Скрининг – алаяқтықтың жаңа сылтауы

Мұндай жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып, халық арасында сенімсіздік қалыптастырып жатқаны жасырын емес.Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігімұндай хабарламаларға сенбеу керектігін айтып дабыл қағуда. Алайда ақпараттың аздығымен азаматтардың бейқамдығының салдары алаяқтардың айласын асыруына себеп болып отыр.
Қазақстанда скринингтік тексерулерді сылтау еткен алаяқтық әрекеттерге қатысты нақты статистика жарияланбаған. Алайда бұл алаяқтықтың түрі елімізде жалпы алаяқтық қылмыстардың қатарына кіріктірілген. Өкініштісі, мұндай қылмыс саны елде күн санап артуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтырдың өзінде интернет-алаяқтықтың 22 870 жағдайы тіркелсе, 2025 жылдың алғашқы 5 айында 10 145 жағдай тіркеліпті. Елімізде мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында түрлі әрекет жасалғанымен, алаяқтықты түбегейлі жою мүмкін болмай тұр. Былтыр Қазақстан Ұлттық Банкі 2024 жылы алаяқтыққа қарсы орталық құрды. Орталық 12 000-нан астам алаяқтық әрекеттің алдын алып, 967 миллион теңгеден астам қаражатты қорғап қалды. Бірақ айласын асырып, азаматтарды алдап, ақшасын айырған алаяқтар айылын әлі де жияр емес. Араға уақыт салып, азаматтарға емхана өкілі ретінде хабарласып, олардың қалтасын қағуда.
– Маған жуырда бейтаныс нөмірден қоңырау шалды. Өзін емханаданмын деп таныстырып, скринингке тіркелгенімді айтып, растау үшін келген SMS-кодты айтуымды сұрады. Дәл сол сәт медициналық тексеруден өтіп жүргенмін. Телефонды жөнді қолдана алмайтындығым маған көмек боларын кім білген?!. Хабарласқан адамға кодты айтуын немеремнен өтіндім. Ол жалма-жан телефонның арғы жағындағы адамды сұрақтың астына ала кетті. Әлгіге әңгімеге бөгде адамның араласқаны жақпады ма, әйтеуір тұтқаны дереу қоя салды. Немерем болмағанда, шоттағы ақшам әп сәтте алаяқтардың пайдасына шешіліп кетуші еді. Құдай оңдап, алаяқтың арбауынан аман қалдым. Байқағаным, олар осылай үлкендерді айналсоқтайды екен. Жасыратыны жоқ, біздің бұл тұрғыда ақпараттық сауатымыз аз. Содан да болар арамзаларға алданғандардың дені – үлкендер. Түсінгенім, алаяққа жем болмас үшін аңғал болмау керек екен. Сондай-ақ сақтықты қаперден шығармауымыз қажет, – дейді Меңдігүл есімді қазалылық тұрғын.
Психологтардың пікірінше, алаяқтыққа түсіп қалмаудың бір жолы – ақпараттық сауаттылықты арттыру және эмоцияны бақылауда ұстау. Әсіресе, денсаулыққа қатысты хабарламалар адамды уайымға, қорқынышқа әкеледі, сондықтан тез әрекет етуге итермелейді. Осындай сәтте сабырлы болып, ресми дереккөздерден ақпарат тексеру маңызды. Алаяқтардың тәсілі – сенімге кіріп, эмоцияны пайдалану. Сондықтан психологтар адамдарға күмәнді қоңырау немесе хабарламаларға бірден жауап бермеуді, жақындарымен ақылдасуды және қажетті жағдайда мамандарға жүгінуді ұсынады. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау туралы тұрақты кеңестерді тыңдау, білім алу адамды алаяқтықтан сақтайды.
Киберқауіпсіздік сарапшыларының пікірінше, SMS-код сұрау – классикалық алаяқтық схемалардың бірі. «Ешбір мемлекеттік мекеме код сұрамайды. Егер сізге осындай өтініш келсе, дереу байланыс үзуді және құқық қорғау органдарына хабарласуды ұсынамыз», – дейді сарапшылар.
Денсаулық сақтау министрлігі де азаматтардың скринингтік тексерулерге қатысты алаяқтардың арбауына түспеуін ескертеді. Министрлік тек ресми медициналық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер ғана скринингтік шаралар туралы хабарлауға құқылы екенін айтады.
Күмәнді қоңыраулар, жеке деректерді талап ететін хабарламалар немесе тексеруге шақырған беймәлім тұлғалар туралы дереу полицияға немесе жергілікті емханаларға хабарлау қажет.
Азаматтар скринингке, медициналық қызметке немесе басқа да мемлекеттік процестерге байланысты қоңырау немесе SMS алған жағдайда, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруі керек. Құқық қорғау органдары да бұл бағыттағы бақылау мен жауапкершілікті күшейтіп отыр.
Атап айтқанда, алаяқтық әрекеттерге байланысты шағым түскен жағдайда полиция бірден іздестіру шараларын бастап, қаскөйлердің жеке басын анықтауға кіріседі. Ақпараттық технологиялар бөлімдері күдіктілердің IP-адрестерін, байланыс құралдарын және ақша аударым жолдарын бақылауға алады. Полиция мен прокуратура өкілдері Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ескертулер жариялап, халықты мұндай жағдайларда не істеу керектігі жөнінде нұсқаулықтар беріп келеді.
Мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сараланып, күдіктілер мүлкін тәркілей отырып, айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Егер алаяқтық бірнеше адамның сеніміне кіріп, материалдық шығын келтірсе – жаза ауырлай түседі.
Түйін: Скринингтік тексерулерді желеу еткен алаяқтық әрекеттер – қоғамда белең алып келе жатқан алаңдатарлық құбылыс. Бұл жағдай тұрғындардың медициналық қызметке деген сеніміне сызат түсіріп, көпшілікті сақтыққа үйретіп отыр. Сондықтан әрбір азамат ақпараттық қауіпсіздігін арттырып, тек ресми мекемелер мен медицина ұйымдарына ғана сенім артуы қажет. Сақтық – сақтанғанға серік екенін ұмытпайық, ағайын.
Арайлым ЖҮСІПОВА