Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елеулі ел ағасы

Еңбегі елеулі ел ағасы

2018 жылы жаз айларының бірінде таныс емес нөмірден телефоныма қоңырау түсті. Арғы жағындағы ер кісі амандық-саулық сұрасқан соң бірден шаруасына көшті.  Елдегі ағайын бабаларына ас беру шарасы кезінде Қалыбай руының шежіресін жинақтап шығаруға шешім қабылдап, бұл жауапты жұмысты өзіне жүктегенін жеткізді. Содан өз қолмен жазылған шежіре кітаптың мәтінін компьютерге сауатты теріп беретін адам іздеген беті екен. Ауданда жарық көрген бірнеше кітаптардың мәтінін баспаға дайындағанымды, сауатты, тиянақты жұмыс жасайтынымды естігенін айтып, менің де мақтауымды келістіріп жатыр. Ол кезде аудандық қоғамдық даму бөлімінде әдіскермін, қолдан келетін жұмыстан несіне қашайын?!Өзара келісімнен соң көп ұзамай қолжазбасын әкеліп берді. Бас-аяғы бір айдай уақыт ішінде қалың мұқабалы үлкен дәптерге жазылған шежірені мұқият теріп, баспаға дайындап бердім. Бұл кісі Қазалы ауданының тумасы, көп жылдар шекара қызметінде басшы қызметте болған жерлесіміз Зейналабдин Жұмағалиев еді.

Қазалы – тарихы терең әрі тағылымды жер. Туған жерден, өскен өңірден тамырын алыс тарта алмайтын адамдар болады. Ал біздің қасиетті өлкеден шыққан ондай тұлғалар аз емес.
Аудандық қоғамдық даму бөлімінде қызмет барысында талай қасиетті топырақтан түлеп ұшқан қаншама танымал азаматтармен байланыс жасадық. Республикамыздың әр түкпірінде халыққа қызмет етіп, ел құрметіне бөленген зиялы қауымға өзімнің де құрметім ерекше болатын.
Бүгін қолыма қалам алғызған осындай ағалардың бірі –Зейналабдин Жұмағалиұлы. Майдакөл ауылдық округіндегі «Нұрбай шүңгілі» деп аталатын жерде қарапайым шаруа Сұлтанияз баласы Жұмағалидың қарашаңырағында 1950 жылдың 25-ші шілдесінде дүние есігін ашқан ол биыл 75 жастың мерейлі белесін бағындырыпты.
Халқымыз «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» дейді ғой. Ағамыз еңбекке жасынан ерте араласып, елге болсын дейтін кең пейілі, ізетті ұстанымы арқасында көпшілікке танылған. Білімі мен білігі, табандылығы, адамгершілігі, тәртіпке бас иетін талапшылдығы, еліне деген патриоттық сезімі арқасында өмір жолындағыширек ғасырға жуық уақытты ауылда тракторшы болудан бастап үш Министрліктің орталық аппаратында Алматы, Астана қалаларында басшы қызметтерде болған.
«Адам туған топырағына тартып туады» деген бар. Зейналабдин ағаның өскен ауылы – қазіргі Бекарыстан би ауылы. Малы мен жаны қатар өскен, берекесі маңдай термен артқан ауылдан талай тарландар түлеп ұшқанын ешкім жоққа шығара алмас.
Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл азамат колхозда трактор тізгіндеп маңдай терлеткен ардақты әкесі Жұмағали мен11 құрсақ көтерген Сақтағанқызы Алтын анасын «Қалыбай шежіресі» кітабындамақтанышпен әрі сағынышпен еске алады.
Орта мектептен соң Қазалы қаласындағы бір айлық тракторшылар дайындайтын курста оқып, ауылдың шаруашылығында трактор жүргізген. Кейінірек ДОСАФ-та үш ай оқып, жүргізуші куәлігін иеленген. 1969 жылы көктемде Отан алдындағы борышын өтеу үшін Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, 1971 жылдың күзінде елге оралған. Әскерден келгенненкейінАлматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтының механика факультетінде оқып, инженер-механик мамандығын алған.
1977 жылы Ауылшаруашылығы министрлігінің жолдамасымен әуелі Жамбыл, кейін Семей, Қызылорда облыстарында мектептерде, Байқадамдағы СПТУ-124 училищесінде, одан соң «Майдакөл» орта мектебінде мұғалім болып еңбек еткен.
Қызмет бабымен Шұбартау ауданы, «Сарықамыс» кеңшарында МТМ меңгерушісі, бас инженер болған. 1987 жылы Алматыға қоныс аударып, «ГлавАлматаСтрой» зауытында инженер, бөлім бастығы, «Казагрореммаш» бірлестігінде инженер болған. 1990-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы Министрлігінің орталық аппаратында Жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімін басқарған.1997-1998 жылдар аралығында Қазақстан теміржолының орталық аппаратында жетекші маман, 1998-2013 жылдары инженер, аға инспектор, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметінің орталық аппаратында Жол қауіпсіздігі және Техникалық қадағалау инспекциясының бастығы болып қызмет еткен. Еңбек жылдарындағы мінсіз қызметін үшін Министрліктер тарапынан Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Қазалылық ақын Шарапбай Нағымашев «Күзгі өлеңдер» атты кітабында «Осындай бір досым бар» деген өлеңінде былай дейді:
Күндері – бәрі күрес,
Бәрі майдан,
Бірде қату,
Ал бірде жаны жайраң.
Бүкіл қазақ даласын
Шарлап жүрген,
Қыран тектес бір ұрпақ
Қалыбайдан, - дейді.
Ал ағамыз туралы ақын Жетіскен Мәкеналы «Жүректегі тазалық» атты өлеңінде:
Шекарасын күзеттің қазағымның,
Жолдан өттің тау-тасты, азабы мың.
Құлатпай аман сақтап қалған сені,
Жүрегіңе құйылған тазалығың, - деп суреттеген екен.
Расында шекара шебінің берік болуы – аса маңызды әрі жауапты міндет. Ал, бұл міндетті абыроймен, аса сақтықпен, асқан жауапкершілікпен атқару – шекара қызметіндегі азаматтардың мойнындағы үлкен парыз. Бұл үдеден шыққан азаматтардың қатарынан көрінген жерлесіміз Зейналабдин ағамен мақтануға әбден болады.
Иә, Алматыда жиырма жыл қоныстанып, елден келген жора-жолдастарына, ағайындарына, олардың жұмысқа орналасуына, оқуға түсулеріне, көшіп-қонуларына көп көмегін тигізген. Өзінен кейінгі бауырларын бірінен соң бірін Алматыға жанына көшіріп әкеліп, үй болуына жағдай жасаған. Оның қолдауымен Матығұлдан тараған Сұлтаниязов Қасен, Жұмағали Жантөре, Сәйпеева Сандуғаш, Аманбаев Өмірбек, Көләнов Болат шекара қызметінің майталмандары атанды.
«Өлі риза болмай, тірі байымас» деген қағиданы ұстанып, 2001 жылы кенже ұлы Еркебұланмен бірге «Жаман Қостам» басындағы баба қорымын қоршауға демеушілік жасады. 2011 жылы ағайынның қолдауымен сол жерге түнеухана салуға мұрындық болды. 2017 жылы Қалыбай ата асына жиналған 200-дей адамның шешімімен «Қалыбай шежіресі» кітабын жинақтап, баспадан шығарған.
Ел ағасы туралы «Қазаққа берген осы ұлды» өлеңінде жергілікті ақын Жетіскен ағамыз былай дейді:
Қазаққа берген осы ұлды,
Көңілге көңіл қосылды.
Мақтанышпен айтар ем,
Көрсетші десе досыңды.
Ананы көрсе аялар,
Құшағын көпке жая алар.
Тығылып оның ығына,
Тарыққан жандар саялар, – деп ағамен достығын мақтаныш етіп,оның қайырымдылығын да дәріптеген.
Қаншама істің басы-қасында жүріп, атақ пен абыройға ие болуда ер-азаматтың өмірлік жары сеп болары анық. Ағамыз жұбайыШәрипамен 1981 жылы бас қосып, 3 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген.
Аяулы жары Шәрипа Көләнқызы 1952 жылы 1 маусымда «Алға» ауылында дүние есігін ашқан. Мектепті үздік бітірісімен 1969 жылы Қазақтың мемлекеттік Қыздар институтына оқуға түскен. 1973 жылы математика пәнінің мұғалімі боып, Қазалы ауданы мектептерінде өз пәні бойынша мұғалімдік қызмет атқарған. 1981-1987 жылдары «Майдакөл» орта мектебінде директор, кейінірек елде ауылдық Кеңестің төрайымы болған.
Бүгінде арда азаматтың ұл-қыздары әкеден алған тәлім мен асыл анадан бойға сіңірген тәрбиенің арқасында өз жолдарын тапқан. Тұңғышы Жантөре Қазақтың Абай атындағы гуманитарлық университетін тәмамдаған. Қазір Астана қаласында ҰҚК Шекара қызметінде қызмет етеді. Шені – подполковник. Отбасында жұбайымен үш бала тәрбиелеп отыр.
Ортаншысы Айгерім Сүлеймен Демирель атындағы Қазақ-Түрік университетін «Қызыл дипломмен» бітірді. Қазір Шымкентте «ҚазМұнайГаз» компаниясында бөлім бастығы. Үлгілі отбасының тірегі Айдоспен екі бала өсіруде.
Кенжесі Еркебұлан Астана қаласында Қазақтың технология және бизнес университетін тәмамдаған. Қазір Астана қаласында Президент аппаратында қызмет жасайды. Атақ пен абыройдан кенде емес. Жұбайымен ұл-қыз өсіріп, әке жолын жалғастыруда.
Зейналабдин ағамыздың бүгінгідей табысқа жетуі «Жаңбырменен жер көге¬рер, Батаменен ер көгерер» демекші жасынан аузы ел ағаларының, мәпелеп өсірген ата-анасының алғысы мен ақ батасын алғанының жемісі деп есептейміз.
Мерейлі 75 жасыңыз құтты болсын, ұрпағыңызбен мың жасаңыз, аға! Бүкіл саналы ғұмырыңызда абыройлы еңбек етіп, еңбекқорлығыңыздың арқасында алғысқа бөлендіңіз. Ағайын-туыстың ортасында да үлкенге ілтипат жасап, кішіге қамқоршы болып, құрметке ие болдыңыз. Сіздің ұзақ жылғы өмір тәжірибеңізден кейінгі жастардың алар тағылымы мол екендігіне сенемін. Өзіңізге мықты денсаулық, қажымас-қайрат, әулетіңізге баянды бақыт тілеймін!
Осы жазбамды қорытындылай келе, айтарым: қазіргі қоғамда жастардың әскер қатарына өз еркімен баруы сиреп барады. Отанды қорғайтын да, тыныштығын күзететін де ер-азамат. Ендеше, жас буынды Отаншылдық, патроттық, туған елге сүйіспеншілік рухта тәрбиелеуде елден шыққан осындай азаматтарды насихаттау қажет-ақ.
Кейіпкеріміздің өмір жолы мен қызметін дәріптеу мақсатында оқыған ауыл мектебінде көрнекі ақпарат тақтасы ілініп, идеологиялық іс-шаралар өткізу бүгінгі күннің талабы екені анық.
Шекара қызметінде, Министрліктерде жоғары лауазымда жауапты қызметтер атқарған Жұмағалиев Зейналабдин ағаның мерейлі тойына орай Майдакөл ауылдық округі, Бекарыстан би ауылы әкімшілігіне және №98 орта мектебіне осы ұсынысымды жолдаймын.
Жанар ҚАЗИҚЫЗЫ
29 шілде 2025 ж. 130 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031