Өнерпаздар бақ сынады
Бейсенбіде Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы және Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында «Өнер бильярды – 2024» атты өнерпаздар арасында облыстық жарыс өтті.
Өнер қызметкерлері арасында өткен сайыста аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, жергілікті қоғамдық даму бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы, Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің директоры Нұрлыбек Сүлейменов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Құрметті қатысушылар, қонақтар! Ең алдымен қазыналы Қазалы жеріне қош келдіңіздер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір ауданның әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп келесіздер. Ауданымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін көтеріп жүрген сіздерге айтар алғысымыз көп. Бұл мереке туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Алдағы уақытта да туған еліміздің мәдениеті мен өнерін өзгелерге дәріптеп, даңқын асқақтата берулеріңізге тілектеспін, – деді Б.Әбенұлы.
Мұнан соң Жалағаш, Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі, Арал және жергілікті ауылдық округтерден келген бірқатар азаматтар жеребе бойынша жұпқа бөлініп, қызу ойынға кірісе кетті. «Өнер бильярды – 2024» сайысында мәдениет саласының ардагері, аудандық бильярд федерациясының президенті – Асқар Кенже-Әлі Мақсатбайұлы, №18 Қазалы ауданының балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы – Біржан Медетбаев төрелік етті.
Нәтижесінде өзінің асқан шеберлігі, дәлдігімен Арал ауданынан келген өнерпаз Айбек Саламатов бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарға жаңақорғандық Қанат Абраманов пен Тұрар Сатыбалдиевтер жайғасты. Сонымен қатар «Жеңіске деген жігері үшін» бағамын Дастан Пірімбаев, ал «Көрермен көзайымы» бағамын Ғабит Сүттібаев иеленді.
Басқа да алыстан ат терлетіп келген қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
– Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Осы орайда, осынау ұлы салада маңдай терін төгіп жүрген жандарға шын жүректен алғысымды білдіре отырып, мәдениет және өнер қызметкерлерін мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұдан бөлек, аудандағы әрбір игі істің басынан табылып жүрген және мәдениет қызметкерлерін мерекесі қарсаңында мерейін үстем етіп, осы жарыстың өтуіне үлкен демеу жасаған аудандық мәслихат депутаттары Арғын Орынбаев, Нұркен Ботабаев, ауданның белді кәсіпкері Медеу Есқожаев, «Аделья» өнер орталығының директоры Рақымжан Мақсатбаев сынды азаматтарға алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осы шараның өтуіне мұрындық болған Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің Бауыржан Ізмағанбетов, Әлібек Айдар, Еділ Нағыметов сынды тағы да басқа әріптестеріме көптен көп рахмет, – деді Нұрлыбек Сүлейменов.
Серік АҚМЫРЗА
Фото: Нұрлан ҚАНАТ
Фото: Нұрлан ҚАНАТ