Кесек жеудің кесірі
Жуырда бір сауда орнында жап-жас келіншек кішкене қалташаға салынған сары түсті затты ала сала дереу күтірлетіп шайнай бастады. Әдепкіде халуа ма деп қалдым. Шыдамсызданып: “Қарағым, не жеп жатсаң?”, – дедім.
– Кесек қой деп күле жауап қайтарды. Осыдан туындаған мақаламды оқырманға ұсынғанды жөн санадым.
Жалпы кесек жеуді зерттейтін ғылымды геофатия деп атайды. Мамандардың айтуынша, топырақтың құрамында болатын кремний микроэлементтерге өте бай. Тіпті оны ас ретінде пайдаланатын елдер әлі де бар көрінеді. Мәселен, Қытай, Үндістан, Египет, Оңтүстік Америкада тұрғындар кесекті аурудан айықтыратын дәрі ретінде пайдаланады. Әлемде кесек пен балшықты дәстүрлі медицинада пайдалану туралы дисертация қорғап шыққандар да аз емес. Алайда қанша пайдалы тұстары болғанымен, бүгінде қаназдық, бауырға құрт пен бүйректегі құмның жиналуының бәрі осыны жеудің салдары көрінеді.
Статистика бойынша, әйелдер кесекті көп жейді екен. Бірақ еркектер арасында да бұған құмарлар жетерлік. Бүгінгі аналардың аңыздағыдай арыстанның жүрегі, аю мен қасқырдың өтіне емес, дүкендерде сатылатын бір кесек топырақ пен борға аңсары ауғаны алаңдауға тұрарлық жағдай деп ойлаймын.
Иә, қазіргі таңда кәдімгі адам жейтін кесекті кез келген дүкеннен кездестіруге болады. Оны майдалап, көлеміне қарай бағалап та қойған. Кішкентай пакет қалташықтарда босатылатын саз кесектің үш түрі бар. Бағалары 50, 70, 100, 150 теңге болып кете береді. Алғашқы сары түсті түрі халықтың көп тұтынатыны. Сұранысы да жоғары. Ал екінші қызыл түстісі сарысынан қымбаттау. Үшінші көк түстісі дәмі өте ащы болатын көрінеді. Соңғы екі түрінің сұранысқа аса ие болмағандықтан сатушылар көбіне әкеле бермейді. Бірақ бұл түрлерінің де тұрақты тұтынушылары бар. Жеуге жарамды кесектер Орал мен Түркістаннан шығарылып, сауда орталықтарына жеткізіледі.
Ең қызығы еркін саудада жүрген кесектерге ешқандай бақылау жоқтығы таңғалдырды. Себебі шын мәнінде халық тұтынатын азық емес. Құрылыс заттары болып саналады. Сондықтан да СЭС мамандары бұл тақырыпқа бас қатырмайды. Ел арасында бор жейтіндер де кездеседі. Бұрындары мектептегі бор жеуге жеңіл болса, қазіргілері мүлдем жарамсыз. Себеп – олардың құрамы гипс, желім, бояғыш қоспаларынан тұрады. Медицинада жегісі келмейтін нәрселерді жеп, жеуге болатын тағамдарды жемеумен айналысатындарды пикацизмге шалдыққандар деп атайды. Олар көмір, әк, қатып қалған краска, сабын, күл, кір жууға арналған ұнтақ, темекі, тағы басқа заттарды жеуге әуестенеді. Мамандардың кеңесі бойынша бұлай ауырғандар міндетті түрде дәрігерге көрінуі керек.
Деректерге сүйенсек, кесекті жануарлар да пайдаланады екен. Құстар ас қорытуға, аюлар қысқы ұйқыға кетер кезде, маймылдар мен кейбір балық түрі де қорек ретінде тұтынады. Борды жануарларға арналған жемнің құрамына қосады.
Жүктілік кезінде кейбір әйел кесек сынды басқа да заттарды жегісі кеп тұрады. Дәрігерлер ондай тәбеттен бас тартқанды жөн санайды. Өйткені ол баланың да өзінің де денсаулығына кері әсер етеді. Сол себебті де минералды заттардың жетіспеушілігінен туындайтын жеріктіктен құтылу үшін де минералды заттар құрамында көптеп кездесетін өрік, қырыққабат, жүгері, банан, бұршақ, қарақұмық, жаңғақ, тауық жұмыртқасы, құрт, айран, ірімшік сияқты тағамдарды қолдануға шақырды.
Әрине халық өзі қалаған затын қай кезде де сатып ала алады. Сатушыға да бәрібір, оның көксегені – тек ақша. Дегенмен бір сәт болсын өз денсаулығымызды өзіміз ойламасақ, кім ойлайды? Құрамында химиялық қоспалары бар кесек пен бор, тағы басқа заттарды жеу өте қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Болашағымыз баламызды дүниеге әкелетін аналардың жеріктігін жоғарыдағы әдістермен басуы – баласының денсаулығына бейжай қарауы деп түсінемін.
Кемал КӨПЖАСАРОВ,
қаржы-салық саласының ардагері