Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланыс­ты. Бүгінде отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, елдің әр түкпірінде түрлі нысан бой көтеріп жатыр. Құрылысшыларға бағыт-бағдар беріп, олардың жұмыс жоспарын жасап, назарға алатын арнайы бөлім қызмет ететінін бәрі біледі. Біздің ауданның да жыл санап өркендеп, көрікті мекенге айналуына сала мамандарының қосып жатқан өзіндік үлесі зор.

Қарқынды жүріп жатқан құрылысқа, кенттің көркін кіргізер архитектуралық жұмыстарға аз-кем тоқталғанды жөн санадық. Аудандағы құрылыс жұмыстары қарқынды, атқарылар шар­уа ауқымды. Қазір Әйтеке би кентінде құрылыс жұмыстарымен қатар аудан орталығын көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жасалып жатқан жұмыс­тардың да сапасы күнделікті аудан әкімінің бақылауында.
Ауданның бас қақпасы саналатын теміржол вокзалы аумағы мен вокзал алдындағы Әйтеке би алаңын, Жанқожа батыр көшесінің бойында орналасқан Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей, аудан әкімдігі ғимаратының алдын және Жанқожа батыр кесенесінің аумағы абаттандырылып жатыр.
Айта кеткен жөн болар, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» болып жарияланды. Жыл аясында барлық аудандарда «Руханият орталықтары» салынуда. Жуық арада аудандағы құны 1,7 миллиард теңге болатын аталмыш нысанның іргетасы қаланбақ. Бүгінгі күнге құрылыс-монтаж жұмыстары бас­талып, орталықтың іргетасын құю жұмыс­тары жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін мұнда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіріліп, типтік үлгідегі жаңа нысан аудан халқының игілігіне пайдалануға берілмек. «Руханият орталығының» құрылыс жұмыстарымен «АСАР» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі мекемесі айналысуда.
Биыл – Қазалы ауданының жұрт­шылығы үшін мерейтойлар жылы. Оған себеп киелі өңірден талай талант пен даңқты батырлар, қара қылды қақ жарған би-шешендер шыққан. Сондай жаужүрек жауынгер, халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толып отыр. Осы орайда батыр бабаның ерлік істерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа таныту мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынды. Ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған халық батырына арнап еңселі ескерткіш орнатып, баба кесенесінің аумағын абаттандыруға қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалуда. Мамандар бұл жұмыстар қазан айында бабаның 250 жылдық мерейтойына қарсы аяқталады дейді.
Қазалылықтар көктем айы басталысымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында біршама жұмыс атқарды. Әрине, оның ішінде айта кету керек абаттандыру жұмыстарына үлкен көңіл бөліп, әсіресе аудан орталығы – Әйтеке би кентінде біршама жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі таңда Әйтеке би кентіндегі ауданның бас қақпасы саналатын Теміржол вокзалы аумағын, вокзал жанында орналасқан Әйтеке би алаңын, Жанқожа батыр көшесінің бойынан «Руханият» скверін (аудан әкімдігі ғимараты мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей және 600 орындық Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы ғимаратының алды), абаттандыру жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Ал Әйтеке би кентіндегі «Орталық алаң» мен «Жеңіс» саябағын Қазалы мәдени-демалыс кеше­ніне айналдырып, мұнда да ауқымды жұмыстарды қолға алынбақ.
Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 07 шақырымды құрайтын жол құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Алайда жауапты мердігер мекеме «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-нің жауапсыздығы салдарынан жол құрылысы тұралап қалған болатын. Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы төрт жолақты автомобиль жолын аяқтау жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын қайта жариялау жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекеме «Нұрлы-Тау» ЖШС-і болып анықталды. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл бюджеттен 862 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Қазан айында жол құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
Аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан аталмыш нысандарға зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Құрылыстың қарқынды жүргізілуі тиісті мекемелер тарапынан ұдайы бақылануда. Себебі талап – қатал, жұмыс – тұрақты болғанда ғана сапалы нәтиже көрсетеді.
Жоғарыда аталған жұмыстар ауданда атқарылған құрылыс жұмысының бір парасы ғана. Жыл аяғына дейін әлі де біраз құрылыстың іргетасы қаланып, біршама объектінің іске қосылатыны анық.

Айнұр ӘЛИ
17 қыркүйек 2024 ж. 96 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 57

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 66

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031