Ана тілімізді ардақтайық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Оны білу мен құрметтеу – біздің әрқайсысымыздың парызымыз. Ана тіліне салғырттық таныту – өз халқыңнның өткені мен бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, оны шын мәнінде қоғамдық қарым-қатынас тіліне айналдыру бүгінгі күннің талабы екендігі баршамызға белгілі. Олай болса тәуелсіз мемлекетіміздің қоғамдық өмірінің барлық саласында қазақ тілін кеңінен қолданысқа енгізу қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: "Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда, ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек", - деп атап көрсетуі жауапкершілікті арттыруы тиіс.
Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс бір тудың астында бейбіт өмір сүруде. Олардың басым бөлігі мемлекеттік тілді яғни, қазақ тілін білмейді дей алмаймыз. Білетіні қаншама, үйреніп жүргені де баршылық. Дегенмен, қазақпын деген әрбір азамат талапты бірінші өзімізден бастағанымыз жөн. Мысалы, ақша алатын банкоматтарда үш тіл көрсетілген. Тілім деп еміренген әрбір қазақ соның ішінен ана тілін таңдай отырып, оған құрмет көрсетуге талпынсақ екен. Осы әрекетіміз арқылы мемлекеттік тіліміздің дамуына тамшыдай болса да жанашырлық танытамыз.
Ана тіліміз өрісті болсын, ұлттар арасындағы байланыс құралына айналсын десек, оны айрықша ардақтай білейік!
Айбек АЛИЕВ,
Қазалы аудандық полиция бөлімі
бастығының орынбасары, полиция подполковнигі