13-пәтер
Пәтерден-пәтерге көшіп шаршаған Самал бұ жолы жаңа қонысында қаламын деп шешті. Іштей осы жолы нақты деп күбірлеп қояды. Бірі – суық, бірі – тар, енді бірінің үй иесін жақтырмаған қыз осы жолы шап-шағын, жайлы үйге қоныстанды. Тұрақты жұмысы бар. Бірақ жасы 30-дан асса да әлі күнге дейін жалғыз.
Бүгін жұмыстан кеш қайтты. Ай аяғында өзі бітпейтін есеп-қисаптан қолының босағаны жаңа. Жаяу сүйретіле пәтеріне келген ол аңтарыла тұрып қалды. Жатақхана секілді көпқабатты нысанда әр пәтер қаз-қатар орналасқан. Ал Самал тұратын пәтер 13-ші нөмірлі. Есік алдына келіп кілтін сұға бергенде оның ашық екенін байқайды. Шошыған қыз есік алдындағы коммендантқа жүгірді. Ол болса жайбарақат, түк болмағандай мызғып отыр.
– Біреу пәтерге кіріпті, – деді Самал коммендант столын тарсылдата.
– Кім, қашан? – деген ол көзін әлі тырнап аша алар емес.
– Камера бар ма?
– Ба, ба-ар.
– Көрсетіңізші, мүмкін таспаға түскен болар.
– Ренжімеңіз бірақ ол жұмыс жасамайды, – деді әлгің дым болмағандай.
Қалтафонын алып, дереу полицияға хабарласқан Самалдың үйге кіргісі жоқ. Қызметкерлерді күтіп, пәтерге бірге бағыттады.
– Кілт сізден басқасында жоқ па еді?
– Жоқ.
– Шыныңызды айтыңыз, жалғызсыз ба?
– Иә.
– Ал мынау есік алдындағы ер адамның аяқ киімі, жуылған киім ше?
– Оны мен үйде ер адамның барын білдіру үшін қойғанмын.
– Хм-м-м...
– Басқа еш нәрсе демейсіздер ме?
– Қорқатын дәмене жоқ, есігіңізді іліп, ұйықтай беріңіз, – деген полицей өз қызметіне кете барды.
Түн тыныш өтті. Бірақ үрей басым еді. Таңмен ілесе оянған Самал ваннаға беттеді. Қызық, краннан жылы су ағып тұр. Ваннада біреу жуынғандай, тіпті сүлгінің өзі ылғал. Ештеңе түсінбегенімен, жұмысқа оралуға тура келеді. Бүгінгі кеш те кешегідей өтті. Тағы ашық есік. Құлпын бірнеше мәрте ауыстырғанымен күндегі тірлік осы. Иә, полиция, иә күзетшілердің қолынан ештеңе келмеді. Жазылған арыз да тым-тырыс үстел үсінде тұр. Ешкімнен көмек болмайтынын сезген қыз техникалар дүкеніне барып, пәтерге қоюға камера сатып алды. Солай кеш бата үйіне орналастырып, өзі ұйқыға кетті.
Таң әлі ата қоймаған. Ұйқысы уайымнан бұзылған Самал орнатқан камерасына беттеді. Бейнежазбаны түнгі 00.00-дегі уақыттан бастап жүргізіп қарай берді, қарай берді. Кенет сағат 04.00-дегі жазбаға көзі түсті. Үстіне біреу суық су құйғандай еді. Бір орында мелшиіп отыра қалған қыз тіпті қозғала алар емес.
Бейнеде Самал ұйықтайтын ескі керуерт астынан ер адамның шыққаны таспаланған. Солай жуынатын бөлмеге барып, жуынып, осы үйде ас ішіп жүреді. Таң ата бастағанда қайта керуерт астына жасырынып, қыздың кеткенін күтеді-мыс. Стол үстінде тұрған телефонына енді жүгіре бергенде, әлгі керуерт астындағы жігіт қызға тап береді.
– Кімсің сен? – деді қыз кеудесіндегі өксігін шығарып.
– Сен мені білмейсің, танымайсың, – деген жігіттің көзі ойнақтап тұр еді. Сірә, психикалық ауытқуы болса керек.
Қолына ілінген затты алды да бар күшімен әлгіңе лақтырып жіберді. Мүлт кетті. Екінші қайтара лақтырды. Бұл жолы дөп түсті. Жанұшыра «ааай» деген дауыс естілер, естілместен Самал сыртқа қаша жөнелді. Өзгелерден көмек сұрап, полиция қызметкерлерін шақырды. Ішке ене бергені сол еді, пәтер тап-таза. Жан баласы көрінбейді. Олардың сенімсіздігін түнгі бейнебақылаудағы жазба сейілтті. Бірақ қылмыскер ұстатпай кетті.
Бүгін Самал басқа пәтерге көшті. Бір күдік бар. Қорқынышын үдеткен күдік. Бірақ жаңа үйде жаңаша өмір басталады деп сенді ол. Күндер өте берді. Тек бір күні... Бір күні есік құлпы қайта бұзылған еді...
Айнұр ӘЛИ