Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалімнің мұңы

Мұғалімнің мұңы

– Бәтима, қайдасыңдар? Мынау үй тым-тырыс қой. Бәрі қайда «көшіп» кеткен? –деп ауызғы бөлмеден дабырлаған дауыс шықты.
– Тағы не болды екен. Тыныштық болса игі, – деп Бәтима әже жемпірін желбегей жабылып, орнынан қозғалды. Ұзақ отырып қалса, оңайлықпен бастыра қоймайтын екі аяғы әдетіне басып, бүгежектеп жатқанында:
– Отыра бер, отыра бер. Мен ғой, амандық сұрай келген, – деп көрші Кәрима кемпір екі бүктеліп, биіктете төселген құрақ көрпенің шеткі жағына жайғасты.
– Ау, төрлет. Жоғары шықсаңшы, есік аузына отырғаның не? Екі тізем бастырмайды. Мен орнымнан тұрып есікке жеткенше, Әзім ауылды екі айналып келетін шығар, – деп Бәтима әзілдеді. Әзім дегені осы ауылдағы Әзімбай қария. Жүрісі жылдам, қимылы ширақ. Өзі құралпы ақсақалдар ақсаңдай басып, белгі бүгіліп қалғаны қашан.
– Әзім демекші, соның әлі ширақ. Бейнет көрмеген ғой біздің шалдар секілді. Өмір бойы мұғалім болды. Мектепке тіке барып, тіке қайтқанның несі қиын бопты тәйірі, – деп Карима кекесінмен миығынан күлді.
– Бұрын мұғалім десе, әңгіме бөлек еді. Үйге Әзім ұстаз келе жатыр дегеннен балалар бойын тіктеп, лажы болса, көзге ілікпеуді ойлап тұратын, – деді Бәтима әже шай толы кесені көршісіне ұсынып жатып.
– Иә, расында да. Анадайдан ұстаздың сұлбасы көрінгеннен именуші едік. Ер балдар бас киімін шешіп, қашан мұғалім жанынан өтіп кеткенше құрмет көрсететін. Қазір не баласына «тәйт» десе, екі өкпесін қолына алып, әке-шешесі мектепке жүгіреді. Біздікі де кетті. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Баласы жылап келді, менің ұққаным ұстазы оқымадың деп нұқып жіберсе керек, – деп Карима әже тандыр нанның бір ұшын сындырып, аузына салды. Біздікі деп жалғыз ұлының жары, келіні Жамалды айтып отыр. Екі баласы бар. Бірі мектепте. Жылап келгені сол болар шамасы.
Бағанадан дыбысы шықпаған Бәтиманың келіні төргі бөлмеден басын қылтитып сәлем берді. Жұмыстан келіп жатса керек, орамалын жүре байлап:
– Кім ұрған апа, қай ұстаз екен? – деп өрекпіп тұр. Ауылда жалғыз мектеп. Тұрғындардың тең жартысы сонда. Бірі мұғалім, бірі техникалық қызметкер. Бәтиманың келіні бастауыш сыныптарға сабақ береді. Дастархан басындағы тақырыптың қызығушылығын арттырғаны содан болар.
– Анығын білмедім шырағым, немерем жылап келді. Келін кетіп бара жатып: «Апа, мен мектепке кеттім. Әлижанды ұстазы ұрыпты. Мен оларға көрсетейін. Әркім ұрып-соқсын деп бала туғаным жоқ. Өзімнің саусағымның ұшы тимеген бұл балаға, бөтеннің баласына қол көтергені қалай? Ісім солармен болсын», – деп долданып, дүниені төңкерердей болып шығып кетті. «Бірінші байыбына барып ал. Баланың көзі шығып, басы жарылған ештеңесі жоқ. Тентекті тәртіпке салайын деген болар» – деп едім тыңдамады. Алай-дүлей болып, баланы қолынан сүйреп ала кетті. Содан менде осылай қарай шыққанмын. Бар білерім осы, – деді Кәрима әже.
– Қазір балаға бірдеңе десең, басың бәлеге қалады. Оқысын, білім алсын деп бір-екі қатты сөз айтсаң, көкіректері қақ айырылады. Ең сорақсы сол, «Сен кімсің балама ұрсатын?» деп ата-аналар арқаланып тұрады. Бұрын әке-шешеміз «Ұстаз – екінші анаң, мектеп – екінші үйің. Мұғаліміңді, білім ордаңды сыйла. Айтқан тілін ал», – деп санамызға сіңіріп өсірді. Тіпті, ұстазымыздың ұрысқанын үйге айтып келмек түгілі, ретсіз апай-ағайларымыздың атын атамаушы едік, – деп Бәтиманың мұғалім келіні мұңын шақты.
PS:Бір қарағанда, бұл көрініс қарапайым отбасындағы кезекті шүйіркелесу секілді. Алайда, қоғамдағы күрмеуі шиеленісіп бара жатқан мәселенің бірі. Ата-ана, бала, ұстаз арасындағы үштік одақтың іргесі сөгіліп бара жатқандай. Бара-бара мұғалімнің мәртебесін мінберден мүлдем алып тастамасақ жарар еді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
14 мамыр 2022 ж. 503 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031