Бір уыс дән туралы үзік сыр
Бұл бір шай үстіндегі әңгіме еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Дәл қай жылы екені есімде жоқ. Мектепте оқитын бала кезім. Әкем таң ата жұмысқа кеткен. Біруақ анам колхоз жұмысы, көрген қиыншылықтары мен қиянаты жайлы әңгіме бастады. Дастарқан басында екеуміз ғана.
«Соғысты айтасың, соғыстан кейінгі жылдар да соғыстан кем болған жоқ. Колхоз бидай, арпа, жүгері өсіреді. Бәрін де қолмен кетпендеп егеміз. Егіске су баратын арықты да кетпен, күрекпен қазамыз. Осы «Қарлаң» каналын да қолмен қазғанбыз. О заманда сағатқа қарамаймыз. Біздің сағатымыз таңның атуы мен күннің батуы. Торғай шырылдағаннан тұрып, аттылы, есекті, жаяу жұмыстың басына жетеміз. Жұмыс қас қарая аяқталады. Онда да берілген нормаңды аяқтасаң. Нормасын бұрын аяқтағандар әлі жетпегендерге көмектесеміз. Бригадир ертемен терезеңді қамшының сабымен қағып оятып, кешке дейін жердің басынан шықпайды. Аңдығаны біз. Аяғыңды қия бастырмайды. Жасыратыны жоқ, әжетке шыққаныңа дейін есептеп, бетіңе салық қылады. Түс әлетінде бір рет шайнекке шай қойып ішеміз. Қайтарда көлігі бары теңдеп, жоғы арқалап отын шауып ала қайтамыз.
1948 жылдың жазы. Бидай жинап жатқан кезіміз. Соғыс аяқталғанымен елде әлі де ашаршылық бар. Себебі, қаншама жұмыс істегеніңмен жалақы төленбейді. Оның орнына еңбек күн жазылып, әр колхозшыға қатысқаныңа қарай ақысына жыл аяғына 1-2 пұттан дән береді. Онда да егін бітсе. Өнім төмен болса одан да қағыласың.
Бір күні жұмыс аяғына Дәмеш екеуміз үйге арқалап алып қайту үшін отын шауып, кідіріп қалдық. Өзгелер қайтқан. Олардан соң НКВД-ның ауданнан келген екі өкілі де кеткен. Өзімізге шақ жынғылды шауып болған соң ой түсті. Ешкім жоқ. Қараңғы түсе бастады. Бірақ ай жарық еді. Осы жарықты пайдаланып, неге масақ теріп, дән алып қайтпасқа?
Екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Әкең белсенді. Сол жылдары мұраб еді. Соғыстың кезінде басқарма болған. Бірақ жерден қия шөп алмайды. Маған да алдырмайды. Ат үстінде жүрсе де артыққа бармайды. Барынша үкіметшіл адам-тұғын. Сондай мінезінен азығымыз аз, күнкөрісіміз төмен. Үйде үнем жоқ деуге ауыз бармайды. Бір сиырдың сүтін асқатық қыламыз. Үнемі «жұртпен бірдей болайық» дейтін. Амал жоқ, аштықтың әсерінен бидайдың масағын тердік. Алақанымызбен уқалап, сабағынан ажыратып, бір-бір уыс дәнді етегімізге салып, ауылға қайтатын жолға түстік. Бір уыс бидайға қуанғаннан шапқан отынымызды тастай жөнелдік. Ауыл оншақты шақырымдай. Аңыздан бес жүз метрдей шыққанда кенеттен «Тоқтаңдар, не ұрлап келе жатсыңдар» деген дауыстан шошып кетіп тұра қалдық. Сөйтсек НКВД-ның екі өкілі екен. Үстерінде милиция киімі. Түрлері сұсты. Дауыстары өте қатқыл. Мұның үстіне түнгі дауыс жаңғырып, өктем естілуде. Әрі-бері айтып едік, көнбеді. «Сендер масақ терген жоқсыңдар. Дән ұрлап жүрсіңдер» деп бізді қылмысқа тартып, ешқайда хабарламастан, жолдастарымызға жолықтырмастан, колхоздың арбасын алдыртып, отырғызып, үлкен бір қылмыскерді тапқандай аудандық милицияға түнделетіп алып келіп, абақтыға қамады. Дәмештің күйеуі Дәулеткерім мен әкең екеуі ертеңіне келіп милицияның бастығына, тағы біреулерге жолыққанмен қайран болмаса керек, көп ұзамай бізді соттап жіберді. Екеуміз екі жылдан төрт жылды мойнымызға жүктеп кете бардық. Әкең, ағайын-туыс, төркіндерім қанша жүгіргенмен дәнеңе бітпеді...
Барған жеріміз Алматы облысының Қаскелең ауданы екен. Сонда Қазақстан бойынша сотталған бірнеше мың әйелге ауру малдарды, яғни «Бруцеллезге» шалдыққан сиырларды саудырды. Ауру сиырдың сүтін ішкізіп, етін жегізді. Ашқұрсақ болған соң амалсыздан ішіп-жейсің. Қара наннан басқа ештеме бере қоймайды.
Екі жылдай өткен соң, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 5 жылдығына орай И.В.Сталиннің бұйрығымен рақымшылдық жасалып, 1950 жылы лагерьден босатылдық. Келе сала калхоздың жұмысына қайта кірістік. «Аяқ-қолдарымның буыны ісетіні, сырқырап ауыратыны баяғы ауру сиырлардан жұққан індет қой» деп терең күрсініп, укілеп алды. Сонан соң көзіне тығылған моншақтай жасты сүлгінің ұшымен сүртіп тастап, әңгімесін қайта жалғастырды.
«Елге келгесін, құдай беріп, 1952 жылы сені тудым. Ертеңіне колхоздың жұмысына қайта шықтым. Әкең: «Мұрабтың әйелі бала туып үйінде отыр» дейді ғой халық. «Әңгімеден аулақ жүрейік, ауырсаң бір құдай жар болсын» деп жұмысқа атына мінгестіріп, өзі алып барды. Қайта мен босанғаннан кейін бір күн демалдым ғой. Қайдағы демалыс. Келі түйіп, диірмен тартып, айран пісіп, нан салып, үйдің тірлігінен ауысасың ба? Ал, арық шауып, жер кетпендеп жүріп далада туып қалған әйелдер қаншама. Салқынның зардабы шығар, сенен кейін бала көтермедім. Аллам бір сені онға балап берген шығар. Жалғыздың жары Құдай деген. Саған Алла Тағалам жар болсын!»-деп көз жасын тиған соң, қос алақанын жайып дұға оқыды.
Тағдырдың қаншама тауқыметін тартса да өткен өміріне риза секілді. Көп қиындық көрсе де көрдім демейді. «Ендігі жерде соғыс деген алапат қайтып соқпасын, жаманшылық сонымен тоқтасын. Сендердің замандарың тыныш, жер бетінде мәңгілік бейбітшілік орнасын!» деп аналық жүрегімен ақ батасын ақтарды.
Қайран Анам-ай! Қайратты едің. Туымды едің. Әйтеке би бабаңа тартқан әділ едің. Әйтсе де жетпіс үш жасыңда сол баяғы сұм соғыстың әлегінен, тыл дейтін соғысқа бергісіз еңбек майданынан тапқан індеттің кесірінен кенеттен бақиға аттанып кете бардың.
Иә, өзің айтқандай енді қайтып соғыс бұлты төнбесін. Күн жарқырап, ай сәулесі сөнбесін. Жеріміз де, Еліміз де аман болғай!
Жетіскен МӘКЕНАЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.