Ағайынның арасы неге араз?..
Ағайындық – нақ анықтамаға сыймайтын ұғым. Адам-адам болып жаратылғалы бірігіп тұрмыс кешу, жақындарға жанашырлық таныту әуелден болмысқа тән басты қасиеттің бірі еді. Ал бүгінгі жатқа айналған жақындыққа не себеп? Алшақтық қай жерден ажырады? Себебін іздедік.
Бірлікті жерге ынтымақ қонақ
«Туысы бірдің – уысы бір» деп қазақ халқы бір туғандарын ерекше қадірлеген. Дәстүрлі ұғымдағы қарым-қатынас маңызы туралы этнограф Маржан Ескейқызынан сұрап, білдік.
««Бірлікті жерге ынтымақ қонақ» деген халықымыз үшін туыстық қатынас үлкен мәнге ие. Жалқыдан гөрі жалпының бірігіп атқарған ісі қашан да нәтижелі болады. Тарихымыздағы сан жылдарға жалғасқан салт, ғұрыптардың беріктігі, атқарылған істер осы иституттың өз жұмысын атқаруы нәтижесінде жүзеге асқаны белгілі», – дейді. Дәстүртанушы ару тақырып туралы төмендегі жолдарды мысалға келтіреді.
««Қарындасқа тартпағанның қарсы сынсын» деп келетін мақал бар. Бұл сыбайлас болып, бұра тарт дегені емес, әр адам қара басына ғана емес, айналасындағы бірге туған бауырларына да жауапты дегенді ұғындырады. Сол әулетке сын келтірмес үшін дұрыс жүруге тырысады. Егер ағаттық жіберіп, аңғалдыққа бой алдыратын болса, өзге жақындары оны түзеп, қиындықтан алып шығауға әрекеттенеді. Ағайынның арасындағы араздастықты тудырмау үшін Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны өлтіруге келісім беретіні баршаға мәлім. Бұл отбасылық инстутты жаңғырту қажеттігі қазір актуладығн көрсетіп отыр», – дейді ол.
Қазақ қандай дана болған
Медицина маманы Аймұхамед Артықтың да айтары бар.
«Қазақ анатомияның не екенін білмей тұрғанның өзінде, адам ағзасының әрбірінің қызметін терең меңгерген. Оған туысын «бауырым», «қарындасым», «ет жақыным» дейтіні дәлел.
Бауыр – адам организміндегі маңызды ағза. Қанды сүзгіден өткізіп, негізгі ақуыздар мен гормондардың синтезі сынды ауқымды қызметтер топтамасы шоғырланған бірегей фабриканы басқа ештеңемен алмастыруға болмайды. Бауырдан ақау анықталса, өмірге қауіп. Ет жақынын «бауырым» деп атауының ды сыры тек емес. Егер осындай жанның бірі қиналса, бүкіл отбасы, әулет қиналады. Жанашырлық танытады. Сондықтан ағзадағы бауырға да, айналаңдағы бауырға да бейжай қарауға болмайды», – дейді.
Қарындастан айрылған қиын екен...
Хакім Абайдың:
Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,
Бірінің-бірі сөзін ұға алмай жүр.
Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң –
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр, – деп келетін өлең жолдары көпке таныс. Мұндағы «қарындас» ағаның өзінен кейінгі қыз бала деген ұғым емес, «бауыр» сөзіне балама. Халық әні, кейбір жерде Қожаберген жырау жыры деп танылатын «Елім-айдағы»: «Қырындастан айрылған қиын екен, Екі көзден мөлдіреп жас келеді» дейтін жолдар да осыған саяды. Ақтайлақ бидің:
Өкпе кімге жарасар,
Қарындасқа жарасар.
Қарындастың ішінде,
Қадірлеске жарасар, – деген даналық сөзі де осы орайда ойға оралады.
Бүгінде түбі бір түркі тілдес халықтардың көбінде бұл сөз әлі де активті мағынасында қолданылады. Мәселен, анадолы түріктері бір қарын, бір құрсақтан шыққан ұл-қыздың барлығын «кардэш» деп атайды. Біздің тілдік қолнасымыздағы «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген мақалдың төркіні де тереңде жатыр ме екен, кім білсін?..
Болыспаған бауыр болмас
«Күні кешеге дейін бұл тіркеспелі тәртіптің бұзылмағаны белгілі», – деп бастады әңгімесін Жанайым Нұрайдарқызы. Жағдайдың өзгеруіне сыртқы күштің әсері басым деп ойлайды ол.
«Бұрын Мөңке бидің:
...Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Табалдырықтан биік тау болмас,
Туысқаннан мықты жау болмас.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан
Еркек пен қатының болады...
Кер заманның кезінде –
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен ала түсетін інің болады, – дегенін кітаптан оқитынбыз. Қазір көзіміз көріп жүр. Жақыннан жырақтауға басты себеп – ашықтық деп санаймын. Соңғы кезде «тұлғалық даму» тіркесі трендке шыққан. Ал әлем мойындаған Абай, шамшырақ Шоқан, Ахметтердің ақылы болмады ма? Ыбырай Алтынсарин: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – дегенді текке айтты деп кім айтады?.. Оларды айналасындағы жағдай үнемі алаңдатты. Ағайын-туыс, әке-шеше, ата-әжесін тәрбиесін тел алды. Айналайындар-ау, қуансаң да, қайғырсаң да жаны ашитын адам дос, әріптес емес, бір туған бауыр ғой. Сондықтан өсемін, өнемін десең, ағайыннан алшақтама. «Айтысқан ауыл болмас, Болыспаған бауыр болмас» деген бабаларымыз», – дейді ардагер ұстаз.
Исламдағы орны
Хақ дінімізде бауырды құрметтеуді парызға санайды. Ол туралы хадис шәріптерде көптеген тағылымды ойлар айтылған. Бұл жөнінде дінтану факультетінің магистранты Ерік Нұрахмедұлы былай дейді.
«Туысқандық қарым-қатынасты нығайту, тамырластықты үзбеу дініміздегі негізгі қағида. Қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» – деген жолдар бар. Сондай-ақ игілікті істер қатарында мұсылмандық парыздарды орындаудан да жоғары тұратын сауапты амалдар деп туыс-жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат ету бары көрсетілген. Ырзық-несібенің артуы жолын іздеген жандарға, қиямет күніне сенудің белгісі ретінде ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайласу, тілегін үзбеу керектігі айтылған», – дейді.
Бүтін бақ, биік қамал
Ақбота Тұрдалиқызы ақын Күләш Ахметованың «Көйлек киіп боранда жалаң қабат» деген өлеңін жыламай оқи алмайтынын жеткізді. Бойжеткеннің жанарын жасқа шылаған жағдай – өнер туындысының өз өмірімен үндестіке табатыны.
«Ақыннан асырып кім айтсын?.. Алып-қосарым жоқ. Менің мұңым дәл осы жолдарда көрініс тапқан. Отбасылық жағдайға байланысты, ата-анам бір-бірінен ерте ажыраған. Жалғызбасты анам жұрттан кем қылмады. Бар қызыққа бөленсем де, кеуде тұсымнан бір бос кеңістік барын байқаймын. Ол бауырларымның жоқтығы. Жақындары бар қыздарға қатты қызғамын. Сырласы, досы, жанашыры. Менің де нағашы туыстарым бар. Бірақ олардың бірге туғандарына қарағанда менімен алшақтығын сезінемін. Бауыр деген – бүтін бақ, биік қамал. Болашақта әкемнің балаларын тауып алып, араласқым келеді. Әзірге анамның көңіліне қарап, ол қадамды жасай алмай жүрмін», – деді. Қазіргі таңда қос балаға ана Ақботан өзгелерге мына сөзін жеткізуімізді сұрады.
«Ешкімнің орнын ешкім баса алмайды. Ана әке емес, әке ана емес, аға әке бола алмайды. Достың да бауырдай жаны ашуы мүмкін деп ойламаймын. Сол себепті отбасын құрарда саналы түрде ойланыңыздаршы. Бір қателік бірнеше тағдырға сызын салмасын», – дейді.
Тізгін тартар ер болуы керек
«Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деген нақылды айтады Жүрімбай Темірғазы. Бүгінде ата болып үлгерген азамат қазақтың ертеден ағайын арасында енші бөлмей, сол арқылы алға адымдағанын атап өтті.
«Жоғарыда жеткізілген тәмсіл ұлттық ұстанымда туғаннан – өлгенше туыстың қажеттігін нықталып тұр. Жұртымыздың жетімді жылатпау, жесірді қаңғытпауы – ұрпағына, «үйірінен» айырмауға деген амалы. Бұдан бөлек, «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» дегені тағамға қатысты емес. Дастақан – ынымақ пен берекенің бастауы, келелі істер шешілетін маңызды мүмкіндіктер алаңы», – дейді. Ал үлгілі үрдістің үзілуін ер азаматтар босаңдығымен байланыстарды.
«Ерлерді тыстағы тірліктер ширатады. Аталарымыз жау қуса, бейбіт күнде саят құрып, аң аулаған. Бертін келе біздің буынды әскер шыңдады. Тым құрыса, жігіттердің балыққа баруы, футбол ойнауы керек. Физикалық жағынан шымыр болмаған жан тізгінді тарта алады дегенге онша сенбеймін. Азаматтардың анасы мен жары арасындағы дауға нүкте қоя алмауы ағайындықтың алшақтауына әкеліп отыр. Ері осал үйді келіндеріміз билейді», – деді қоғамның ащы шындығы туралы.
Ене болу – жауапкершілік
Бұл ұстаным үш балалы келіншек Айдананың түйіні.
«Ешкім жаман әйел боламын деп ойламайды. Оған айналасындағы жағдайлар әсер етеді. Аға, інілерімнің ортасында ханшайым болып өстім. Отбасында көрген тәрбиемді келген жеріме жеріме келгенде, іс-әрекеттерімнің барлығын енем ысырапшылыққа балайды. Өз баласына келінін жамандап отырған ана бар жерде ағайынның ауызбірлігі туралы айту да артық. Қолымнан келгенінше, бәрін сыйлауға тынысамын. Бірақ қажетсіз көзқарас адамды құлдыратын жібереді екен. Менің айтпағым, ене болу – үлкен жауапкершілік. Ол дұрыс болмай, отбасының, ағайын-туыстың дұрыс болуы мүмкін емес».
Шақырылмай келсек, шошынады
Бұл орайда енелердің де пікіріне құлақ түрдік.
«Аллаға шүкір, балаларым үй болып, өз алдарына отауын тігіп, өсіп-өніп келеді. Бізді ата-ене тәрбиеледі. Менің келіндерімнің көбі тұрмысқа шыға сала, жұмыс барысымен бөлек кетті. Кейде үйлеріне бара қалсам, салқындық сызын байқаймын.
Шақырылмай, хабарласпай түстенсек, шошып кетеді. Ал қасымызда адам болса, демімізді ішке тартып отырамыз. Бұған бірге тұрмағанымыз да кесірін тигізді ме деп ойлаймын», – дейді Марал апа.
Әркім өзі үшін өмір сүруі керек
«Мен осылай олаймын. Себебі отбасын құрғаныма он жыл толды. Өткен жылы әжем қайтыс болды. Көрші ауылда тұратын атаммен бірге туған бауырларының бірі де келуге жарамады. Онысымен қоймай, ағайындық, ауызбіршілік туралы әңгіме айтумен болады. Ойлаңызды қуанышта, қайғыда келмеген адам қалай жақын бола алады?
Өздеріне керек кезде тауып алатын ағайыннан қаймана қазақ жақсы. Үйімнің қайда екенін білмейтін бауырға қызмет жасап, ештеңесінен қалмағаныма өкінемін», – дейді Ақмаржан.
Көп нәрсені қажетсінбейді
«Дамуға ағайын кедергі келтіреді» деген пікірге келіспейді психолог Лиля Арзахметова.
«Сөйлейтін сөзін білген жұртымыз ешкімнің «шекарасына» кірмеген. Егер іс-әркетіндегі кемшіндікті байқаса, оған қатысты адамдарға астыртын жеткізіп, жағдайды реттер отырған. Сондықтан дамыңыз, жетіліңіз, айтар сөзіңіз, жасар әрекетіңіз жөн болса, ешкім сізге килікпейді», – дейді.
Туыстармен тығыз қарым қатынас орнату туралы маман кеңесі мынандай.
«Сіз айтып отырған жағдайды жөндеу көп нәрсені қажетсінбейді. Туыстардың үйіне үнемі бару міндетті емес. Уақытында хабарын алып, хал-жағдайын сұраңыз. Телефон соғыңыз, атаулы күндерде құттықтаңыз. Қиын жағдайға тап болса, көңіліңізді білдіріңіз, қолдан келсе, көмектесңіз. Ауырса, жағдайын сұраңыз. Қуанышынан қалмауға тырысыңыз. Бұлардың барлығы туыстық қатынас аясына кіреді», – дейді.
Ақын Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» дейтіні бауырдың сол тұстағы қоғамдық рөлін айқындаса керек. «Ағайынның азары болса да безері жоқ» деген тәмсіл түзген ел тамырсыз ағаштың өркендейтінін терең сіңіргені еді. Әйтпсе жатты жақын қылатын жұртымыз иесін сыйлағанның итіне де сүйек тастап пе еді...
Камила МАҚҰЛБЕК