Қолмен жазылған түйіндеме иесін компания жұмысқа шақырған
Испанияның Кордоба қаласында 21 жастағы Карлос Дуарте есімді жұмыссыз жігіт кафелердің біріне қолмен жазылған түйіндемесін тастап кетті. Келушінің ерекше түйіндемесін көрген Эуге Лопес есімді кафе қызметкері оны Facebook парақшасында жариялады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Жұмыссыз жігіттің қолмен жазылған түйіндемесі желіге жарияланған соң, оны бірнеше компания жұмысқа шақырды. Лопестің айтуынша, жас жігіт кафеге келіп жұмыс сұраған. Содан кафе қызметкері оған түйіндемесін қалдырып кетуді ұсынды. Алайда, жігіт түйіндемені басып шығаруға қаражаты жоқ екенін айтып, оны қолмен жазу үшін қағаз бен қаламын әкелген.
Алайда, Лопес жұмыс істейтін кафеде бос орын болмады. Сол кезде бойжеткен жаңа досына көмектеспекші болып, оның оқиғасымен әлеуметтік желі арқылы бөлісті. Ол жігіттің жұмыс табу үшін бәріне дайын екендігін байқап, қолмен жазылған түйіндемені өз парақшасында жариялады.
Бойжеткен жариялаған жазба 10 мыңнан астам репост жинап, оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Желі қолданушылары Лопестің әрекетіне сүйсініп және оған қолдау көрсетті. Кейінірек, ол түйіндемені қолмен жазып танымал болған жігітті көптеген компания жұмысқа шақырғанын хабарлады.
Stan.kz