Ауған аспанының алдаспаны

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі Қазақстан Қарулы күштері және Қазақстан азаматтары ең көп тартылған соғыс Ауған соғысы болды. Оған 22 мыңнан астам қазақстандық сарбаз бен сар қамтылды. Осындай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мұрагерлері – Ауғанстан Демократиялық Республикасын радикалды күштерден қорғаудағы интернационалдық борышын атқарған ардагерлердің бірінің ерлік жолын баяндамақпын. Мақала тікұшақ полкінің қолбасшысы, Тұрар Нұрғалиев туралы болмақ.
Ауған даласында әскери борышымды өткерген 66-шы бригада орналасқан Желалабад түбінде тікұшақ полкі болды. 335-ші жеке әскери тікұшақ деп аталған бұл құрылымды Тұрар Нұрғалиев 0деген қазақстандық азамат басқарды. Ол кезде полковник шенді жігіт қазір генерал-майор. Тұрар Ауғанға дейін де білікті командир болған. Ресейдің Қиыр Шығысында КСРО-ның жалғыз «Ленин атындағы әскери тікұшақ полкінің» тізгінін ұстаған қазақ дәл осы Тұрар. Ауған соғысында тікұшақтардың түнде ұрысқа ұшу тәжірибесін енгізген тұңғыш командир.
Оқиға жеке тоқталуды талап етеді.
1984 жылдың 4 желтоқсанында 24 десантшы Желалабад жанындағы Суруби ауданында қоршауда қалады. Арасында ауыр жаралылары бар. Олар басқаларға қолбайлау қаруластары тастап кете алмайды. Қоршаудағылар орталықпен рациямен хабарласып, өздернің таңға дейін төтеп тұра алмайтындарын, қару-жарақ, оқ-дәрілері таусылуға таяу қалғандығын, түн түндігі түрілгенше, дұшпандар тегіс қырып тастайтынын баяндайды. Жағдай анықталған соң, дереу көмек жетуі керектігі белгілі болады. Алайда ол кезде түнде ешқашан тікұшақтар ұшпайтын. Қол қусырып қамсыз қарап отырып, жігіттерді өлімге байлап беруге болмайды. Мұны түсінген Тұрар Нұрғалиев полк командирі ретінде өз бетінше шешім қабылдайды.
«Оларға әуеден қолдау көрсетуге тиіспіз!» деп жедел шешімге келген ол Кабулдағы Бас штабты хабардар етеді. Ұзамай тікұшақтарды көтеріп, түн қараңғылығын тіліп, қан майдан ортасына ұшып барып, жаралыларды қоршаудан алып шығады. Кейін Т.Нұрғалиев бастаған сол күрделі әскери жаттығуды орындауға қатысқан 3 адамды «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады. Алғашқысы, Арал қаласының тумасы, подполковник Валерий Очиров 1985 жылы «Герой» атағын алды. Қазір генерал-лейтенант Валерий Николайұлы ол кезде полктің тікұшақ эскадрильясының командирі еді.
Марапатқа нағыз лайықты Т.Нұрғалиев мақтау орнына, ескерту алады. Түнде ұшаққа отырғаны бұрыс деп табылып, ісін жоғарыдағылар қарайды.
Өз ісінің шебері әуе көлігінің жойғыш ұшақ еместігін, онымен түнгі жорықтың тапбысты өтетінін қасқайып дәлелдейді. Штабтағылар мұнан соң дұрыс шешім қабылдап, ойларын өзгертеді. Қиын-қыстау шақтарда ұшқыштарды қараңғылықта да ұшуға міндеттеген азаматты мақтанышқа балап, алғыс айтады.
Ауғанстандағы әскери операциялар үшін КСРО-ның ең жоғарғы мемлекеттік марапатын иеленген жалғыз әскери құрама – біздің 66-шы мотоатқыштар бригадасына әуеден қорған болған, бастарын бәйгеге тігіп, көмекке ұмтылған осы тікұшақ полкі болды.
Таяу Шығыстағы соғысқа аттанған жауынгерлердің басым көпшілігін 18-20 жастағы жігіттер еді. Тікұшақ полкінің командирі Тұрар Нұрғалиев жаяу әскердің сардарлары мен сарбаздары үшін де дана тәлімгерге айналды. Кейде оларға тіпті қарапайым жайттарды да түсіндіруге тура келді. Өйткені қан майданда ұсақ-түйектің өзі бармақ шайнатар ауыр сардарларға әкеп соғуы мүмкін. Бірде Нұрғалиевтің полкі ГРУ-дың арнайы мақсаттағы батальонының комбат бастаған 50 адамын нысаналы жерге жеткізеді. Оларға қару тасушы керуенді жолай ұстап алу міндеті жүктелген-ді. Бұған дұшпандар да дайын болып шықты. Қияң-кескі шайқас басталып, керуенге ілескен моджахедтерге көмекке тұтас қол келіп қосылған. Ахуалдың күрт қиындағанын ұққан комбат тізгініндегі тікұшақтармен тезірек алып кетуді сұратады. Бұл өтінішті орындау күрделілігімен бірге қатерлі еді. Себебі, ұрыс тау-тастың арасында жүріп жатқан еді. Оның үстіне, нақтылау барысында, біздің жауынгерлер мен жаудың арасында небары 100-120 метр жер ғана қалғандығы айқындалады. Мұндайда жағдай күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Әр минут, секундты жіберіп алуға болмайды. Ашық-жарықта құтқару қажет.
Тұрар Нұрғалиев әуеден бомбалап, өздеріне жақындап қалған жауды тас қалқалаған арнайы мақсаттағы жасақтан алыстатуды ұйғарады. «Ми-24» тікұшақтары 1-1,5 шақырымдық биіктен шабуылдайды. Бірінші қатар бомбаларды жауынгерлерден 100 метр жерге «төгеді». Одан кейін бомбалар алғашқы қатардан 10-15 метр әріге тасталады. Осылайша 20-дан астам тікұшақ бірінен соң бірі әуеден тап-тап беріп, ұрыс салады. Бұған шыдамаған дұшпандар кері шегінуге мәжбүр болады.
Бұл уақытта «Ми-8» тікұшақтарының десанттық тобы жасырынған жасаққа жақын жерге қонады. Бұл кезде командир Нұрғалиев төменде тікұшақтарға жауынгерлердің жер бауырлап, ақырын жылжып бара жатқанын байқайды. Шамасы олар дүлей дауыл көтеріп, айналаны ұйқы-тұйқы еткен тікұшақтардың алапат қалақшаларынан қаймықса керек. Ешқайсысы бастарын көтермейді. Рация арқылы «Жүгіріңдер!» деп бұйрық береді.
Тағы бір аң-таң қылғаны, құтқарушы әуе көліктеріне жеткен алғашқы сарбаздардың өздері дереу секіріп мінудің орнына, тікұшақтың қалқасына жасырынып, жолдастарын күтіп тұрған. Ал, ұшқыштарға олардың кабинаға көтерілуін күтіп, оқ астында бастарын қатерге тігуіне тура келген. Құтқару операциясы табысты аяқталған соң, Тұрар Сапарғалиұлы арнайы мақсаттағы әскер жауынгерлерімен жүздесіп, жіберген қателіктерін көрсетіп, ондай қиын шақтарда не істеу керектігін тыңғылықты түсіндіреді.
«Тікұшақ сырты сенімді қалқан бола алмайды. Кез келген уақытта әр тараптан атылатын оқ іліп кетуі мүмкін. Мұндайды Вьетнамда америкалық солдаттар бастан кешірді. Сондықтан бауырмен жорғаламай, атып тұрып, мейлінше тез, жанталаса ілгері жүгіру керек. Қорқу жөнсіз. Біз онсыз да аспаннан «Ми-24»-термен жауды жайратып, сендерге жібермей тұрдық. Ал, әуе көлігіне жете салысымен, қарғып мініп, тікұшақпен әуеге көтеріліп кету қажет. Ұрыста барлығы тез әрі сауатты жасалуы тиіс. Бұл – соғыстың заңы!», – дейді қатқыл үнмен қадай сөйлеп.
Бұл өнегелі сабақтар кейін талай жауынгердің өмірін сақтап қалғаны сөзсіз. Мұндай білікті командирлердің арқасында, әскерлер арасындағы өзара әрекеттестік мәселелері жеріне жеткізіле пысықталып, жетілдірілді. Бұл өте маңызды болатын. Өйткені Ауған даласындағы қанды қырғындарда шыңдалып, жаумен арпалысудың айла-амалдарын меңгерген командирлер артынша Отанға оралып, оларды ауыстыруға соғыс тәжірибесі жоқ офицерлер келіп жататын. Әскерде қалыптасқан тәжірибе болмаса, бәрін тақырдан қайта бастауға тура келеді. Ал моджахедтер ешқайда кетпей, өз жерінде жыл өткен сайын тісқаққан, айлалы, әрі алғыр да айбынды бола түседі.
Ауғанстанда шайқасқан сардар-офицерлер екі оттың ортасында қалды. Олай дейтінміз, бір жағынан, душмандар тәжірибелері толыса түсіп, қарулану деңгейі де жақсара берсе, екіншіден, Кеңес Одағының басшылығы әскери шығындар үшін командирлерді қатаңырақ жазалауға кіріскен болатын. Аттандырылған әскери қызметшілерге қатысты қоғамдық қысым да күшейді. 1984 жылға қарай Одақта АДР-да қаза тапқан солдаттар аналарының қуатты қозғалысы қанат жайды. Бұған қоса шетелдік ақпарат құралдары соғыс алаңындағы жағдай жөнінде бүкіл жаһанға жария етіп, күні-түні хабар таратумен болды. Мұның барлығы КОКП ОК-ның КСРО Қорғаныс министрлігінен сұрауды қатайтуына алып келді.
КСРО Қорғаныс министрлігіндегі генералдар көп шығынға ұшыраған командирлердің партбилетін тартып алып, қызметінен қуудан басқа ештеңе таба алмады.
Бұл күндер туралы кейіпкеріміз: «Бұл жағдайға ай сайынғы есептік әскери кеңестерде куә болдым», – деп еске алады: «Полк пен бригадалардың бірқатар командирлері мінберге еңсесі түсіп, басы салбыраған күйде көтерілетін. Себебі олар алдыңғы айға қарағанда, өткен айда «адами шығынның» өскендігін және оның себептерін баяндауға мәжбүр. Жолай командирлер әскери кеңес алдындағы үстелге партиялық билеттерін қояды. Және сол партбилеттер баяндамадан кейін барлығына бірдей қайтарылмайды. Ал, бұл билет иесінің дереу қызметінен алынатындығын және Кеңес Одағына оралған соң, әскери мансап пен перспективадан айырылатындығын білдіреді», – дейді.
Бұл жағдай ақырында бірқатар командирлердің әскери қимылдарды тиюына әкеліп соқтырды. Олар салмақты қарсыласпен және душмандардың ірі құрылымдарымен ұрысқа килікпеуге тырысатын. Сөйтіп, екі жыл шыдай тұруды, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, аман-есен Одаққа қайтып кетуді көздейтін. Тұрар алда не күтіп тұрғанын біле тұра, олай етуден бойын аулақ салды. Намысын қайшылап, «Арыс азамат болсаң, қару ұстап, жауға шап!» деген баба өсиетін ұстанды. Бұл тұста Кеңес әскерилерінің әрекетсіздігі, шарасыздығын көрген жау тым еркінсіп, шектен шыға бастаған. Одан жергілікті жұртшылық та зардап шекті. Тұтас қышлақтар, тіпті аудандар тұрғындарын қырып кеткен жағдайлар кездесті. Олардың бар болғаны Ауғанстанның ресми өкіметін мойындап, солардың жағына өткендігі үшін айтыпты еді. Дұшпандар Ауғанстан Демократиялық республикасының Үкіметін қолдаған елді мекендерді жою бойынша «көрнекті» жазалау ісін ашық түрде өткізетін күйге жетті. Осындай күндердің бірінде Т.Нұрғалиевке бұрынғы танысы әрі серіктесі, ендігі подполковник шеніндегі бірінші Бас барлау басқармасы бастығы А.Бакуров келеді. Өздеріне АДР жағына өткен қышлақтардың бірінің жетекшісі мұң-зарымен бөлісіп, көмек сұрап жүгінгенін жеткізеді. Шағымданушының ақпарынша, сол түні Пәкістаннан М.Ю.Халес бастаған топ келіп, өзгелерге сабақ болуы үшін оны және ауыл тұрғындарын өлім жазасына кесу шарасын жүзеге асырмақ.
Халес – 1975 жылы құрылған Ауғанстан Ислам партиясының басшысы Г.Хекматьярдың орынбасары. Кейін, 1979 жылы одан бөлініп шығады. Кеңес әскері мен Ауғанстанның ресми билігіне қарсы соғысушылар арасында үлкен беделге ие. А.Бакуров әлгі қышлақ басшысын жақын таниды, құрметтеп, жақсы араласып тұрады. Тұрардан жәрдем сұрауға жөнелген.
Т.Нұрғалиев түнде Халес пен оның әскери тобы мінген машиналар колоннасына әуеден соққы беруді ұсынады. А.Бакуров қызу қолдайды. Екеуі жендеттер көліктерінің жүретін жолы, келетін уақытын мұқият нақтылап, операцияның жөн-жобасын сызады.
Тұрар эскадрилья командирлерімен қоса, түнде ұшуға машықтанған ұшқыштардың айрықша тобынан экипаж сайлап, белгіленген уақытта әуеге көтеріледі. Бұл кезде авиаполк жау базаларына түнгі бомбалау-шабуылдау соққыларын жасауда мол тәжірибе жинап үлгерген болатын. Подполковник А.Бакуров Т.Нұрғалиев «қырандары» бұған дейін түнгі бомбалауларымен дұшпандарды әбден зәрезап етіп, зығырданын қайнататынынан хабардар еді. Түнде дамыл бермей шығын шектірген тікұшақтарды қарсыластар жойып жіберейін десе, қараңғыда жарығын жақпағандықтан атып түсіру мүмкіндігі жоққа тән.
Есептік уақытта Тұрар мінген, жарықтандырушы «САБ-100» және «ОРАБ-100» бөлшектелген көлік бомбалары тиелген «Ми-8» тікұшақтар тобы соққы жасауға ыңғайлы орынға жетеді. Біршама уақыттан соң сол тұсқа Хелес пен оның қарақшылары отырған оннан астам автомобильдер колоннасы таяйды. Осы мезетте тікұшақтар жарықтандырушы бомбалар көмегімен оларды дәлдей көздеп, төбелерінен ОРАБ-100 бомбаларын тастайды. Солардың бірі бірінші жеңіл көлікке тиіп, жарып жібереді. Тұрарлар көкке ұшқан сол көлікте Хелестің өзі болды деп топшылағанымен, кейін анықталғанындай, ол осы уақытта екінші машинаға ауысып үлгерген екен. Әуе соққыларынан аман қалған санаулы көлік дереу кері бұрылып, келген жақтарына қарай тартады. Осылайша аман қалған қышлақ тұрғындары мен оның жетекшісі А.Бакуровқа алғыстарын жаудырған көрінеді. Ол тұрғындардың ризашылығын Т.Нұрғалиевке жеткізеді. Бір ғажабы, А.Бакуровтың айтуынша, Халес сол оқиғадан қатты шошынып, ұзақ уақыт бойы ауған жеріне аяқ баспай қойыпты.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
«Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы