Қаржылық қауіпсіздікте қауқарымыз қандай?

Жақында Қазалыда Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен аудан тұрғындарының қаржылық қауіпсіздік сауаттылығын арттыру бағытында арнайы семинар өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев, департаменттің арнайы сала мамандары, аудандағы дербес бөлім қызметкерлері, медициналық және педагогикалық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында департамент басшысының орынбасары Мемлекет басшысы айтқан «Заң және тәртіп» қағидасы аясында аудан тұрғындарының қаржылық қауіпсіздігін арттыру, интернет алаяқтық, қаржы пирамидалары мен құмар ойындардың зияны туралы маңызды мәлімет беру уақыт талабы екенін алға тартты.
Шара барысында «Қаржы пирамадасы жобаларының жалпы белгілерін таныту-үйрету» және «Құмар ойын құрдымға апарады» тақырыбында Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға офицері Айбол Алатаев хабарлама жасады. «Интернет алаяқтық» тақырыбында Қызылорда облысы полиция Департаментінің кибер қылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұртілек Ермаханов және «Заң аясында қаржылық сауаттылық: әр азамат білуге тиіс» тақырыбында Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Айбек Орынбеков баяндама жасады.
Жиында интернет алаяқтық, қаржы пирамидалары, міндетті әлеуметтік сақтандыру, құмар ойындардың зияны туралы арнайы бейероликтер көрсетіліп, үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ семинарға қатысушылардың тарапынан интернет алаяқтық әрекеттерге байланысты сауалдар жолданып, тиісті сала мамандары тарапынан кеңес берілді.

Әрине бұл сақтану жолдары. Қазір пирамидалар мен желілік маркетингтің түр-түрін ажыратып білген дұрыс. Мысалы көп деңгейлі пирамида дегеніміз өзіңнен кейін адам тарту арқылы сол келуішінің салымын өзіңе алу. Яки әр келуші өзінен кейін бірнеше салымшы шақыруға міндеттеледі. Бұл схема ұйымдастырушылар мен бастапқы салымшыларға ғана кіріс әкелуі мүмкін. Ал соңындағы адамдар үшін келешегі жоқ келісім ғана. Тиімді болмақ түгілі, салған бастапқы сомаңыздан да айрылып қалу қаупі өте жоғары. Зерттей берсең, түбіне жету мүмкін емес. Шексіз, шетсіз шиеленіскен құрым іспетті. Көбінесе қаржылық алаяқтардың айла-тәсілдеріне аға буын, зейнеткерлер алданып жатады. Жастардың да құрыққа ілініп қалатыны жасырын емес. Мың жерден жадынама таратып, мың жерден «алданбаңыз» деп шарқ ұрсақ та әйтеуір алданып қала береміз. Мүмкін сенгіштігіміз, бәлкім алаяқтың гипнозы бар. Бірақ барынша сауатты болуға талпынып көрейік. Өзімізді сабырға шақырайық. Шыдамды болайық. Ақылмен шешейік. Сол кезде құрық құрсауынан құтылып шығармыз.
Айнұр ӘЛИ