Трейдинг: табыс па, тәуекел ме?

Трейдинг – бұл қаржы нарығында әртүрлі активтерді сатып алу және сату арқылы пайда табу әрекеті. Ол тек қор биржаларымен ғана шектелмей, валюталық, тауарлық және криптовалюталық нарықтарда да жүзеге асырылады. Бұл процесс жоғары білімділік пен стратегияларды қажет етеді, бірақ дұрыс әдіспен табыс әкелетін болашағы бар кәсіпке айналуы мүмкін. Трейдингке қызығушылардың саны соңғы жылдары артып, оның кең таралуы қаржы әлеміндегі маңызды трендтердің бірі болып отыр. Осы мақалада біз трейдингтің негіздерін, оның түрлерін, артықшылықтары мен кемшіліктерін, сондай-ақ оны жүзеге асырудағы маңызды аспектілерді қарастырамыз.
ТҰРМЫС ТҮЗЕУГЕ ТӘУЕКЕЛ
Бұл дүние қаржы құралдарын (акциялар, облигациялар, валюталар, тауарлар, криптовалюталар) сатып алып, оларды белгілі бір уақыт өткен соң сату арқылы пайда табуға бағытталған процесс. Трейдерлер нарықтағы баға өзгерістерін алдын ала болжауға тырысып, қысқа мерзімде тиімді мәмілелер жасауға ұмтылады. Ол екі негізгі тәсілге бөлінеді. Біріншісі қысқа мерзімді трейдинг (Short-term trading) – трейдерлер активтерді бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін ұстап тұрады. Мұндай трейдинг өте тез қозғалыстармен жұмыс істейді және трейдерлер нарықтың қысқа мерзімді трендтері мен өзгерістерін қадағалайды. Екіншісі ұзақ мерзімді трейдинг (Long-term trading) – трейдерлер активтерді ұзақ уақыт бойы ұстауды көздейді. Мұнда шешімдер нарықтың ұзақ мерзімді трендтерін және макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып қабылданады. Трейдингтің бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі қаржы құралдары мен стратегияларды қолдануды талап етеді.
Мәселен, акция трейдингі – ең көп таралған трейдинг түрі. Оның негізінде қор биржасында сатылатын компаниялардың акцияларын сатып алу және сату жатады. Акция трейдерлері компаниялардың қаржылық жағдайын, жаңалықтар мен экономикалық жағдайды қадағалай отырып, акциялардың бағасының өсуі мен төмендеуін болжайды. Ал валюталық трейдинг – Форекс нарығында валюталарды сатып алу және сату арқылы пайда табуға болады. Бұл нарықта әлемдегі ең үлкен қаржы айналымы орын алады. Форекс трейдерлері бір валютаны басқа валюталарға айырбастау арқылы пайда көреді. Мұнда нарықтың тұрақсыздығы мен оның динамикасына байланысты пайда табу мүмкіндігі жоғары. Ал тауарлық трейдинг – тауар нарығында алтын, күміс, мұнай және басқа да тауарлармен сауда жасау жүзеге асады. Тауар трейдерлері осы өнімдерге сұраныс пен ұсыныстың өзгерісін зерттей отырып, сауда жасайды. Криптовалюталық трейдинг – блокчейн технологиясына негізделген криптовалюталардың танымалдылығы артқан сайын, криптовалюта нарығында трейдинг жасау да кең тарала бастады. Бұл нарық жоғары құбылмалы және тәуекелі жоғары болғандықтан, оны түсіну және болжау қиындау. Алайда криптовалюталар арқылы үлкен табысқа жеткен трейдерлер де бар.
Мұның артықшылығы не? Жалпы трейдингтің ең үлкен артықшылығы – нарықтағы баға қозғалыстарын дұрыс болжау арқылы үлкен пайда табу мүмкіндігіне ие. Қысқа мерзімді өзгерістерді пайдаланатын трейдерлер тәуліктің кез келген уақытында табыс таба алады. Тәуелсіздік. Трейдерлер өз жұмысын жеке атқара алады, яки олар өз уақытын өздері белгілейді және өздерінің стратегияларын іске асырады. Қысқасы ешкімге тәуелді емес.
Сонымен қатар трейдерлер көптеген қаржы құралдарымен жұмыс істей алады. Бұл әр түрлі нарықтар мен қаржы құралдарын зерттеу арқылы табыс алу мүмкіндігін арттырады. Айтқанда жңіл көрінгенімен, мұның кемшін тұсын да ұмытпауымыз керек. Алдымен бұл жоғары тәуекелді талап етеді. Трейдингте табыс табудың мүмкіндігі үлкен болғанымен, үлкен шығынға ұшырау тәуекелі де жоғары. Әсіресе жаңадан бастаушылар үшін нарықтағы құбылмалылық және болжамдардың дәлдігі үлкен қауіп тудырады. Тұрақты білім мен тәжірибе қажет. Трейдингке кіру үшін тек теориялық білім ғана емес, нақты тәжірибе мен нарықтың ерекшеліктерін түсіну қажет. Трейдерлер әртүрлі стратегияларды үйреніп, психологиялық түрде де дайын болуы керек.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАЙ
Қазақстанда трейдинг алғаш рет 1990-жылдардың ортасында қарқынды түрде дамыды. Қазақстанның қаржы нарығының алғашқы кезеңдері қиын болды. Бірақ Қазақстанның экономикалық жағдайы тұрақтанып, қаржы институттарының құрылуы трейдингтің дамуына әсер етті. Бүгінде Қазақстанда қаржы нарықтары халықаралық деңгейде жұмыс істеп, әлемдік нарықтармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстанда түрлі сауда платформалары мен брокерлердің қызметтері кеңінен таралған. Олар азаматтарға қаржы нарықтарымен өз бетінше сауда жасауға мүмкіндік береді. Бұл процесс әсіресе жас кәсіпкерлер мен жеке инвесторлар үшін маңызды. Қазақстанның қор нарығы – «Қазақстан қор биржасы» (KASE) арқылы жұмыс істейді. Бұл нарықта компаниялардың акциялары мен облигациялары, сондай-ақ басқа да қаржы құралдары сатылады. Қор нарығындағы трейдинг Қазақстандағы ең танымал бағыттың бірі болып табылады. KASE өзінің тарихында көптеген инвесторлар мен трейдерлерге ұсыныстар мен мүмкіндіктер беріп, елдің экономикалық дамуына үлес қосуда. Жергілікті трейдерлер көбінесе бұл нарықта компаниялардың акцияларын сатып алып, сатумен айналысады. Қазақстанда Форекс нарығы да кеңінен дамып келеді. Көптеген адамдар осы нарыққа инвестиция салып, тәжірибе жинақтауда. Қазақстанда криптовалюталардың танымалдылығы соңғы жылдары айтарлықтай артты. Елде криптовалюталармен сауда жасауға арналған бірнеше платформалар мен биржалар бар. Қазақстандық трейдерлер Bitcoin, Ethereum, және басқа да криптовалюталарды сатып алу, сату арқылы табыс табуға тырысады. Бұл нарықтың ерекшелігі – оның өте жоғары құбылмалылығы, яғни баға өзгереді. Бірақ дұрыс стратегиямен жұмыс істеген жағдайда табыс алу мүмкіндігі жоғары.
МҰНДА ДА АЛАЯҚ БАР
Трейдинг әлемі таңғажайып құбылыс секілді көрінгенімен, мұнда да алаяқ бар. Әсіресе жаңадан бастаған трейдерлер үшін қауіп жоғары. Қаржы нарықтарында сәтті жұмыс істемейтін немесе өз әрекеттерін заңсыз түрде жасайтын адамдар өте көп. Мұндай алаяқтар трейдерлер мен инвесторларды саналы түрде адастырып, олардың қаржысын ұрлайды. Форекс нарығында алаяқтар трейдерлердің сеніміне кіруге тырысады. Олар трейдерлерге жоғары табыс уәде етіп, оларды өз платформаларына тіркеп, қаржыларын ұрлауы мүмкін. Бұл алаяқтар көбіне инвестицияға тарту үшін төмен өтімді немесе жалған брокерлік платформаларды пайдаланады. Олар нақты табысқа жетуге мүмкіндік бермейді, тек ақша жинап алып, жоғалып кетеді.
Пирамидалық схемалар – алаяқтықтың ең кең тараған түрінің бірі. Бұл схемаларда қатысушылар жаңа мүше тарту арқылы табыс табуға шақырылады. Әрбір жаңа қатысушыдан алынған ақша бұрынғы қатысушыларға бөлінеді. Пирамидалық схемалар бір кездері тоқтап қалатыны анық. Себебі жүйе тек жаңа адамдардың қатысуына негізделеді. Бірақ олардың саны шектеулі. Мұндай схемалар көбіне криптовалюта немесе Форекс нарығында кездеседі.
Трейдинг алаяқтарының тағы бір кең таралған түрі – жалған брокерлер мен платформалар. Мұндай алаяқтар интернетте “ресми” брокерлер ретінде көрініп, алдамшы түрде өз платформаларын ұсынады. Олар инвесторларға өз ақшаларын депозитке салуға мәжбүр етеді және кейін бұл ақшаны жоғалтады. Бұл платформалар көбінесе лицензиясыз болады. Нақты реттеуші органдардан рұқсат алмаған болып келеді. Олар трейдерлердің ақшасын ұрлап, кейін байланысқа шықпайды. Қош.
Қазір саны бар, сапасы жоқ әлеуметтік желідегі «жетістікке жеткен трейдерлер» көп. Олардың жолы болып, расымен қысқа уақытта байлыққа кенелуі мүмкін. Дегенмен бұл олардың алдағы уақытта да жетістікке жетеді дегенін білдірмейді. Бұл – құбылмалы сауда немесе уақытша жеңіс. Әлеуметтік желідегі жарнамаларда көбіне қысқа мерзімді трейдерлер шығып жатады. Олар бір рет шартты түрде, миллион теңге тапты делік. Дегенмен келесі жолы бұл жағдай қайталанбауы мүмкін. Содан кейін мұндай жарнамаға шығатындардың мақсаты көбіне белгілі бір бағдарламаны немесе ұйымды таныту. Ал олардың әдіс-тәсілдерін үйрену арқылы табысты трейдер болуға болады дегенге сену қиын. Егер трейдингке көңіл бөліп, трейдер болуды ойластырып жүрсеңіз, сенімді ұйымдардың курстарына қатысқан әлдеқайда тиімді. Ал жылт еткен көздің жауын алар жарнамаға көп сене бермеңіз. Аспаннан ақша жаумайды, жерде батпан құйрық жатпайды.
Айнұр ӘЛИ