«Ауыл аманаты» әлеуметке әл береді
Бүгінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп келеді. Соның ішінде, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға, олардың экономикалық белсенділігін күшейтуге бағытталған ауқымды бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба елді мекен тұрғындарына тиімді несие беру арқылы олардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруына, тұрақты табыс көзіне ие болуына үлкен мүмкіндік ұсынып отыр.Қазалы ауданында да бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Жергілікті билік ауылдағы ағайынның әлеуетін дұрыс арнаға бұру арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздықты төмендетуді көздеуде. Осы орайда, жобаның нәтижелері мен жетістіктерін саралау мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне арнайы хабарласып, нақты деректерге қанықтық.
Бөлім мамандарының мәліметінше, 2024 жылы аудан бойынша жалпы сомасы 883,6 миллион теңгені құрайтын 131 жоба қаржыландырылып, 180 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл – аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайына оң ықпал етіп отырған маңызды көрсеткіш. Қолдағы дерекке сүйенсек, жоба бағыттарының бөлінісі мынадай. Ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі бойынша 8 жобаға 159,7 миллион теңге қаржы құйылған. Ал өңдеу саласы бойынша 67 жобаға құны 418,8 миллион теңге болатын қомақты қаражат бағытталса, мал шаруашылығы бағытындағы 16 жобаны жүзеге асыруға 73,6 миллион теңгежұмсалған.
Сондай-ақ егін шаруашылығы бойынша 10 жобаға 59 миллион теңге бөлінген. Ауылшаруашылығынан бағыты басқа 30 жобаға 172,5 миллион теңге қарастылған. Аталған жобалар ауданға қарасты 19 елді мекенді қамтыған. Бұл өз кезегінде ауыл-ауылдағы тұрғындардың еңбекке араласуына, өз кәсібін бастап, ел экономикасына үлес қосуына жол ашып отыр.
Сала мамандарының сөзіне сенсек, 2025 жылы аталған жоба аясында аудан бойынша жалпы құны 835,1 миллион теңге болатын 124 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Жобалардың бағыттары былайша бөлінген. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бойынша 1 жобаға 30 миллион теңге қарастырылса, өңдеу саласы бойынша 42 жобаға 264 миллион теңге бөлініп отыр. Мал шаруашылығы бойынша 26 жобаға 185 миллион теңге бағытталған. Егін шаруашылығы бойынша 11 жобаға 67,8 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығынан тыс бағыттар бойынша 39 жобаға 241,3 миллион теңге қаралған. Техникалық жабдықтау бойынша 5 жобаға 47 миллион теңге жоспарланған.
Жоба аясында облыс көлемінде 2025 жылы қыркүйек айында 1,1 миллиард теңге, желтоқсан айында 4,4 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп, ауылдық кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетілді. Аудан бойынша да жобаның нақты жемісі көріне бастады. Бүгінгі күнге дейін жалпы көлемі 288,8 миллион теңгеге 40 жоба қаржыландырылып, ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, жұмысын жандандыруға мүмкіндік алды.
Қолдағы бар дерекке сүйенсек, қаржыландырылған жобалардың бағыттары мынадай. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бойынша 1 жобаға 31,2 миллион теңге бөлінсе, өңдеу саласы бағытында 22 жобаға 143,6 миллион теңге қарастырылған. Мал шаруашылығына 8 жоба аясында 49,8 миллион теңге бағытталып, егін шаруашылығы бойынша 3 жобаға 19,8 миллион теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығына қатысы жоқ салалар бойынша 5 жобаға 34,6 мың теңге бөлініп, қызмет көрсету, шағын өндіріс, қолөнер мен сауда-саттықты дамытуға бағытталды. Техника сатып алуға 1 жоба бойынша 9,8 миллион теңге жұмсалып, өндірістік процестерді оңтайландыру мен тиімділікті арттыруға үлес қосуда.
Сонымен қатар «Amanatnesie.kz» онлайн платформасы арқылы 27,1 миллион теңге көлемінде 3 жоба бойынша несие алуға өтінімдер түсіп, цифрлық шешімдердің ауыл тұрғындары үшін де қолжетімді, тиімді құралға айналып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Сала маман Бекарыстан Әзілханның айтуынша, аудан әкімдігінің бастамасымен Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Жалаңтөс батыр ауылында арнайы 3 шағын өндірістік орталық ашылып, жалпы құны 59,1 миллион теңге болатын 17 жоба жүзеге асырылған. Аталған орталықтар ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, тұрғындарға өз ісін бастауға, сапалы қызмет пен өнім ұсынуға жол ашып отыр.
Атап айтсақ, жалпы құны 38,1 миллион теңгені құрайтын 5 жоба «Ауыл аманаты» аясында іске қосылған. Бұл жобалар қатарында кондитер өнімдерін дайындау, кафетерий ашу, фастфуд өнімдерін шығару, гранолла таңғы асы мен балмұздақ өндіру секілді бағыттар қамтылған. Азық-түлік өндірісі мен тамақтану қызметтеріне сұраныс жоғары болғандықтан, бұл бастамалар тұрғындар тарапынан жылы қабылданып отыр.
Сонымен қатар өз қаражаты есебінен 21 миллион теңге көлемінде 12 жоба қолға алынды. Аталған жобалар шеңберінде ұлттық тағамдар дайындау, балмұздақ өндірісі, дәріхана қызметі, тігін және кондитерлік цех ашу, киім-кешек және азық-түлік дүкендерін ұйымдастыру, сондай-ақ оқу орталығы, кеңсе тауарлары мен компьютерлік қызмет көрсету пункттері, спорт залдары іске қосылуда.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды агробизнеске тарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы ауданымызда қарқынды жүзеге асуда. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындары үшін табыс көзін арттырудың тиімді құралына айналып, жергілікті халықтың ынта-ықыласын арттыруда.
Дегенмен, қол жеткен жетістіктермен тоқталып қалуға болмайды. Басты міндет – кәсіпкерлік әлеуетті одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту. Сондықтан бағдарламаның сапалы әрі әділ жүзеге асуына ерекше көңіл бөлу қажет. Егер осы бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі тұрақты түрде жалғасатын болса, ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланып, тұрақты табысқа қол жеткізіп, тұрмысын одан әрі жақсартатынына сенім бар.
Арайлым ЖҮСІПОВА














