Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Атадан жеткен асыл сөз

Атадан жеткен асыл сөз

«Қазаққа ертеден сөз қонған» дейтін нақыл бар. Оның арғысында адамзат үшін қастерлі төрт кітаптың бірінде «Алдымен сөз жаратылды» дейтіні бар емес пе еді?.. Сөз – магиялық күшке ие қасиеттің бірі екенін ғылым-білім де, таным-түсінік те әлдеқашан аксиомаға айналдырған. Қарапайым мысал, сөздің адам айнасы, ішкі ойы мен көзқарасын ұғыну құралы екенін барша біледі. Адам адам болып жаратылғалы, қарым-қатынасты түзіп, өз ішін оңтайлауға берілген бұл мүмкіндіктің қазақ үшін қастері қандай? «Бір ауыз сөз қасіретті тияды, Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» деп бүкіл ойын бір ауыз мақал-мәтелге сыйдырған даналық туралы бүгін сөз етпекпіз.
Көшпенді тірлік кешіп, даналығын ­ ­бойына дарытқан данышпан халықтың өткеніне бойласаң, кейінгіге кемел қазына, өшпес мұра қалдырғанын байқайсың. Онысы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетіп, мәнін жоймаған халық ауыз әдебиетінің жарқын үлгісі – мақал-мәтелдер. Олардан қазақ халқының ­тұмыс-тіршілігін, дүниеге деген көзқарасын, арман мүддесін байыптауға болады. Мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркесін еміле, ереже болмаған кездің өзінде бұзып айту, өзгертуге тыйым салынған. “Аталы сөзге арсыз тоқтамас” деп кез келген дау-жанжалды шешіп, халық өміріне қатысты қажетті шешім қабылдағанда орнымен қолданудың маңызы зор болған.
Төл мақал-мәтелдер жүйелі ойға құрылған көркем қатар ғана емес тәжірбие көрінісі. Мақал – нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы. Оны адам өміріне, тұрмыс–тіршілігіне, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданады. Адам өмірінің барлық саласын қамтыған. Алайда тұрмыс-тіршіліктік тақырыпқа арналғандары көптеп кездеседі. Мәселен, өмір, қоғамдық құбылыстар, төрт түлік мал, адалдық, адамгершілік, ізгілік, достық, еңбек, байлық, кәсіп пен нәсіп, сақтық, қырағылық туралы деген сынды.
Қазақтың би-шешендері даулы істе тапқырлық танытқан. Барша жұртты аузына қаратып сөйлей білмеген шешеннің беделі болмаған. Өйткені кез келген даулы істе жүйелі жауап беріп, тапқырлық танытпаса, оны тыңдайтын құлақ болмаған. Ал мақал-мәтел – сөздің тұздығы.
Хан-төрелердің әділетсіздігіне тап болып, жауыздық іс-әрекетіне куә болған ел “Биің қылаң болса, жұртың ылаң болар”, “Қансоқта жеп ит семіреді”, “Төреге ерген ер тоқымын арқалар”, “Қойды құртаң бүлдіреді, елді сұлтан бүлдіреді”, “Теңгелі жерде теңдік жоқ” деп әшкере қылған.
Мақал-мәтелдердің кеңінен тарауына би-шешендер маңызды рөл атқарған. Олардың айтқан сөздерін бір-біріне үлгі етіп, өсиет ретінде таратқан. Ағайын арасындағы татулық, өнеге туралы ойларын алға тартып, тәрбие құралының бірі ретінде пайдаланған. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін». «Абысын тату болса, ас көп» «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деп бірлік, ынтымаққа шақырған.
«Өткен іске өкінбе», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сыртынан көріп, ішінен түңілме, қарасын көріп, күшінен түңілме», «Ауру астан», «Көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, тамағыңды тый», «Жасыңда салақ болсаң, бара-бара былық боларсың», «Өнерлінің өрісі ұзақ» деп өсиет қалдырған.
Мақалдың басты ерекшелігі бірінде ойын ашық айтса, енді бірінде ойды астарласа да, анық қылып жеткізген. Мысалы, «Құласаң нардан құла», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме», «Аузы күйген үріп ішер» дегендерден нені меңзегенін бірден түсінесің. Тағы басты ерекшелігі жай сөйлеммен терең мағынаны бере білген.
Кейбір мақалдар өлеңнің жеті-сегіз буынды жыр түрінен жасалып, бір шумақтан тұратын өлең секілді. Мысалы, «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен күн кешер», «Арық деген жамантай, жазға шығып ат болар, Жамандығың сезілсе, жақын кісі жат болар».
Мақал мен мәтел сөздері бірге айтылса да, оның бір-бірінен айырмасы барын көбі ажырата білмейді. «Айырмашылығы неде?» деген сұраққа фольклортанушы ғалым Дандай Ысқақ: «Мазмұнында», – деп жауап береді. Ғалымның айтуынша, мақал – өмірде болған елеулі оқиғаға берілген даналық қорытынды. Ал мәтелде айшықты сөз, көркем теңеу қолданылады. «Көппен көрген ұлы той», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген мәтелдерден аңғаруға болады, яғни, мақалдағыдай дәлелдеу, қорытынды пікір болмайды. Тек ойды жанамалап жеткізеді.
Мәтел – өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға жақын болғанымен, сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, «Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке» — мәтел. «Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың» – мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы мақал-мәтелге айналған. Мәселен, Абай: «Ұлымды іздеп, дүниені көздеп» – десе, Жамбыл ақын: «Жалғанды жалпағынан басып өтіп» , – дейді.
Қазақ мақалдары ХІХ ғасырда-ақ еуропа халықтарына мәлім бола бастаған. Әдемі, сұлу сөйлеуге құштарлық мақал мен мәтелді орынды жерде пайдалануға байланысты. «Мақалды тудырушы – еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазынасы», – дейді Мәлік Ғабдуллин.
1899 жылы Орынборда басылып шыққан В. Катаринскийдің «Сборник Киргизских пословиц» деген көлемді еңбегіне мың жарымнан артық мақал-мәтел енгізілген.
Фольклорымызда «Шыбынның басына бақ қонса, самұрық құс сәлемге келер» деген мәтел бар. Біреулер тым жылпос, әккі, қу өмірдің бос жерлерін білгіш. Көз ұшында мұнарланып көрінген бақ пен дәулетті жазбай таниды, соған жету жолында айламен өзін «алтын ыдысқа салып» көрсетуге тырысады. Ретін тауып жағымпазданады, жарамсақтанады. Ары мен ұжданын сатып, әйтеуір бір биліктің балақ бауынан ұстайды айналасына шыбын-шіркейді жинайды.
Ондайлардан салмақты, зерек адамдардың өздері сескенеді, ішкі салмағын жоғалтады, оның айтқанына өз еркінен тыс бағынуына мәжбүр болады. «Самұрық құс сауысқанға сәлемге келіпті» деген мәтел осы жайларды тұспалдап баяндайды. «Дүние – ақсақ елік жеткізбейді» деген мәтел де қиюы қашқан дүниені жалғаймын деп тепеңдеп тозығы жеткен кедейдің күйін көрсетеді.
Осындай өзінің құндылығымен ерекшеленген қазыналы мұрамызды қастерлеу – ұрпаққа сын, ұлтқа аманат. Оның қолданыс аясын кеңіту арқылы тәлім-тәрбиені түзіп, қоғамдағы кереғарлықтың алдын алуға болады. Бүгінгідей ақыл-кеңесті ақылы, шет елден келген жалған жарнамашылардан алмай, мақал-мәтелдерге мән қойған адам ұтпаса, ұтылмасы анық.

Дайындаған Айару ЕРКІН
31 тамыз 2021 ж. 1 275 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930