Жетек

Ол кезде жаз еді. Отырыстан қайтқан ағам түн бата үйге қарай беттеген. Таңның атуына да бірер сағат қалса керек. Қазіргідей тегіс жол, жарық шам да жоқ. Көше тым-тырыс. Асығып үйге жете бергенде есік алдынан әлдененің сұлбасын көрді. Қарайып тұр.
– Кімсің? – дегені сол еді бірден таныс дауыс атын атап жақындай түсті.
– Досым, мұнда қайдан жүрсің? Түн батты ғой, – деген ағамның сұрағы жауапсыз қалды.
– Жүрсеңші, пәленшенің үйіне барып қайтайық, – деді қараңғы сұлбадан анық көріне бастаған ағамның досы.
Екеуі жол бойы әңгіме айтып әлек. Бала күнінен бірге өспесе де бір ажыраған емес. Ажырамас дос. Бүгінгі отырыста үйлеріне тарқасқан секілді еді. Алайда түнгі 03:00-де есік алдында тұрғаны ағамды ұзақ ойландырды. Ұзын жол. Әңгіме де таусылар емес. Кенет таң намазының дауысы әлсін естіле кетті. Иттер де улап-шулап ауылды оятып жатқандай. Ә демекші болып ағам досына көз тастаса әлгі жігіт жоқ. Әрі-бері атын атап шақырғанмен ешкім көрінбейді. Таң атып келеді. Ал өзі ауылдан алыстаған. Өріске мал айдар көшемен жүріп, айдалаға кете берген екен. Есін жинап, білген сүресін оқып, үйге қашады. Ертеңі досынан түн жарымда неге алысқа апарып, жоқ болғанын сұраса, мен ол кезде үйімде болдым деген екен.
Осы әңгімеден соң ұқсас оқиғаларды жиі ести бастадым. Тылсым әлемнің ішінде жетек дейтін дүние бар екен. Ол түрлі кейіпке еніп, адамды арбап алысқа әкете алады.
Бір «сахих хадисте» күн батқанда жер бетіне жын-шайтандар жайылатыны айтылады. Қазақта мұны «іңірде шайтан көшеді» деп түсіндірген. Сол екі арада қараңғы түскенше біраз уақыт жас балаларды далаға жібермеуді де қатаң ескерткен Алла елшісі. Бейуақытта жүрмеуді, лас жерді баспауды, түн бата көше кезбеуді аңғартса керек.
«Дастарқанды, ыдысты, тамақты аттама», «Жаман әдетті үйренбе», «Етбетіңнен жатпа», «Кісі төсегіне отырма», «Түнде мал санама», «Түнде күл шығарма», «Түнде кір су төкпе», «Лас су баспа» деген тыйымдар өте көп. Қазақта жас келін, жаңа босанған ана түнде жалаңбас далаға шығуға болмайды. Бұл уақытта «жамандар» үйір болады деседі. Бірақ бұған құлақ асып жатқандары аз. Кейде шаршағанда жаздыгүні далада суы күнге жылынған «душқа» түсе саламыз. Түн болсын, күн болсын. Елемейміз де. Әжелеріміз «Кеш қайта даладағы суға түспе, екі кештің ортасында «жамандар» жүреді» деп отырушы еді. Бірде бір ауылда мынадай оқиға орын алған ғой. Жас келіншек түн бата кір су төгуге шығады. Содан оралмайды. Сөйтсе жындардың керуеніне тап болған екен. Ал екі кештің арасында суға түскен әйел әлдененің демалған тынысын естиді. Мән бермейді. Жоғарыдан аққан су өздігінен тоқтайды. Сол кезде көзін ашса, алдында қап-қара сұлба тұр екен. Қатты қорыққан ол аузын енді аша бергенде ішіне кіріпті-мыс. Бір кезде келіншек енесі, атасы, балаларының дауысын салып жүгіріп жүр дейді. Молдаға апарса жын қағыпты.
Иә, тылсым әлемнің ашылмаған сыры көп. Пердемен жаратылған пенде оның тереңіне қанша сүңгісе де аша алмасы хақ.
Айнұр ӘЛИ