Төлем жасауға арналған бірыңғай QR-код қашан іске қосылады?
Қазақстанда түрлі банк арасындағы төлемдерге арналған бірыңғай QR-код қашан іске қосылады? Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қазақстандық банктер бірыңғай QR-кодты қосуды неге әлі күнге дейін созып келеді және ол қашан іске қосылады?" - деп сұрады журналистер Ұлттық банкте өткен брифингте.
Сүлейменовтің айтуынша, барлық банк қажетті құжаттарға қол қойған. Енді жүйенің жұмысын бастау үшін техникалық мәселелерді шешу ғана қалды.
"Созып жатыр деген... Бұны әдейі істеп жатқандай көрінуі мүмкін. Бұл процесті егжей-тегжейлі зерделедік. Бұл мәселемен жеке командамыз айналысып жатыр. Банктер өз экожүйесінде, осы QR-төлемдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке құралдарына, технологияларына айтарлықтай қомақты инвестиция салған. Енді сол жүйелердің қауіпсіздік шеңберінде бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Бұл белгілі бір уақытты алады. Жазға қарай бұл жүйенің іс жүзінде жұмыс істей бастағанымен көпшілікті қуанта аламыз деп үміттенеміз", - деп жауап берді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы бірыңғай QR-код осы жылдың шілде айында іске қосылуы мүмкін екенін нақтылады. Дегенмен бұл одан ертерек те болуы ықтимал.
Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Ұлттық банк бірыңғай QR-код жүйесі 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңында толық іске қосылады деп жоспарланғанын хабарлаған.










