Адам неліктен бор немесе топырақ жегісі келеді? Оның қандай қаупі бар?

Фото: ©Pixabay.com
Бор немесе кесек, кейде ұн, кофе қалдығын жеуді әдетке айналдырған таныстарыңыз бар шығар. Әдетте біз мұндайға аса мән бере бермейміз. Бірақ жеуге болмайтын заттарға деген құмарлық бекерден бекер туындамайды. Оның себептері бар, ал салдары тіпті ауыр болуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Адам әр кезеңде түрлі жеуге жарамсыз заттарды байқап көруі мүмкін, алайда көбіне мына заттарды жейді:
- күл;
- балаларға арналған ұнтақ немесе тальк;
- жазуға арналған бор;
- ағаш көмірі;
- саз, лай немесе топырақ;
- кофе қалдығы;
- жұмыртқаның қабығы;
- нәжіс;
- шаш, жіп немесе арқан;
- мұз;
- крахмал, соның ішінде кір жуатын;
- қабырғадан түскен бояу;
- қағаз;
- ұсақ тастар;
- үй жануарларына арналған жем;
- сабын;
- жүн немесе мата.
Мұндай заттарды әдетте кімдер жеуге құмар болады?
Жеуге жарамсыз заттарға құмарту кез келген адамда болуы мүмкін, бірақ мына топтарда жиірек кездеседі:
- 6 жасқа дейінгі балаларда;
- жасөспірімдерде;
- жүкті әйелдерде;
- кейбір психикалық ауытқушылығы бар адамдарда.
Кейде мұндай адамдар өз әдетінен ұялып дәрігерге бармайды, сондықтан қажетті ем алмайды.
Адам неліктен мұндай заттарды жегісі келеді
Ара-тұра мұндай заттарды ауызға салып, қызық үшін дәмін көру – қалыпты құбылыс. Бірақ бұл үнемі қайталанып, адам өз-өзін тоқтата алмаса, бұл пикацизм деп аталатын тамақтану бұзылысы саналады (кейде аллотриофагия деп те аталады).
Ғалымдар пикацизмнің нақты себебін әлі анықтамағанымен, әсер етуші бірнеше факторды атаған:
Қоректік заттардың тапшылығы. Мысалы, темір, кальций немесе мырыш жетіспеуі.
Медициналық жағдайлар. Жүкті болу немесе орақ-жасушалы анемия.
Психикалық ауытқушылық. Ең жиі кездесетіні – аутизм спектріндегі бұзылыстар. Бірақ депрессия кезінде де осындай құмарлық пайда болуы мүмкін.
Стресс. Кейбір адамдар үшін мұндай заттарды жеу үрей немесе дүрбелең кезінде өзін тыныштандыру тәсіліне айналады.
Бала кездегі жағымсыз жағдайлар. Зерттеу аз болса да, байланыс бар екені белгілі. Мысалы, кедейлікте өскен немесе зорлық-зомбылық пен немқұрайлылық көрген балаларда пикацизм жиі байқалады.
Кливленд клиникасының мамандары дәрі-дәрмек қабылдау да пикацизм қаупін арттыруы мүмкін деп болжайды. Бірақ бұл жайлы нақты зерттеулер әлі жеткіліксіз.
Сонымен қатар, жеуге болмайтын заттарды пайдалану кей елдерде мәдени немесе діни дәстүр болуы ықтимал. Ал бала мұндай әдетті айналасындағы адамдардан да үйреніп кетуі мүмкін.
Жеуге жарамсыз заттардың қауіптілігі
Егер құмарлық қысқа мерзімді болса, айтарлықтай кері әсер сезінбеуіңіз мүмкін. Бірақ әдет ұзақ уақыт сақталып, адам мұндай заттарды тамақ орнына да жей берсе, денсаулыққа зиян келуі мүмкін.
Улы заттардан улану
Пикацизмге шалдыққан адамдар көбіне қорғасыннан уланады. Бұл аса қауіпті жағдай: ол қозғалысты бақылаудан айыруы мүмкін, құрысуларға, бас сүйек нервтерінің, көру жүйкесінің және мидың зақымдануына әкеледі. Себебі қорғасын ескі бояу құрамында, қағаздағы бояуда, борда, қыш ыдыстардың глазурінде кездесуі ықтимал.
Сонымен қатар токсиндер сырт көзге қауіпсіз болып көрінетін заттарда да бар: мысалы, фторлы тіс пастасында, қағазда немесе «жеуге жарамды» деп сатылатын арнайы сазда.
Инфекция жұқтыру
Бұл көбіне жер мен саз жейтін адамдарда болады. Мұндайда әртүрлі микроағзалар – бактериялар, саңырауқұлақтар, паразиттер жұғады. Әлем бойынша маркетплейстерде сатылатын саз үлгілерінен осындай қауіпті ағзалар анықталған.
Симптомдары:
- жоғары температура,
- әлсіздік, тез шаршау,
- жөтел,
- бас ауруы,
- жүрек айну,
- көру қабілетінің нашарлауы,
- ентігу,
- жүрек соғысының жиілеуі,
- ырғақтың бұзылуы,
- естен тану, сананың шатасуы.
Асқазан-ішек жолы аурулары
Аурудың асқынуы адамның не жегеніне байланысты. Мысалы, кір жуғыш ұнтақты жұту өңештің (эзофагит) және асқазанның (гастрит) қабынуын тудыруы мүмкін. Ал матаны, сазды, шашты немесе қағазды жеу – іш қатуға, ішек бітелуіне, безоарлардың (асқазандағы қатты түйіндер) пайда болуына әкеледі.
Қоректік заттардың жетіспеуі
Асқазанға түскен тұрмыстық заттар аштықты басқанымен, олар ағзаға ешқандай пайда әкелмейді. Адам қалыпты тағам жемеген соң, қажетті дәрумендер мен минералдарды алмайды. Кей заттар тіпті тағамдағы микроэлементтердің сіңуіне кедергі жасайтынын да ұмытпаңыз.
Саз жеу өте қауіпті: ол әрі асқазанды толтырады, әрі ішекте қажетті микроэлементтердің сіңуіне бөгет жасайды.
Артық салмақ қосу
Егер адам калориясы жоғары тұрмыстық заттарды көп тұтынса, артық салмақ жиналады. Мысалы, 100 грамм жүгері немесе кір жуғыш крахмалда шамамен 380 ккал бар. Тіпті кәдімгі сүт қосылып жасалған құймақтың 100 грамында 220 ккал ғана бар.
Қант деңгейін бақылау қиындығы
Бұл әсіресе қант диабеті бар адамдарға қауіпті. Пикацизм кезінде қандағы глюкоза деңгейін тұрақты бақылау қиынға соғады. Уақыт өте келе бұл жүрек-қан тамырлары, бүйрек ауруларына, көру қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін.
Электролит тепе-теңдігінің бұзылуы
Электролиттер – ағзадағы сұйықтық пен қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті сақтау, қоректік заттарды сіңіру және зиянды қалдықтарды шығару үшін қажет минералдар.
Сазды, ас содасын, мұзды немесе тұзды көп мөлшерде жеу электролит балансын бұзуы мүмкін. Бұл жағдайда мынадай белгілер байқалады:
- сананың шатасуы, ашушаңдық;
- іш өту немесе іш қату;
- әлсіздік;
- бас ауруы;
- жүрек соғысының жиілеуі немесе ырғақтың бұзылуы;
- бұлшықет құрысуы, түйілу немесе әлсіздік;
- жүрек айну, құсу;
- қол-аяқтың ұйып қалу, шаншу сезімі.
- Ауыз қуысының аурулары
Өте қатты заттарды (мысалы, мұз, піспеген күріш немесе бидай) жеу кезінде тістер зақымдануы мүмкін. Кейде жақ сүйегі де ауырады. Сонымен қатар қатты бөлшектер қызыл иекті жаралап, қабынуды қоздыруы ықтимал.
Жүктілік кезіндегі қауіп
Егер жүкті әйел жиі жеуге жарамсыз заттар тұтынса, құрсақтағы бала қажетті қоректік заттардан қағылады. Салдарынан мынадай мәселелер туындауы мүмкін:
Флюороз — фтор қосылған тіс пастасынан пайда болады, ол баланың әлі шықпаған тістерінің эмалін зақымдайды.
Эритроциттердің бұзылуы және бауырдың зақымдануы – сіріңке бастарындағы калий хлораты мен күкірттен туындайды.
Гемоглобиннің тотығуы – бұл кезде қан ағымы ұрыққа жеткілікті оттегі жеткізе алмайды. Мұндай жағдай көбіне нафталин жұтқанда болады.
Дәрігерге қашан бару керек
Кей жағдайларда дәрігерге шұғыл жүгіну қажет. Әсіресе мына белгілер байқалса:
Аскаридоз – паразиттік инфекция, негізгі белгілері: құрғақ жөтел, ысқырық тәрізді дыбыс, тыныс алғанда ауырлық, ентігу, қақырықта қан. Сондай-ақ дене қызуы көтеріледі, сарғаю пайда болады.
Электролит теңгерімінің бұзылуы – алғашқы белгілері: жүрек айну, әлсіздік, шатасқан сана, бас ауруы.
Жүрек ырғағының бұзылуы – жүрек соғысының тым жылдам, баяу немесе ретсіз болуы.
Улану – алғашқы белгілері: жүрек айну, іш өту, іштің ауыруы, ұйқышылдық, бас айналу немесе әлсіздік, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, тыныс алудың қиындауы, сілекейдің көп бөлінуі.
Ішек түйілуі (непроходимость) – іш ауыруы, кебу және дәретке бара алмаумен қатар жүреді.
Қауіпті белгілер болмаса да, дәрігермен кеңескен жөн. Себебі ол неге мұндай әдет пайда болғанын анықтап, одан арылу жолдарын көрсетеді.
«Пикацизм» диагнозы қалай қойылады?
Дәрігер пикацизмді анықтау үшін мына шарттарға сүйенеді:
Адам ақыл-есі дұрыс, тағамды жеуге болмайтын заттардан ажырата алуы керек.
Бұл әдет кемінде бір айдан артық сақталуы тиіс.
Бұған әсер ететін басқа медициналық немесе психологиялық себеп болмауы керек.
Әдеттің әлеуметтік немесе мәдени түсіндірмесі болмауы қажет.
Пикацизм 2 жасқа дейінгі балаларға және теміртапшылықты анемиясы бар адамдарға диагноз ретінде қойылмайды.
Оған арнайы талдау жоқ, бірақ дәрігер себептерін анықтау үшін тексерулер ұсына алады: қан, несеп, нәжіс талдауы, рентген, УДЗ, КТ немесе МРТ.
Пикацизмді қалай емдейді?
Жүкті әйелдерде пикацизм әдетте өздігінен жоғалады.
Балалардың көпшілігінде де уақыт өте кетеді.
Ал аутизмге шалдыққан балаларда оны емдеу қиын. Мұндайда ата-аналарға баланың не жеп жүргенін мұқият бақылап, қауіпті заттарды үйден алып тастау ұсынылады.
Ересектерде психотерапия көмектеседі. Маман адамға зиянды әдеттің салдарын түсіндіріп, назарын басқа істерге аударуды үйретеді.
Қосымша ем ретінде дәрігер мыналарды ұсына алады:
- рационына мырыш пен темірге бай өнімдерді қосу;
- дәрумендер қабылдау;
- паразитке қарсы дәрілер (егер нақты инфекция анықталса);
- кейде антипсихотикалық дәрілер.
Сондықтан әдетте жегіңіз келетін мұндай заттарды үйден алып тастау немесе оларға қолжетімділікті қиындату керек.
Оның орнына алдын ала пайдалы жеңіл тағам дайындап, әрдайым қасыңызда ұстаңыз.
Баладан пикацизм байқалса, не істеу керек?
Алдымен дәрігерге апарып, бұл пикацизм бе, әлде басқа себебі бар ма – соны анықтау қажет.
Үйде ата-аналар мына қадамдарды жасауы тиіс:
Баланың қашан, қай жерде жеуге болмайтын заттарды ауызға салатынын бақылап, сол жағдайлардан аулақ болуға тырысу. Мысалы, топырақ жегенді ұнатса – құмсалғыштың орнына сырғанаққа апарған жөн. Қағаз жесе – сурет салуды конструктор жинаумен алмастырыңыз.
Қауіпті заттарды көзден таса ұстау.
Шкафтарға құлып орнату.
Үйді жиі жинап, еденде қауіпті зат қалдырмау.
Демалыс кезінде балаға уақыт бөліп, жеп қоюы мүмкін заттарды алыс ұстау.
Баламен бірге «қай зат жеуге болмайды» дегенді жаттықтыру.