Патриоттық тәрбие – тәрбие негізі
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында «Патриоттық тәрбие – тәрбие негізі» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өткізілді.
Шарада Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін 1 минут үндіздік жарияланды. 1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығын тұтастай алғанда, КСРО-ның 620 мың азаматы Ауғанстан Республикасының территориясында әскери қызметте болды. Соның ішінде Кеңес Қарулы күштері шекара және ішкі әскерлерін қоса есептегенде 14 453 адамынан айырылды. 22 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 761-і қаза тапты. Соның ішінде Қазалы ауданынан Ауғанстан жеріне 66 жауынгер әскери борышын өтеуге аттанып, 2 адам мерт болды. Қазіргі уақытта соғыстан оралған 64 әскери жауынгердің 28-і Қазалы аудандық комиссариаттың есебінде тұрады. Ерлік көрсеткен бес жауынгер «Қызыл Жұлдыз» орденімен және он жауынгер «ауған халқының интернационалист-жауынгерлерге алғысы», төрт жауынгер «ерлігі үшін» және бес жауынгер «Ауған соғысының ардагері» медалдарымен марапатталған. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған жауынгерлер Қуаныш Ибраймов пен Сәндібек Инабатов ауған жерінде әскери міндетін өтеу кезінде ұрыс даласында қаза тапты.
Кездесу барысында Ауған соғысы жайында Қазалы аудандық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер Одағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Әлиев пен ауған соғысы ардагерлері Ж.Алмағамбетов, Б.Өмірзақов, Қ.Илясов, Ж.Жолтаев ағаларымыз біздің кітап бетінен ғана оқып білген Ауған соғысы жайлы өз көздерімен көрген, бастан кешкен оқиғаларын айтып, жастардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Олар жастарды бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды. Сонымен қатар,Қазалы қаласы әкімдігінің бас маманы Олжас Алдоңғаров сөз алып, елін сүйетін патриот жастардың көп болуын тіледі.
Сондай-ақ, қонақтар Ауған жеріндегі шайқас жайлы видеоролик және «Ауған ақиқаты» атты виртуалды көрмемен танысып, қалалық мәдениет Үйінің қызметкері Е.Айдаровтың термесі мен М.Горький атындағы №16 мектеп-лицей оқушыларының өлең-жырларын тыңдады. Шара соңында музей меңгерушісі Роза Шорақызы шараға келген қонақтарға игі тілегін білдіріп, музей қызметкерлерінің жинақтауымен баспадан шыққан «Ғани тағылымы» атты жинақты сыйға берді.
Әлібек СЕРАЛЫ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің
ғылыми қызметкері
Әлібек СЕРАЛЫ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің
ғылыми қызметкері