Бәсі биік білім бәйгесі

Олимпиаданың басты мақсаты – ел ағасы, ұстаздардың ұстазы болған Тайғара Дәулетовтың өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, өмір жолын насихаттау және оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру. Мұндай игі бастама елімізде алғыр да дарынды, білікті ұрпақтың өсуіне ұйытқы болып келеді.
Тайғара Дәулетұлы 1938 жылы 2 шілдеде Қазалы ауданының №5 ауылы, қазіргі Мұратбаев ауылында дүниеге келген. 1957 жылы №67 теміржол қазақ орта мектебін (қазіргі №70 мектеп) бітірген. 1958 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, 1962 жылы қызыл дипломмен бітірген. Еңбек жолын Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында мамандығы бойынша бастаған. Кейіннен техникумның Қызылорда қаласына көшуіне байланысты №17 Ғани Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебіне физика және математика пәнінің мұғалімі болып орналасқан. 1981 жылы өмірден ұлағатты ұстаз өмірден озды. Қысқа ғұмырында шәкірттеріне математиканың қыр-сырымен сусындатып, облыстық, республикалық пән олимпиадаларының жүлдегерлері атанған. Ұстаздың зайыбы Рая Аяғанқызы 1940 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1961 жылы Жалағаш қыстағындағы №123 мектептің мұғалімдігінен бастаған. 1964-1966 жылдары Қармақшы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болған. Отбасы жағдайына байланысты 1966 жылы Қазалы ауданына келіп, халық ағарту саласында қызмет атқарған. Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектепте орынбасар, мектеп директоры, кейін «Өрімтал» балабақша меңгерушісі қызметін атқарады. Бірнеше рет қалалық Кеңестің депутаттығына, бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланған. Рая Боханованың еңбегі еленіп, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі белгісімен наградталған. Осындай білім саласында еңбек етіп, қысқа ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандардың ұрпақтары бүгінде бір-бір саланы игеріп, елі үшін тынбай қызмет етуде.
Еске алуға арналған кештің алғы сөзі №17 орта мектептің директоры Дархан Жарылқасынұлына берілді.
– Тайғара Дәулетұлының білім саласында еткен еңбегі, жеткен жеңісі көп. Ұстаздың тынымсыз еңбегінің арқасында талай шәкірт білім алып, талай оқушы биік белестерді бағындырды. Ұйымдастырылып отырған ұстаз атындағы олимпиада талай оқушының дарынын ашары сөзсіз. Балалардың есеп шығарудағы қабілеттері, жылдамдықтары керемет. Математика – ақыл-ойдың жемісі. Өрелі өрендеріміз, білімді оқушыларымыз көп болсын, – деді ол.
Иә, математика пәні бойынша оқушылардың қызығушылығын қалыптастыру, стандартты емес ойлауды дамыту, оқушыларды математикалық ұғымдарды талдауға, сыни тұрғыда ойлауға, күрделі есептерді шешуге дағдыландыру мақсатында өткен дода тартысты әрі қызықты болды. Бұл іс-шара жас математиктерге өз қабілеттерін көрсетуге және математика саласында лайықты танылуға тамаша мүмкіндік берді.
Ұстаз атындағы олимпиаданың қорытындысымен 10-сынып бойынша, 1-орын №70 орта мектептің оқушысы Арайлым Қалмағанбетке бұйырды. 2-орынды №234 орта мектептің оқушысы Мереке Ерғожа, №249 мектеп-лицейдің оқушысы Әсет Байқос иеленсе, 3-орынды №17 орта мектептің оқушысы Жанель Кендебай, № 24 орта мектептің оқушысы Санжар Қитым, №288 орта мектеп оқушысы Нұрағат Жаймырза иеленді. Олимпиадада бақ сынап, көзге есепке шеберлігімен көрінген №102 орта мектептің оқушысы Айжан Шынтемір, №266 мектеп-лицейдің оқушысы Арайлым Қуандық, №226 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Аязбиге арнайы алғыс хаттар табысталды. Ал олимпиаданың 11-сынып арасындағы қорытындысы бойынша, 1-орынды №226 мектеп-гимназиясының оқушысы Ислам Бақытжан жеңіп алды. 2-орын №249 мектеп-лицейдің оқушысы Жанарыс Әбіловке бұйырса, 3-орынға №24 орта мектептің оқушысы Назерке Санақбай, №182 орта мектептің оқушысы Жанәділ Қуандық, №266 мектеп-лицейдің оқушысы Жансая Амантай, №92 орта мектептің оқушысы Көркем Асқарқызы тұрақтады. Ал №216 орта мектептің оқушысы Ильяс Сәулебаев, №165 орта мектептің оқушысы Жарас Әбілтай, №97 орта мектептің оқушысы Мұхаммед Алдажар, №95 орта мектептің оқушысы Рауан Мұхит, №90 орта мектептің оқушысы Нұржан Меңдаухасқа алғыс хат табысталды.
Айта кеткен жөн, ұстазды еске алуға арналған аймақтың футбол турнирі де өтті. Ала доп бәсекесінің нәтижесімен 1-орынды №190 орта мектептің футбол командасына бұйырды. Ал 2-орынды №16 орта мектептің командасы иеленсе, №95 орта мектеп 3-орынды қанжығасына байлады. №17 орта мектептің футбол командасы алғыс хатпен марапатталды.
Математикадан өткен олимпиада жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына, футбол турнирінен додаға түскен командаларға алғыс хат пен қаржылай сыйлықтар табысталды. Жүлде қорын Тайғара Дәулетұлының балалары мен немерелері дайындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, доданың көздегені – өңіріміздің математика саласында дарынды шәкірттерді қолдап, білімді де алғыр оқушылардың ортасын қалыптастыру.
Айнұр ӘЛИ