Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% көлемінде қалдырды
Фото:freepik.comҚазақстанда базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды: Ұлттық Банк инфляция баяулағанына қарамастан, негізгі ставканы жылдық 18% деңгейінде сақтап, экономиканы тежейтін қатаң саясаттан әзірге бас тартпады. Шешім инфляция әлі де жоғары болғандықтан қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, елдегі инфляция біршама баяулаған. 2026 жылғы наурызда бағаның жылдық өсімі 11% болды (ақпанда – 11,7%). Бағаның өсуі, әсіресе азық-түлік, тауарлар және қызметтер саласында байқалады, бірақ бұрынғыдан сәл төмендеген.
Мамандардың айтуынша, инфляцияның баяулауына қатаң ақша саясаты, теңгенің тұрақтануы және халықтың несие алуының азаюы әсер еткен. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасын уақытша өсірмеу де көмектесті.
Айлық инфляция да төмендеді. Наурызда 0,6% болды (ақпанда – 1,1%). Бірақ баға әлі де жоғары өсіп жатыр, сондықтан Ұлттық Банк мөлшерлемені төмендетуге асықпай отыр. Халықтың баға өседі деген күтуі де жоғары, шамамен 14,6%. Ал сарапшылар жыл соңында инфляция 10% шамасында болады деп отыр.
Сыртқы жағдай да әсер етіп отыр. Әлемде, әсіресе Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты энергия мен азық-түлік қымбаттап жатыр. Өзгеріс Қазақстанға да әсер етуі мүмкін.
Жалпы, экономика тұрақты өсіп келеді. Мәселен, алғашқы үш айда өсім 3% болды. Әсіресе құрылыс, сауда және өндіріс салалары жақсы дамып жатыр. Ұлттық Банк алдағы уақытта жағдай жақсарса, базалық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін. Бірақ әзірге инфляция толық тұрақталмағандықтан, қазіргі деңгей сақталып отыр. Келесі шешім 2026 жылғы 5 маусымда жарияланады.
Еске салсақ, бұған дейін 1 шілдеден бастап Қазақстанда ипотека рәсімдеу қиындайтыны туралы жазған едік. Енді банктер қарыз алушыларды қатаңырақ бағалай бастайды, сонымен қатар мөлшерлемелер мен төлем қабілетін есептеу тәсілі күшейтіледі. Тағы бір маңызды өзгеріс: банктер зейнетақы аударымдары арқылы расталған ресми табыстарды ғана есепке алады. Сонымен қатар енді табысты растаусыз немесе қосымша кепілсіз ипотека берілмейді.









