт – мүмкіндіктер алаңы. Барлық адамның өзінше бейімділігі болады. Соны оятып, еңбектенсе, бос отыру, біреуді мінеу, біреуден бірдеңе күту деген түсініктен санасы алыстайды. «Еңбек бәрін жеңбек» дегенді бабаларамыз текке айтпаған. Алдымен өзіңе сеніп, сосын жауапкершілікпен жұмыс істесең, ол сені ешқашан елеусіз, қаржысыз қалдырмайды», – дейді еңбектен қуат алатын қыз.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

14 наурыз 2026 ж. 23 0

Бақытын тапқан өнерден

14 наурыз 2026 ж. 23

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031