Кейбір отбасылар неге бала сүйе алмай жүр? – маман жауабы

Соңғы жылдары бедеулік пен белсіздік көрсеткіші күрт артты. Бұл тек медициналық емес, демографиялық дабылға айналды. Акушер-гинеколог Айтолқын Әшірбекова бедеуліктің нақты себептерін атап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Акушер-гинеколог Айтолқын Әшірбекованың айтуынша, ерлі-зайыптылардың бала көтере алмауына ең алдымен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) себеп болады.
Хламидиоз, уреаплазма, микоплазма, герпес, гонорея секілді инфекциялар көп жағдайда симптомсыз өтеді. Бірақ бұл аурулар жатыр түтікшелері мен аналық безге, сондай-ақ ерлердің ұрық жүйесіне зиян келтіреді. Ерте жыныстық қатынас және қорғанышсыз байланыс та үлкен қауіп тудырады, – дейді ол.
Маман бедеулікке итермелейтін тағы бір басты фактор ретінде қате өмір салтын атап өтті. Стресс, қимылсыз өмір, фастфуд пен трансмайлар гормон жүйесін бұзады. Ал темекі мен алкоголь — ерлердің сперматогенезіне, әйелдердің овуляциясына тікелей кері әсер етеді.
Қазір адамдар смартфон мен ноутбукты өте жиі пайдаланады. Оларды қалтада немесе тізеде ұстау – ұрық жасушасына жылу мен электромагниттік әсер береді, бұл әсіресе ер адамдардың репродуктивті денсаулығына зиян, – дейді дәрігер.
Сонымен бірге созылмалы стресс пен ұйқы тапшылығы кортизол мөлшерін арттырып, жыныстық гормондардың теңсіздігіне әкеледі. Ұйқысыздық әйелдердің етеккір циклін, ал ерлердің либидосын әлсіретеді.
Айтолқын Әшірбекова қазіргі қоғамда отбасын кеш құру да елеулі проблема екенін айтады.
30 жастан кейін әйелдердің овуляция мүмкіндігі күрт төмендейді, ал ерлерде де жас ұлғайған сайын ұрық сапасы мен генетикалық мутация артады, – дейді маман.
Тағы бір алаңдататын жайт – контрацептивтер мен түсіктің теріс әсері. Кейбір әйелдер өз бетінше гормондық дәрі ішеді немесе бірнеше рет түсік жасатады. Бұл жатыр ішінің қабынуына және гормондық бұзылуға соқтырады.
Соңғы орында – экология мен уланған орта. Ауаның, судың және тамақтың ластануы, әсіресе пестицидтер мен химиялық заттар ер адамдардың ұрық сапасын төмендетіп отыр.
Бедеулік – тек медициналық мәселе емес. Бұл отбасылық, тіпті ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға айналды, – деді дәрігер.