Қазалыда құрылыс қарқын алды
Құрылысшы – адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Мемлекет қолдауымен тәуелсiздiк жылдары елде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, бүгінде әр түкпірде түрлі нысандар бой көтердi.
Осы салада тер төгіп жүрген мамандық иелері жаздың аптап ыстығына, күннің үскірік суығына, ауа-райының тосын мінезіне тосылмастан еңбек етіп, қалың жұртшылықты жаңа баспана немесе мәдениет үйі, мектеп, аурухана секілді нысандармен қуантып жүр. Қандай да ғимаратта құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы қалуда. Құрылысшыларға бағыт-бағдар беріп, олардың жұмыс жоспарын жасап назарға алатын арнайы бөлім қызмет ететінін бәрі біледі. Біздің ауданның да жыл санап өркендеп, көрікті мекенге айналуына құрылыс саласының қосып жатқан өзіндік үлесі зор. Қарқынды жүріп жатқан құрылысқа, кенттің көркін кіргізер архитектуралық жұмыстарға аз-кем тоқталып өткенді жөн санадық. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің атқарған, алдағы уақытта атқарар жұмысы ауқымды. Кез келген жаңа жоба, жаңа нысанның көзге көрінбес жұмысының барлығын осы бөлімнің мамандары атқарады. Мамандардың айтуынша, өңірде бірнеше нысанның құрылысы қарқынды жүруде. Қазалыда әсіресе кейінгі жылдары құрылыстың қарқыны ерекше өскен. Тіпті, шалғайдағы ауылдардың өзінде бірқатар әлеуметтік нысан салынуда.
Биыл аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен, 2024 жыл Сыр өңірінде «Руханият» жылы болып жарияланды. Жыл аясында өңірде мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Барлық ауданда облыс әкімінің бастамасымен «Руханият» орталықтарының құрылысы басталуда. Осыған сәйкес Қазалы ауданында да «Руханият орталығы» ғимаратының құрылысы басталып кетті. Қазіргі таңда ғимараттың жер қазу жұмыстары жүргізілуде.
«Руханият орталығының» құрылыс жұмыстарымен «АСАР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі айналысуда. Құны 1,7 миллиард теңге болатын орталықтың орны Әйтеке би кенті, Жанқожа батыр көшесі бойындағы аудан әкімдігі мен Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығы ғимаратының ортасынан белгіленген. Рухани кешен құрылысы аяқталғаннан кейін музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени ұйымдар осы типтік үлгідегі орталыққа біріктіріліп, халыққа қызмет ететін болады.
Құрылыс саласында қарқын бар. Биыл Қазалы ауданында бірқатар нысан ел игілігіне пайдалануға берілмек. Орайын тапқанда айта кеткен жөн, қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Мектепті қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Мердігер – «АСАР» ЖШС. Осы жоба аясында биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан салу жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталған. 2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 спорт кешені және 1 ауылдық клуб нысаны құрылысын бастауға 200 миллион теңге бөлініп, мердігерлері анықталып, құрылысқа кірісіпті. Олар – құны 628,7 миллион теңге болатын Әйтеке би кентінденгі «Жеңіс» саябағынан спорт кешені, 398,4 миллион теңге болып белгіленген Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарынан спорт кешендері. Құны – 537,7 миллион теңге. Бұл қатарда құны 399,1 миллион теңге болатын Майдакөл ауылынан 100 орындық клуб та бар.
Былтыр ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 50 отбасыға тапсырылған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғын жай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 75 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бастапқы 21 тұрғын жайды сатып алуға 266,973 миллион теңге бөлінсе, қосымша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 129 тұрғын жай сатып алуға бюджеттік өтінім тапсырылған.
Аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан аталған нысандарға зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады. Құрылыстың қарқынды жүргізілуі тиісті мекемелер тарапынан ұдайы бақылауда. Себебі талап – қатал, жұмыс – тұрақты болғанда ғана сапалы нәтиже берері сөзсіз. Ал аталған жұмыстар аудандағы құрылыс жұмыстарының бір бөлігі ғана. Жыл аяғына дейін әлі де біраз құрылыстың іргетасы қаланып, біршама объектінің іске қосылатыны анық. Барлығына уақыт пен шыдамдылық керек. Себебі кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыс сапалы нәтижені талап етеді.
Айнұр ӘЛИ