Қаржылық қауіпсіздік - ортақ жауапкершілік

Бүгін Қазалыда Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен аудан тұрғындарының қаржылық қауіпсіздік сауаттылығын арттыру бағытында арнайы семинар өтті.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев, департаменттің арнайы сала мамандары, аудандағы дербес бөлім қызметкерлері, медициналық және педагогикалық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында департамент басшысының орынбасары Мемлекет басшысы айтқан «Заң және тәртіп» қағидасы аясында аудан тұрғындарының қаржылық қауіпсіздігін арттыру, интернет алаяқтық, қаржы пирамидалары мен құмар ойындардың зияны туралы маңызды мәлімет беру уақыт талабы екенін алға тартты.
Сондай-ақ семинарда «Қаржы пирамадасы жобаларының жалпы белгілерін таныту-үйрету» және «Құмар ойын құрдымға апарады» тақырыбында Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға офицері Айбол Алатаев хабарлама жасады.
«Интернет алаяқтық» тақырыбында Қызылорда облысы полиция Департаментінің кибер қылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұртілек Ермаханов және «Заң аясында қаржылық сауаттылық: әр азамат білуге тиіс» тақырыбында Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Айбек Орынбеков баяндама жасады.
Жиында барысында интернет алаяқтық, қаржы пирамидалары, міндетті әлеуметтік сақтандыру, құмар ойындардың зияны туралы арнайы бейероликтер көрсетіліп, үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ семинарға қатысушылардың тарапынан интернет алаяқтық әрекеттерге байланысты сауалдар жолданып, тиісті сала мамандары тарапынан кеңес берілді.
Жиын соңында Жалғас Оңғарұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз алып, Қазалы ауданына сала мамандарымен бірге арнайы келіп қоғамдағы өткір әрі өзекті мәселе төңірегінде арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқан департамент басшысының орынбасары мен сала мамандарына алғысын жеткізді.